Accessibility links

Жаңа Конституция күшіне енді. Негізгі өзгерістерді 500 сөзбен түсіндіреміз

Қазақстан Конституциясы. Ақорда суреті. 1 шілде, 2026 жыл.
Қазақстан Конституциясы. Ақорда суреті. 1 шілде, 2026 жыл.

1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция президентке жаңа өкілет береді. 1995 жылы Конституция қабылданғанда алынып тасталған вице-президент қызметі оралмақ. Партиялық тізіммен сайланатын бір палаталы Құрылтай жасақталып, консультативті орган – Халық кеңесі құрылады.

Конституциядағы ең басты өзгеріс – бір палаталы Құрылтай. Бұған дейін парламент екі палатадан – сенат пен мәжілістен тұрған. Енді президент жаңадан жасақталатын Құрылтайдың кезекті және кезектен тыс сайлауын белгілей алады. Партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутаттан тұратын парламенттің өкілеті бес жыл болады. Құрылтай төрағасына кандидатты президент ұсынып, депутаттар дауыс беру жолымен сайлайды. Депутаттар төрағаны сайлаудан бас тартса, президент Құрылтайды таратып жібере алады.

Президент Құрылтай келісімімен премьер-министрді, министрлерді тағайындайды, қызметінен босатады. Құрылтай премьер кандидатурасымен келіспесе, президент Құрылтайды тарата алады.

Президент Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін Құрылтай келісімімен бекітеді.

Президент жеке-дара Конституциялық сот, Жоғарғы сот, Ұлттық банк, ҰҚК төрағаларын, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның, Жоғары сот кеңесінің төрағаларын; бас прокурорды, Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындайды және лауазымынан босатады. Елшілерді де, президентке тікелей бағынатын және есеп беретін органдардың басшыларын да өзі тағайындайды.

Президент өкілетін атқару кезіндегі әрекеттері үшін қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылмайды. Тек мемлекетке опасыздық жасағанда жауапқа тартылуы мүмкін.

Елде вице-президент лауазымы болады. Вице-президентті Құрылтай келісімімен президент тағайындайды, қызметінен алады. Құрылтай вице-президентті тағайындауға келісім бермесе, президент Құрылтайды таратуға құқылы.

Вице-президент депутат болып сайлануға, ақы төленетін қызмет атқаруға, саяси партияда болуға құқығы жоқ. Кәсіппен де айналыса алмайды.

Президент өз еркімен қызметінен кетсе, денсаулығына байланысты міндетін атқара алмаса өкілеттілігі вице-президентке өтеді. Ал вице-президент бұл міндетті атқара алмаса, Құрылтай төрағасына беріледі. Президент қызметінен кетсе, екі айдың ішінде сайлау өтуі тиіс. Бұрынғы Конституцияда президент қызметін босатса, Сенат төрағасы уақытша орнын басатын.

Вице-президент парламентте, үкіметте президент атынан сөйлеуге құқылы. Оның басқа да өкілеттерін президент анықтайды. Сарапшылар вице-президент билік иерархиясындағы екінші адам әрі президенттің болашақ ізбасары болуы мүмкін деп санайды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси өзгерістерді жариялағанда Халық кеңесі консультативтік органы құрылатынын жариялаған.

Конституцияда бұл орган "халық мүддесін білдіретін жоғарғы орган" деп жазылған. Кеңестің 126 мүшесі болады. Олардың бәрін президент тағайындайды. Бұл орган Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады әрі референдум тағайындау туралы бастама көтереді. Саясаттанушы Димаш Әлжанов "Халық кеңесі президентті қолдайтын құрылым болады. Қоғам аса сезімтал қабылдайтын саяси мәселелер, мәселен, өкілетті ұзарту немесе өзге де даулы, өткір тақырыптарды көтеру қажет болса, соларды президенттің атынан қозғайтын бастамашыл құрылым пайда болады. Демек, бұл – тікелей қолдаушы құрылым. Президент кімді тағайындаса, сол оның вертикаліне, оның құрылымына кіріктіріледі" деген еді.

Бұдан бөлек, жаңа Конституцияда "қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданады" деп жазылған. Алғашқы нұсқада "орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады" деп жазылып, бұл қоғамда қарсылыққа ұшыраған еді. Осыдан соң конституциялық кеңес "тең" сөзін "қатарға" өзгерткен.

Жаңа Конституцияда бейбіт жиналыстарға құқық берілген. Бірақ "конституциялық құрылыс негіздерін, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін" деп жазылған. Белсенділер мен құқық қорғаушылар бұл шектеулер бұлыңғыр, кез келген бейбіт митинг осы шектеулерге тап болып, адамдардың бейбіт жиналу құқығы бұзылуы мүмкін деген еді.

Жаңа Конституция биыл 15 наурызда өткен референдумның ресми қорытындысы бойынша қабылданған. Орталық референдум комиссиясы дауыс берген азаматтардың 87 пайызы жобаны қолдады деп мәлімдеген.

Айдар
XS
SM
MD
LG