Accessibility links

ЕО Ресейдің экономикалық қысымына ұшыраған Арменияға қаржылай көмек көрсетпек

Армения премьері Никол Пашинян (сол жақта) Еуропа кеңесінің басшысы Антониу Кошта (ортада) мен Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйенді (оң жақта) Ераеванда қабылдаған сәт. 5 мамыр 2026 жыл.
Армения премьері Никол Пашинян (сол жақта) Еуропа кеңесінің басшысы Антониу Кошта (ортада) мен Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйенді (оң жақта) Ераеванда қабылдаған сәт. 5 мамыр 2026 жыл.

Еуропа одағы Ресейдің экономикалық қысымына ұшыраған Арменияға көмек көрсетеді. Көмек аясында Арменияға 50 миллион еуродан аса қаржы беріледі. Бұл туралы Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді.

"Мәскеу Армения тауарларының экспортын шектеу арқылы экономикалық қарым-қатынасты қару ретінде пайдаланып отыр. Бұл сценарий бізге жақсы таныс. Міне, сондықтан Еуропа Арменияның жағында" деді фон дер Ляйен Армения премьері Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлескен соң.

Еуропа одағы Армения тауарларын Еуропа нарығына өткізуді жеңілдету жолдарын қарастырмақ.

7 мамырда Арменияда парламент сайлауы өтеді. Бұл науқан алдында Ресей мен Армения арасы суыды. Ресей билігі Пашинян Арменияны Еуропа одағына қоспақ деп айыптайды. Мәскеу қысым ретінде Армениядан келетін гүл, минералды су, жеміс-жидек, алма, балық, арақ-шарапты Ресей аумағына кіргізуге тыйым салды.

Бұған дейін Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан басшылары Армения Еуропа одағына кіруді, Еуразия экономика одағынан (ЕАЭО) шығуды жоспарласа референдум өткізсін деп мәлімдеме жасаған. Пашинян "Армения ЕАЭО-дан шықпайтынын, референдум қажет болса ғана өтетінін" айтқан.


XS
SM
MD
LG