ТОҚАЕВ АЙТҚАН ЖАҢА МОДЕЛЬ
Сейсенбі күні парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы парламенттің аяқталып отырған сессиясы тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы бір кезеңді қорытындылайтынын мәлімдеп, 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне еніп, мемлекеттік билік жүйесі түбегейлі өзгеретінін айтты.
Президент елдің саяси жүйесін терең трансформациялау, экономиканы жаңғырту, цифрлық мемлекет құру және әлеуметтік саясатты кеңейтуге бағытталған ауқымды реформалардың жаңа кезеңін жариялады. Ол жаңа Конституцияның күшіне енуін "тарихи бетбұрыс" деп атап, Қазақстан институционалдық өзгерістер арқылы дамудың жаңа моделіне өтетінін айтты.
Ол қос палаталы парламенттің орнын жаңа заң шығарушы орган – Құрылтай басатынын, ал билік жүйесі "күшті президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін үкімет" формуласы негізінде қайта құрылады деп мәлімдеді. Президент бұл модель билік тармақтарының теңгерімін күшейтіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға тиіс екенін айтты. Ол Құрылтайды заң шығару сапасын жақсартатын, цифрлық және сараптамалық шешімдерге сүйенетін жаңа өкілді орган ретінде сипаттады. Ол сондай-ақ жаңа Конституция аясында азаматтардың құқықтарын қорғау, саяси жүйені жаңарту және заң шығару сапасын күшейту міндеттері бекітілгенін жеткізді.
Тоқаев қазіргі парламенттің өткен 30 жыл ішінде шамамен 3,5 мың заң қабылдағанын, оның ішінде кейінгі үш жылда 300-ден астам заң қабылданғанын атап өтті. Ол депутаттардың конституциялық реформаларға, активтерді қайтару заңына және әлеуметтік бастамаларға үлес қосқанын ерекше атады. Оның мәліметінше, мемлекетке қайтарылған активтер көлемі 1 триллион теңгеден асып, оның бір бөлігі 450-ден астам әлеуметтік нысан салуға бағытталған.
Парламент мінберінен сөйлеген сөзінде Тоқаев "елде жүргізілген реформалардың ең басты нәтижесі – азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы" деді.
"Халықтың өз ықтиярын тікелей білдіру тетігі отыз жылға жуық уақыт бойы қолданылмай келді. Тек соңғы жылдары ғана саяси тәжірибемізге енді. 2022 жылдан бері ел тағдырына әсер ететін маңызды мәселелер бойынша үш рет жалпыұлттық референдум өтті. Бұл орайда менің ұстанымым бұрынғыдай: елдегі өзгерістердің иесі халық болуға тиіс", деп мәлімдеді Тоқаев.
Кемінде 238 адамның ажалына себеп болған 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан бері Қазақстанда Конституцияға өзгеріс енгізу, АЭС салу және жаңа Конституция қабылдау мәселелері бойынша референдумдер өткен. Үш референдум алдында да бастамаларға қарсы шыққан белсенділер ұсталып, жазаланған. Мәселен, жаңа Конституция бойынша референдумға бойкот жариялау жайлы айтқан, заңсыз алынған активтерді қайтару бастамасымен құрылған Elge Qaitaru қоғамдық қорының жетекшісі Оразалы Ержанов сотқа тартылып, бостандығы 4 жылға шектелген. Ержанов – тәуелсіз Қазақстан тарихында "сайлауға кедергі келтірді" деген айыппен сотталған жалғыз адам.
ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖАЙЛЫ
Тоқаев экономикалық блокта Қазақстанның ЖІӨ өсімі 6,5 пайызға жеткенін, жалпы ішкі өнім көлемі алғаш рет 300 миллиард доллардан асқанын айтты. Жан басына шаққандағы көрсеткіш 15 мың доллардан асып, инфляция 10,4 пайызға дейін төмендеді деді президент. Ол қаржы жүйесінің тұрақтылығын атап өтіп, жаңа бюджет және салық кодекстері мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа моделін қалыптастырғанын мәлімдеді.
Экономиканы әртараптандыруға байланысты сөзінде Тоқаев шетелдік инвестициялар көлемі 20 миллиард доллардан асқанын, оның басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі, көлік және цифрлық инфрақұрылымға бағытталғанын айтты. Ол Алатау қаласы бойынша арнайы құқықтық режим енгізілгенін және бұл жоба Қазақстанды өңірлік технологиялық хабқа айналдыруға тиіс екенін мәлімдеді.
Инфрақұрылымдық саясат аясында президент энергетика, көлік және коммуналдық салаларды жаңғыртуға 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлінетінін айтты. Президент көмірсутек ресурстарының экономикадағы рөлін сақтай отырып, газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу міндетін қойды. Сонымен бірге жаңартылатын энергия үлесін арттыру және үш жаңа жылу электр станциясын салу жоспарланғанын атап өтті. Ол 2029 жылға қарай елде 13 гигаваттан астам жаңа қуат көздері іске қосылатынын хабарлады.
Тоқаев елдегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы 2027 жылы басталады, деп мәлімдеді.
Қазақстанда АЭС салу туралы бастамаға қарсы болған кей азаматтар түрлі бап бойынша істі болып, жауапқа тартылған. Мысалы, Жанат Қазақбай, Нұрлан Жаулыбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мүбәраковтың бостандығы сот үкімімен екі жарым жылға шектелген. Заң орындары оларға "митингіге үндеп, билікпен күресуге шақырды" деген айып таққан.
Парламенттің соңғы жиынында сөйлеген сөзінде Тоқаев елде көлік-логистика саласында жаңа теміржол желілері іске қосылғанын және автожол инфрақұрылымын жаңғырту жалғасып жатқанына да тоқталды. Ол Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалы кейінгі жылдары бірнеше есе артқанын, әуе хабтарын дамыту, жаңа әуежай салу және ұлттық жүк әуе компаниясын құру бастамаларын атап өтті.
Цифрландыру және жасанды интеллект жайлы сөзінде Тоқаев Қазақстан әлемде "Жасанды интеллект туралы" заңдардың бірі мен Цифрлық кодексті қабылдаған алғашқы елдер қатарында деді. Ол Digital Qazaqstan стратегиясы аясында мемлекеттік басқару толық цифрлық трансформациядан өтетінін, ал GovTech моделіне көшу бюрократияны қысқартуға бағытталғанын атап өтті. Сонымен бірге деректер орталықтарының ірі кластері мен суперкомпьютерлік инфрақұрылым құру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Жасанды интеллект саласында Alem.ai орталығы, жаңа инновациялық мектептер және Орталық Азиядағы алғашқы ЖИ университеті ашылатынын айтқан Тоқаев бұл бағыт Қазақстанды өңірлік цифрлық хабқа айналдырады деді.
ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ЖӘНЕ АДАМ КАПИТАЛЫ
Президент әлеуметтік салаға 19 трлн теңгеден астам қаржы бөлінетінін, ол білім, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік қорғау салаларын қамтитынын мәлімдеді. Ол 2019 жылдан бері елде 1300-ге жуық медициналық нысан салынғанын, адамдардың өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жеткенін, білім саласында 584 мектеп салынып, тағы 84-і биыл ашылатынын, олардың едәуір бөлігі ауылдық жерлерде орналасатынын хабарлады.
Мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің жалақысы өсіп, кейінгі үш жылда 1,2 миллион адамның еңбекақысы айтарлықтай артты, деп мәлімдеді Тоқаев.
Президент "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы арқылы 6,5 миллион баланың шотына 2,3 миллиард доллар аударылғанын айтты. Сонымен бірге әлеуметтік теңдік пен заң үстемдігін күшейту мақсатында заңсыз активтерді қайтару саясаты жалғасатын болады деп мәлімдеді.
ІШКІ САЯСАТ
Президент Тоқаев сейсенбідегі сөзінде елдегі партиялық жүйедегі өзгерістерге қолдау білдіріп, Amanat партиясы мен басқа саяси күштердің бірігуін реформаларға серпін беретін қадам ретінде сипаттады. Ол алдағы сайлаулар ашық әрі бәсекелі өтуі тиіс екенін атап өтті.
Елде 30 жыл билік партиясы саналған Amanat осыдан екі жарым апта "Әділет" партиясына қосылған еді. Amanat мүшелері мұны елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "мұрасынан арылу" қажеттігімен түсіндірген. Биыл көктемде ғана жаңадан құрылған "Әділет" партиясына бұған дейін президент Тоқаевтың әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебай төрағалық етеді.
Азаматтық белсенділер мен адам құқығын қорғаушылар елде билікке балама күш болатын саяси партия құруға талпынғандарды үкімет түрлі кедергілер қойып, жылдар бойы ресми тіркеуге алмайтынын, оппозициялық ұстанымдағы белсенді азаматтарды түрлі баппен айыптап, жазаға тартатынын айтады. Мысалы, "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру туралы бастамашыл топтың белсенді өкілдері Марат Жыланбаев пен Амангелді Жахин экстремизмге қатысты айыптармен жеті жылға сотталған. Қазақстандық құқық қорғаушылар олардың саяси ұстанымына бола қудалауға түскенін айтады. Ақорда мұны жоққа шығарып, Қазақстанда ешкім саяси ой-көзқарасына бола қудаланбайды дейді.
Сейсенбіде парламентте сөйлеген сөзінде Тоқаев Құрылтай сайлауын өткізу туралы жарлыққа жаңа Конституция күшіне енген соң қол қоятынын мәлімдеді. Құрылтай тек партиялық тізім бойынша сайланады. Биыл наурызда жалпыұлттық референдумның ресми қорытындысы бойынша жаңадан қабылданған Конституция ертең, 1 шілдеде күшіне енеді.
Тәуелсіз сарапшылар жаңа Конституция күшіне енген соң көп институттар президенттің бақылауында болатынын, яғни, президент өкілеттігі бұрынғыдан да кеңейе түсетінін айтады. Заң қабылдау жөнінде бастама көтеру құқығына ие Халық кеңесі деген кеңесші орган құрылады. Оның құрамын президент тағайындайды.
Жаңа негізгі заң бойынша, енді Бас прокурорды, Конституциялық сот пен Жоғарғы сот төрағаларын, Ұлттық банк төрағасын, ҰҚК басшысын президент жеке дара өзі тағайындайды. Тоқаев бұл өзгерістер елді "суперпрезиденттік" басқару моделінен "ықпалды парламенті бар президенттік республикаға" көшуге бағытталған деп мәлімдеген. Бірақ жаңа Конституция іс жүзінде президент билігінің одан сайын күшеюіне әкеледі дейді сарапшылар.
Сейсенбі күні парламентте сөйлеген сөз соңында Тоқаев жаңа Конституция мен Құрылтай жүйесі Қазақстанның "әділетті, қуатты, қауіпсіз және озық мемлекет" құру бағытын бекітетінін айтты. Ол қоғамның бірлігі мен саяси тұрақтылықты реформалардың негізгі шарты ретінде атады.