Accessibility links

Депутат Ринат Зайыт "жалған ақпарат тарату" бабымен істі болғандарға рақымшылық танытуға шақырды

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ринат Зайыт
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ринат Зайыт

Парламент мәжілісінің депутаты Ринат Зайыт Қылмыстық кодекстің 274-бабы ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") бойынша айыпталғандарға рақымшылық жасауды қарастыруға шақырды.

"Осы жерде парламент, мәжіліс өз ықпалын көрсетіп, мемлекеттің һәм мемлекет басшысының халықаралық деңгейде беделін арттыруға мүмкіндік туып тұр. Сондықтан, құрметті әріптестер, жалғыз сұрайтыным (ішкені, басқасы, ешкімге емес): бізде бір өкінішті жағдай бар – әлеуметтік желіде комментарий жазғаны үшін сотталып жатқан адамдар бар, мен осы жерде барлық әріптестерімнен жалынып тұрып сұраймын, осы мәселені, әсіресе мына 274-баппен жауапқа тартылған адамдарға рақымшылық жасауға бір ықпал етуге атсалысыңыздаршы, құдай үшін", деді Зайыт 3 маусым күні мәжіліс отырысында.

Сәрсенбіде парламент 1 шілдеде күшіне енетін жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты қабылданғалы отырған рақымшылық туралы заң жобасын талқылады. Жобаның қазіргі нұсқасында жеңіл және орташа ауыр қылмыс түрлері үшін істі болған адамдарға қатысты қозғалған қылмыстық істерді доғару ұсынылып отыр. Бұған қоса, әкімшілік рақымшылық аясында жеке кәсіпкерлерді, жеке нотариустарды, жеке сот орындаушыларын, адвокаттарды және заң кеңесшілерін 2026 жылғы 17 наурызға дейін жасалған құқық бұзушылықтар үшін айыппұл төлеуден босату көзделген.

Қылмыстық кодекстің 274-бабын қайта қарау туралы үндеулер Қазақстанда бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Журналистер, құқық қорғаушылар мен медиаұйымдар бұл бапты қылмыстық заңнан алып тастауды немесе жазаны айтарлықтай жеңілдетуді бірнеше рет талап еткен. Олардың пікірінше, даулы баптағы бұлыңғыр тұжырымдар БАҚ жариялаған мақалалар, журналистік зерттеулер және әлеуметтік желідегі жазбалар мен пікірлер үшін қылмыстық іс қозғап, қудалауға мүмкіндік беріп отыр, бұл сөз еркіндігіне қауіп төндіреді. Бұған қоса заңгерлер қылмыстың негізгі элементін – адамның таратылып жатқан ақпарат жалған екенін алдын ала білгенін дәлелдеу қиын екенін алға тартады.

Қазіргі уақытта кем дегенде екі қазақстандық журналист – Orda.kz онлайн-басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенова мен ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қозғалған істе күдікті ретінде үйқамақта отыр.

Айдар
XS
SM
MD
LG