Accessibility links

Тоқаев рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды. Рақымшылыққа 15 мыңнан аса адам ілінбек

Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды

Құжатқа сәйкес, рақымшылыққа 15 мыңнан астам адам ілінбек. 4,5 мың адам қылмыстық жауапкершілік пен жазадан босатылуы ықтимал. Одан бөлек, 10,8 мыңының жазасы қысқартылады.

Бұған қоса, алғаш рет әкімшілік істер бойынша жауапқа тартылған азаматтарға да рақымшылық жасалмақ. Заң аясында 1 млн құқық бұзушылық бойынша шамамен 17 млрд теңге айыппұл кешірілмек. Арасында жол ережесін бұзғандардың айыппұлдары да бар. Мәселе заң күшіне енгенге дейін орындалмаған және өкілетті органдардың құзырына кіретін айыппұлдар жөнінде болып отыр. Ал сот салған айыппұлдар кешірілмейді.

Рақымшылыққа ілінгендер арасында жеңіл немесе орташа ауыр қылмыс жасағандар немесе келтірген шығын көлемін толық өтеген ауыр немесе өте ауыр қылмыс жасағандар кіреді. Кейбірі қамаудан толық босатылады, кейбірінің жазасы қысқартылады.

Терроризм, экстремизм, жемқорлық, ұйымдасқан қылмыстық топ, азаптау, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық жасау бойынша сотталғандар, өмір бойы сотталғандар рақымшылыққа ілінбейді.

Қазақстанның тәуелсіз тарихында 12 рақымшылық болған. Соңғы рет ірі рақымшылық былтыр Конституцияның 30-жылдығына орай жарияланып, шамамен 15 мың адам ілінді.

2022 жылы қарашада Қаңтар оқиғасына қатысушыларға қатысты тағы бір шағын рақымшылық жүргізілді.

XS
SM
MD
LG