"Армения Еуропа одағына кіру не Еуразия экономика одағында қалу туралы мәселені кезектен тыс референдумда шешуі керек". Бұл туралы Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан басшыларының Астанада өткен Еуразия экономика кеңесінде қабылдаған мәлімдемесінде айтылады. Астанадағы мәлімдеме Арменияға қысым ба әлде ескерту ме?
Мамыр басында Арменияда Еуропа лидерлері қатысқан саммит өткеннен кейін Владимир Путин Ереванды "жағдайды ушықтырмауға" шақырып, Арменияның Еуроодаққа қосылуы немесе ЕАЭО-дан шығу мәселесі референдум арқылы шешілуі керек деген. Астанада қабылданған мәлімдеме де Путиннің сөзімен үндес. Ал 1 маусымда Армения премьері Никол Пашинян Астанада қабылданған мәлімдемеге жауап беріп, "Ереван Еуразия экономика одағында қала беретінін" айтты. Ол "Еуропа одағы мен Еуразия экономика одағының бірін таңдауға тура келсе, шешім әлбетте референдум арқылы қабылданады" деді.
Азаттық Мәскеу мен Ереван арасындағы мәселені, Еуразия экономика кеңесінде жасалған мәлімдемені Прагада тұратын саясаттанушы Иван Преображенскиймен талқылады.
Азаттық: Астанада өткен Еуразия экономика кеңесінен кейін Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және Беларусьтың авторитар басшысы Александр Лукашенконың Арменияға жасаған мәлімдемесін қалай бағалайсыз? Бұл саяси қысым емес пе?
Иван Преображенский: Бұл мәлімдеме – Армения билігіне жасалған саяси қысым және қысым ішінара сәтті болды. Себебі бүгін (1 маусымда) Никол Пашинян Армения ЕО мен ЕАЭО арасында радикалды таңдау болмайынша, мұндай қадам жасамайтынын, егер жасаудан басқа амал қалмаса, елде референдум өтетінін айтты. Яғни, Кремль осыны талап еткен. Бұған қоса, Владимир Путин Никол Пашинянға хабарласып, туған күнімен құттықтағаны жайлы жаңалық шықты. Ресми хабарға сенсек, екеуі басқа ештеңе айтпаған. Бірақ бұл жаңағы қысымның бір бөлігі. Референдум қазір өтпесе де, болашақта өтуі де мүмкін. Дегенмен қазір Пашинян Кремльге сәл де болсын жол берді.
Бұған қоса, мәлімдеме – ЕАЭО-ны саяси құрал ретінде пайдалану. Украинада да жағдай осылай басталған. Соғыс басталмай тұрып, тіпті Ресей Қырымды аннексияламай тұрып Путин "Киев Еуропа одағына бет бұрса, Украина жалпы ішкі өнімінің қанша пайызын жоғалтатынын" айта бастады. 2013-2014 жылы Украинаның ресейшіл президенті Виктор Януковичке қысым жасай бастады. Мұның соңы Украина үшіннемен аяқталғанын бәріміз білеміз. Яғни, Ресей саяси қысым нәтиже бермесе әскери күшке көшетінін де көрдік. Дегенмен Армения Ресеймен шекараласпайды. Армения аумағында Ресейдің бір әскери базасы бар, бірақ бұл база Ресейдің әскеи үстемдігін толық қамтамасыз ете алмай отыр. Алайда Кремль Армения басшылығына мәселе туындатуға қауқарлы.
Азаттық: Бір елге референдум өткізу туралы ұсыныс айту алдағы уақытта саяси прецедентке айналып кетпей ме?
Иван Преображенский: Мысалы, Қазақстанның Түркиямен жүргізіп жатқан интеграциялық процестеріне не басқа елдерімен байланысына Ресей мәлімдеме жасап, басқа елдермен экономикалық интеграция Еуразия экономика одағының талабы мен ережесіне қарсы деуі мүмкін. Осылайша Қазақстаннан да радикалды таңдау жасауды талап етуі мүмкін. Бір жағынан, бұл Ресейге тиімсіз. Себебі қазіргі жағдайға байланысты Ресейді таңдайтың ел азайып барады. Бірақ Кремль Қазақстанға АЭС құрылысына келгенде "өз дегенін" жасай білді. Басында Ресей АЭС құрылысында консорциум мүшесі болатыны айтылған. Осындай жайттарды сараласақ, қазір Ресейдің қолында Қазақстанға ықпал ету құралдары бар.
Азаттық: Алдағы уақытта жағдай ушықса, Кремль Орталық Азия елдерінің Армениямен қарым-қатынасына араласуы мүмкін бе?
Иван Преображенский: Меніңше, қазір Ресей Еуразия экономика одағының ішіндегі елдердің бір-бірімен қарым-қатынасын толық бақылай алмайды. Бірақ ашық мәлімдемелермен кедергі жасауға тырысуы мүмкін. Алайда Кремль Орталық Азия елдерін Арменияға қарсы тауар блокадасына қосылуға мәжбүрлей де алмайды. Себебі бұдан пайда жоқ. Армения қазір Әзербайжан және Армениямен сауда-экономикалық байланысты қалпына келтіріп жатыр. Тіпті Ресей тарапынан кедергі болғанның өзінде Орталық Азия мен Армения тауарлары бір-біріне Түркия арқылы келетін еді.