Accessibility links

Ереван Еуропа одағымен ірі саммит өткізді. Армения Батысқа толық бет бұра ма?

Еуропа лидерлері мен Армения премьері Никол Пашинян Ереванда. 4 мамыр, 2026 жыл.
Еуропа лидерлері мен Армения премьері Никол Пашинян Ереванда. 4 мамыр, 2026 жыл.

Ресеймен бірге Еуразия экономика одағына мүше болып отырған Армения Еуропаға бет бұрып жатыр. Ереванда тұңғыш рет Еуроодақ – Армения саммиті өтті. Жиынға Еуропа одағы лидерлері қатысты. Бұл саммиттің Армения үшін маңызы қандай? Еуразия экономика одағы құрамындағы елдің Еуропамен жақындасуы аймақтағы өзге елдердің саясатына қалай әсер етеді?

ЕО АРМЕНИЯНЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАМАҚ

ЕО – Армения саммиті Ереван Мәскеудің ықпалын азайтуға тырысып жатқан тұста өтті. Бұған қоса, Армения Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан шығу жайлы жиі айтып келеді. Еревандағы жиында Еуропа одағы Армениямен қарым-қатынасты нығайтып, елдің тәуелсіздігін, тұрақтылығын және реформаларын қолдауға дайын екенін мәлімдеді.

5 мамырда Еревандағы саммитте Еуропа одағы (ЕО) Армения экономикасына 2,5 млрд еуро құю жоспарын жариялады. Сондай-ақ тараптар виза режимін жеңілдету жөнінде де келіссөз бастаған.

"Еуропа Одағы мен Армения серіктестігінің жаңа миссиясы дағдарысқа әрекет ету потенциалын күшейтіп, елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге негізделмек" дейді Еуропа кеңесінің төрағасы Антонио Коста.

ЕО Арменияның экономикасына 2,5 млрд еуро құймақшы әрі әскері мен қауіпсіздігіне де көңіл бөлмек.

"Еуропаның бейбітшілік қоры аясында Арменияның қарулы күштерін қолдаймыз деп келістік. Алайда Армения шетелден келетін ақпараттық манипуляциялар, киберқауіп пен сырттан араласуға қарсы тұруға міндетті. Біздің жаңа серіктестік миссиямыз Ереванға дәл осы киберқауіптермен және жалған ақпаратпен күресуге қолдау болмақ" деді Еуропа комиссиясының төрайымы Фон дер Ляйен.

Франция президенті Макрон (сол жақта) мен Армения премьері Пашинян (оң жақта). Ереван. 4 мамыр 2026 жыл.
Франция президенті Макрон (сол жақта) мен Армения премьері Пашинян (оң жақта). Ереван. 4 мамыр 2026 жыл.

ЕО-Армения саммиті алдында, 4 мамырда Ереванда Еуропа саяси қауымдастығының кезекті саммиті де өткен. Жиынға 30-дан астам мемлекеттің басшылары қатысып, Еуропадағы қауіпсіздік, Украинадағы соғыс, әскери қолдау, Ресейге қатысты стратегия, энергетика және экономикалық қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Сол жиында Франция президенті Эммануэль Макрон Батыс елдерін Ресей ықпалынан шығып, Еуропаға бет бұрған Ереванды қолдауға үндеді.

"Армения бұрынғыдай Ресейдің қол астында немесе ықпалында болса, 40-тан астам елдің көшбасшысы қатысқан бүгінгі кездесу өтпес еді. Белгілі бір деңгейде, Армения – геосаяси тұрғыдан көпшілік жағына шығып, шектеуден арылуды жөн көрді. Еуропаға бет бұрды. Мұны елемеуге болмайды. Армения – бейбітшілікті, ұзақ мерзімді тұрақтылық пен дамуды қалап отыр. Бұл жолда ол Франция сияқты сенімді серіктесті таңдады. Тәжірибе көрсеткендей, қазіргі геосаяси жағдайда Ресейге аса тәуелді болмау – дұрыс шешім", деді Макрон.

ПУТИННІҢ ЕСКЕРТУІ МЕН ЕРЕВАННЫҢ ӨКПЕСІ

Биыл 1 сәуірде Ресей президенті Владимир Путин Армения премьері Никол Пашинянды Мәскеуде қабылдаған. Кездесу барысында тараптар Ресей мен Армения арасындағы экономикалық және дипломатиялық байланыстарды талқылаған. Сол кезде Путин Ереванның Еуразия экономика одағына мүше бола тұра Еуропа Одағымен ықпалдасу мүмкіндігін қарап жатқанын "бір-біріне қайшы әрекет" деп ескерткен еді.

"Арменияда Еуропа Одағымен қарым-қатынасты дамыту жөнінде талқы жүріп жатқанын білеміз. Бұған байыппен қараймыз. Кез келген мемлекет үшінші елдермен ынтымақтастықтан барынша пайда табуға ұмтылатыны заңды. Алайда бұл үрдіс ашық әрі адал жүргізілуге тиіс. Ең бастысы, басынан бастап бәрі анық айтылуы керек. Өйткені Еуропа Одағымен қатар Еуразия экономика одағы құрамында болу мүмкін емес" деп мәлімдеген Путин сол кезде.

Пашинян мен Путин Арменияның Еуропа одағына кіру мүмкіндігін талқылады Пашинян мен Путин Арменияның Еуропа одағына кіру мүмкіндігін талқылады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:23 0:00

ТМД және Еуразия экономика одағына мүше Армения ұзақ уақыт Ресейдің ең жақын одақтасының бірі болып келді. Армения сыртқы саудасының 45 пайызы Ресейге тиесілі. 2022 жылы жағдай күрт өзгерді. Қыркүйекте Армения-Әзербайжан шекарасында қарулы қақтығыс болып, ондаған адам қаза тапты. Осы оқиғадан кейін Никол Пашинян Ресейдің ықпалы басым Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына жүгініп, көмек сұраған. Бірақ ұйым жанжалды "саяси-дипломатиялық жолмен шешуді" қолдап, әскер жіберуден бас тартқан. Осыдан соң ресми Ереван мен Мәскеу арасы суыды.

Әуелі Армения бірлескен әскери жаттуғылардан бас тартты, ал 2024 жылы ҰҚШҰ-дағы жұмысын уақытша тоқтатты. Батысқа бет бұруының дәлелі ретінде былтыр Армения үкіметі Еуроодаққа кіру процесін бастайтын заң жобасын мақұлдаған.

ЕУРОПА ОДАҒЫМЕН САММИТ АРМЕНИЯҒА НЕ БЕРЕДІ?

Бұрынғы дипломат, сыртқы істер министрлігінің ТМД-Орталық Азия департаментіне қызмет істеген Жарас Ормантай Ереван Ресеймен байланысты толық үзуі екіталай деп санайды.

– Себебі экономикалық жағынан Ресейге өте тәуелді. Мысалы, Армения газдың 90 пайызын Ресейден алып отыр. Себебі Арменияға бағасы тиімді. Сыртқы сауданың үштен бір бөлігі Ресейге тәуелді, – деді Ормантай Азаттыққа берген сұхбатында. – Бірақ 2020 жылғы Таулы Қарабақтағы соғыстан соң Ресей Армения үшін қауіпсіздік кепілі ретіндегі рөлінен айрылды. Мәскеу соғыста Арменияға көмектеспеді. Сондықтан Армения қауіпсіздікке келгенде Ресейге иек артпайды. Бұл үлкен өзгеріске себеп болды және нәтижесін енді көріп жатырмыз. Қазіргі саммит сол соғыстың салдарының бір нәтижесі деуге болады.

Азаттық: Ереван Таулы Қарабақтағы соғыстан соң ҰҚШҰ-ға мүшелігін уақытша тоқтатты. Ал іс жүзінде Мәскеу Армениядағы ықпалынан айырылғысы келе ме?

Жарас Ормантай: Әрине, айырылғысы келмейді. Бірақ бұл ниеттің емес, мүмкіндіктің мәселесі. Себебі қазір Кремльдің бүкіл ресурсы, әскері, экономикасы Украинадағы соғысқа кетіп жатыр. Сондықтан Кремль қазір нақты қадамдарға бара алмай жатыр. Арменияда парламент сайлау болады, бұл өте маңызды. Сайлау қарсаңында саммит болып жатқанының себебі – қазіргі үкіметтің сыртқы саяси бағытын көрсету, Батыстың қолдауын көрсету үшін өткізіліп жатыр. Еуропа одағы-Армения саммиті – өте маңызды платформа. Мысалы, Еуропа одағы мен Қазақстан арасында мұндай жеке платформа жоқ. Біздің әріптестігіміз Еуропа одағы – Орталық Азия форматында өтеді. Әрине, екі жақты қатынасымыз бар, бірақ мынандай жеке форматта емес. Демек Еуроодақтың Арменияға қатысты ерекше көзқарасы барын көріп отырмыз. Сондықтан екі күндік саммиттің нәтижелері Арменияның болашақ қадамдары үшін өте маңызды.

Азаттық: Армения – шағын, халқы аз ел. Стратегиялық тұрғыдан Ресей үшін бұл елдің геосаяси маңызы қандай?

Жарас Ормантай: Армения – Оңтүстік Кавказдағы Ресейдің ең соңғы тірегі деп айтуға болады. Сондықтан Армения Мәскеу үшін геосаясат жағынан өте маңызды. Қазір Гюмриде Ресейдің әскери базасы тұр. Сол базаның болашағы күмәнді, себебі Еуропа одағы евроинтеграция үдерісін жалғастыру үшін Ресейдің базасын елден шығаруды талап етуі мүмкін. Мұны уақыт көрсетеді, бірақ бұл Ереван үшін саяси сұрақ әрі саяси дилемма болады.

Азаттық: Арменияның Еуропа одағымен ірі саммит өткізуі Орталық Азияға қалай әсер етеді? Орталық Азияның алдағы саяси бағытына ықпалы бола ма?

Жарас Ормантай: Орталық Азияға ықпал етеді. Қазір Армения Кремльден алыстау үрдісінің пионері сияқты. Ал бұл процестің өзі Орталық Азия елдерінің болашақ саясатына әсері болады. Себебі бізге бұл бір сабақ әрі үлгі болуы мүмкін. Бірақ Орталық Азия елдері Армения жолымен жүре алмайды. Оның себептері бар. Алайда үлгі ретінде қарастырады. Сондықтан қазір барлық елдің назары осы Ереванда болып отыр.

Айдар
XS
SM
MD
LG