Accessibility links

"Шекарасыз тілшілер": Meta мен YouTube Қазақстан журналистеріне қысым жасауға жол берді

Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы Қазақстан мен Өзбекстанда саяси тақырып қозғайтын журналистер мен баспасөз құралдарына онлайн-цензура күшейгенін, бұған Facebook, Instagram және YouTube платформаларындағы модерация жүйесі жол беріп отырғанын мәлімдеді.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының жазуынша, шағым түсірушілер L’Oréal сияқты компаниялар мен танымал журналистердің атын пайдаланған. Ал аталған әлеуметтік желі платформалары шағымның рас-өтірігін тексермей жатып, журналистер мен БАҚ аккаунттарын, жазбаларын бұғаттап отыр.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТӘУЕЛСІЗ АРНАЛАРДЫ ШЕКТЕУГЕ ІЛІК БОЛҒАН ШАҒЫМ

"Шекарасыз тілшілер" Қазақстандағы онлайн-қысымның мысалы ретінде тәуелсіз ақпарат құралдары – "Республика" басылымы мен "Бәсе" арнасының Facebook-тегі жазбаларының өшірілуін атап өткен. Ұйымның жазуынша, 2026 жылғы қаңтар мен сәуір аралығында бұл екі медианың Facebook-тегі жүздеген жазбасы өшірілген.

Ұйымның жазуынша, "Республика" басылымына қысым Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жылдық сөзіне сын көзбен қарайтын жазбадан басталған. Сондай-ақ, басылымның бас редакторы, қазір Еуропада тұратын Ирина Петрушованың жеке аккаунтындағы жазбалар да жойылған. Соның ішінде 8 наурыз күні жүзге тарта жазбасы өшірілген. Сол күні эмиграциядағы журналист Наталья Садықова жүргізетін "Бәсе" арнасының Facebook-тегі 150 жазбасы жойылған.

Екі күннен соң Садықованың жеке аккаунтына да сондай шабуыл жасалған. Әлеуметтік желідегі жазбасы жаппай өшкен журналистердің қатарында Динара Егеубаева, Әсем Жәпішева, Мұрат Данияр және "Уральская неделя" басылымының бас редакторы Тамара Еслямова дейді "Шекарасыз тілшілер".

Халықаралық ұйым осы жайттарды тексеріп, мұның бәрінде бір әдіс қолданылғанын анықтаған. Мәселен, Facebook-тегі аккаунттар бойынша платформа иесі Meta-ға Giorgio Armani S.p.A. дейтін компания атынан шағым түсірілген. Шағым loreal@sipi.sg электрон поштасынан жолданған.

Косметика өнімдерін шығаратын француз компаниясы L’Oréal "Шекарасыз тілшілер" сауалына берген жауабында аталған электрон поштаның мекенжайын "бәзбіреулер жалған шағым түсіру үшін заңсыз пайдаланған болуы мүмкін" деп жауап берген. Сондай-ақ, компанияның қосалқы мердігері, жалған тауарлардың сатылымы жөніндегі онлайн-шағымдарды қарастыратын Authentix компаниясы аталған шағымдарды жіберуде өз серверлері қолданылмағанын мәлімдеген.

Алайда "Шекарасыз тілшілер" шағым түсіру формасын толтырғанда, электрон поштаға код жіберілетінін анықтаған. Шағымды растау үшін сол кодты енгізу керек. Authentix "Шекарасыз тілшілердің" осы жөніндегі қосымша сауалын жауапсыз қалдырған. Дегенмен, компания аталған мәселе бойынша бірден Meta-ға жүгінгенін, олардан өшірілген жазбаларды қалпына келтіруін сұрағанын хабарлаған.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымына берген сұхбатында Петрушова бұл қысымның артында Қазақстан билігі тұр деп күдіктенетінін айтқан. Қазақстан билігі журналистер мен баспасөз құралдарының әлеуметтік желі платформаларындағы жазбалары мен аккаунттарының бұғатталуына қатысы жоғын айтады. Былтыр желтоқсанда мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Азаттық сауалына жауап бергенде, Meta-мен әріптестік аясында шағым түскен контенттер қаралатынын, бұл жұмыста адамдарды саяси белсенді, журналист деп бөлмейтінін мәлімдеген.

Ұйымның жазуынша, сәуірдің ортасында "Бәсе" арнасындағы контентке тағы да жаппай шағым түсірілген. Бұл жолы шағымды үндістандық Aiplex Software Pvt Ltd компаниясы жолдаған. Онда MarkScan компаниясының электронды пошта мекенжайын қолданылған. Осы шабуылдар салдарынан "Бәсе" арнасының барлығы 545 материалы өшірілген.

"Шекарасыз тілшілер" шағым түсірушілерге хат жазған, бірақ жауап келмеген.

ӨЗБЕКСТАНДЫҚ ЖУРНАЛИСТЕР ТАП БОЛҒАН ҚЫСЫМ

Халықаралық құқық қорғаушы ұйым мұндай қысым Өзбекстан журналистеріне де жасалып жатқанын, қысымға Meta платформаларымен бірге YouTube желісіндегі аккаунттар да ұшырап жатқанын жазады.

"Бұл Орталық Азия журналистері мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін үрейлі түске айналды. Мұндай шағымдардың ерекшелігі сол, олардың тарауына осы платформалардың өзіндегі кемшіліктер жол беріп отыр. Мәселен, Қазақстан билігі өз аумағында контентті өшіру жөнінде әріптестіктен бас тартатын платформаларға бұғаттаймыз деп сес көрсеткен. Бұл шағым түсіру жүйесін саяси қарсыластарға қарсы мақсатты түрде қолдану қаупін күшейтіп, алаң туғызып отыр. Шағымдардың елеулі түрді тексерілмеуі журналистік материалдардың өшірілуіне, азаматтардың сенімді ақпаратқа деген құқығы үшін маңызды аккаунтардың бұғатталуына жол ашып отыр. Модерация механизмдерінің осылай теріс пайдалануы мәлім болғанына бірталай жыл болып қалды, сол себепті платформалар шағымдарды қолмен тексеруді күшейткені абзал. Мұндай тексеру әсіресе сезімтал саяси тақырып жөніндегі жаңалықтар мәселесінде маңызды" дейді "Шекарасыз тілшілер" ұйымының технология бөлімі мен Шығыс Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшілері Венсан Бертье мен Жанна Кавелье.

Ұйым бұл мәселе жөнінде Meta мен YouTube-ке сауал жолдаған. YouTube жаңалық шыққанша жауап бермеген. Ал Meta уәде етілген уақытта жауап беретінін айтқан, бірақ жауап-хат көрсетілген мерзімде түспеген.

Сәуір айында Facebook пен Instagram "үшінші тарап шағымына" сілтеп Азаттық радиосының 16 контентін бұғаттаған. Әлеуметтік желідегі жазбаларының немесе парақшаларының өшірілгеніне бұдан бөлек "Құқықтық медиа-орталық", құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина, Диана Окремова, журналистер Лұқпан Ахмедияров, Вадим Борейко шағынған.

29 сәуірде Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы Қазақстанда тәуелсіз БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдар, блогерлер және қоғам белсенділерінің әлеуметтік желідегі аккаунттарының бұғатталып, жазбаларының жойылуына қатысты алаңдаушылық білдірген.

Былтыр мамырда мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Meta компаниясының мемлекеттік саясат жөніндегі директоры Сарим Әли Әзизбен кездесіп, компанияға "ақпараттық қауіпсіздік саласында бірлесіп атқарған жұмыс үшін алғыс" айтқан.

Мекеменің сол кездегі мәлімдеуінше, 2025 жылдың басынан бері министрлік мониторинг барысында Қазақстан заңы 7689 рет бұзылғанын анықтаған. Оның ішінде Facebook-те 3027, Instagram-да 4662 құқықбұзушылық тіркелген.

Айдар
XS
SM
MD
LG