Accessibility links

Тоқаевтың сапары алдында құқық қорғаушылар Брюссельді Астанаға талап қоюға шақырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен (архив фотосы)
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен (архив фотосы)

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 22-23 маусымдағы Брюссельге сапары қарсаңында Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (International Partnership for Human Rights, IPHR) және Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросы Еуроодақ басшыларын Қазақстанмен қарым-қатынаста адам құқықтары мәселесін назардан шығармауға шақырды.

Адам құқыған қорғаушы қос ұйым Еуропа кеңесінің жетекшісі Антониу Кошта, Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен және ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кая Калласқа жолдаған хатында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы байланыстар кейінгі жылдары айтарлықтай нығайғанын, ЕО Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып қала беретінін айтқан.

Сонымен бірге, құқық қорғаушылар экономикалық және геосаяси мүдделер адам құқықтары мәселесін көлеңкеде қалдырмауға тиіс деп есептейді. Олар Еуроодақты Қазақстан билігімен келіссөздер барысында нақты өзгерістерді талап етуге шақырып отыр.

Хатта ерекше алаңдаушылық туғызатын бірнеше мәселе аталған. Мысалы, биыл наурызда өткен конституциялық референдум қарсаңында реформаны сынаған азаматтарға қысым жасалғаны, референдумға дайындық үдерісі ашық өтпеді деген сын бары, реформаны талқылауға шақырған азаматтар қамауға алынып, тергеліп, айыппұл төлегені немесе қысқа мерзімге бостандығынан айырылғаны айтылған. Солардың бірі – "саналы бойкот" жариялау туралы бастама көтерген заңгер Оразалы Ержановтың бостандығы төрт жылға шектеліп, бес жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысу құқығынан айырылғанын жазған.

Құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстанда тәуелсіз БАҚ-қа қысым күшейгенін де айтып, бірқатар медиа кибершабуылдарға ұшырағанын, ал президент Тоқаевтың туыстары туралы зерттеу жарияланғаннан кейін Азат Еуропа/Азаттық радиосының интернет-ресурстары Қазақстан аумағында еркін ашылмай қалғанын атап айтқан.

Сондай-ақ хат авторлары Қазақстанда журналистерге, блогерлерге, құқық қорғаушылар мен оппозициялық белсенділерге қарсы қылмыстық заңнаманы қолдану жиілегенін сынға алған. Олар Orda.kz басылымы бас редакторы Гүлнәр Бажкенова мен KazTAG бас редакторы Әмір Қасенов "жалған ақпарат тарату" айыбымен тергеліп жатқанын, белсенділер Марат Жыланбаев, Думан Мұхамедкәрім және Амангелді Жахин экстремизмге қатысты айыптармен жеті жылға сотталғанын, тіркелмеген "Атажұрт" қозғалысына қатысы бар 19 адамның үкімін де апелляция соты күшінде қалдырғанын мысалға келтірген.

Хатта православ дін қызметкері Иаков Воронцовтың ісі де аталған. Құқық қорғаушылар ол Ресейдің Украинаға қарсы соғысын сынағаны үшін қудалауға түскен болуы мүмкін деп санайды. Билік оны мәжбүрлі түрде психиатриялық мекемеге жіберген.

Адам құқығын қорғаушы ұйымдар Қазақстанда азаматтық қоғамға қысым күшейгеніне де назар аударған. CIVICUS Monitor Қазақстанның азаматтық кеңістігін "қысым көріп отыр" деп бағалайды. Олар шетелден грант алатын ұйымдарға бақылауды күшейтетін жаңа талаптар тәуелсіз ұйымдардың қызметін шектеуі мүмкін деген алаңдаушылық барын айтады.

Бұған қоса, хат авторлары 2026 жылғы наурызда күшіне енген "ЛГБТИҚ+ насихатына" қарсы заң белсенділерге қысымды арттырып, осы тақырыптағы ақпарат таратуға шектеу қойғанына назар аударған. ЛГБТИҚ+ ұйымдары әлі күнге дейін тіркеле алмай жүргенін, ал белсенді Жанар Секербаеваға айыппұл салынғанын атап жазған.

Ұйымдар 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде жасалған азаптау, шамадан тыс күш қолдану және өзге құқық бұзушылықтар бойынша жауапкершілік мәселесі толық шешілмегенін де атап жазған. Сондай-ақ Киевте қастандықпен өлтірілген қазақстандық журналист Айдос Садықовтың ісі бойынша әділ тергеу жүргізілмегені және оның жесірі Наталья Садықоваға қысым жалғасып отырғанын айтқан.

Хат авторлары Еуроодақ басшыларын осы істерді президент Тоқаевпен кездесулерде көтеруге, Қазақстанда саяси себептермен сотталған адамдарды босатуды талап етуге, сөз еркіндігі мен азаматтық қоғамға қойылған шектеулерді, ЛГБТИҚ+ мәселелеріне қатысты тыйымдарды талқылауға және Қаңтар оқиғасы мен трансұлттық қудалау фактілері бойынша толық әрі тәуелсіз тергеу жүргізуге шақырған.

Қазақстан билігі елде цензураға тыйым салынған, сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығына байланысты ешқандай проблема жоқ деп бұрыннан айтып жүр. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда баспасөз еркіндігі шектелетіні туралы халықаралық ұйымдардың сынына келіспейтінін айтып, елде бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына барлық жағдай жасалған деп мәлімдеген.

Ресми Астана Қазақстанда саяси көзқарасына бола қудалау көргендер жоқ, сот үкімімен жаза алғандар саяси емес, қылмыстық заңда қарастырылған нақты іс-әрекеттері үшін жауапқа тартылған дейді. Сонымен бірге заң адамдардың жеке өміріне немесе ЛГБТИҚ+ өкілі болу құқығына тыйым салмайды, тек ақпараттық кеңістіктегі жария насихатты шектейді деп түсіндіреді.

Айдар
XS
SM
MD
LG