Accessibility links

Тоқаевтың президенттік мерзімін "нөлден бастауға болады" - Конституциялық сот

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Конституциялық сот елде жаңа Конституция күшіне енген соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік мерзімінің есебі жойылады деген тұжырымға келді.

Конституциялық сот "1995 жылғы Конституциядағы нормалармен лауазымға сайланған я тағайындалған адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енген соң тиісті лауазымдарға қайта сайланып я тағайындала алады" дейді.

Демек Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейінгі президенттік мерзімін жойып, жаңа Конституциямен тағы да президент сайлауына түсе алады.

Президент сайлауы 2029 жылы өткен жағдайда қазіргі президент кандидатурасын ұсынып, жеңіп шықса, ол 2036 жылға дейін ел басқара алады.

Ақпаратқа қарағанда, Тоқаев Конституциялық соттан "1995 жылғы Конституция бойынша мемлекеттік қызмет атқарып отырған адам жаңа Конституция қабылданған соң сол қызметке қайта сайланып я тағайындала ала ма?" деп сұраған.

Қазақстанда жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енген еді.

Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты тағайындаған еді. 2019 жылы кезектен тыс сайлауда Тоқаев жеңіске жеткен. Бірақ Назарбаев билікке ықпалын сақтап қалған еді. Елде қос билік туралы да көп айтылған.

2022 жылы 239 адамның өмірін қиған қанды Қаңтар қырғынынан кейін Назарбаевтың билікке ықпалы азайып, елде Конституцияға өзгеріс енгізіліп, кезектен тыс президент сайлауы жарияланған.

2022 жылы қарашада өткен кезектен тыс сайлауда Тоқаев 81 пайыз дауыспен жеңіске жетті деп жарияланған. Конституцияға енгізілген өзгеріске сай, президенттің мерзімі бес жылдан бір реттік жеті жыл мерзімге ұзарған еді. Бұған сай, Тоқаевтың қазіргі президенттік мерзімі 2029 жылы аяқталуы тиіс.

Тоқаев жеті жылдық президенттік мерзімі біткен соң билікті заңды жолмен тапсырып беретінін бірнеше рет айтқан.

Айдар
XS
SM
MD
LG