Accessibility links

"Ұйымдасқан шабуыл". Facebook пен Instagram билікті сынайтын жазбаларды неге өшірді?

Қазақстанда билікті сынайтын саяси белсенділер, журналистер, блогерлер, тіпті тәуелсіз институттар Meta платформаларындағы жазбалары өшірілгенін хабарлады. Бұл шешімдерді даулағандардың кейбірі жазбаларының қайтарылғанын айтып отыр. Контент бұғаттау неліктен жиілеп кетті? Бұған кім мүдделі? Әлеуметтік желі алгоритмі қалай жұмыс істейді? Осы сұрақтарды Meta компаниясымен жалған ақпарат бойынша әріптестік орнатып, бірігіп жұмыс істейтін Factcheck.kz сайтының редакторы Думан Смақовпен талқыладық.

"БҰЛ МЕНІҢ БІР ЖЫЛДЫҚ ЖҰМЫСЫМ"

9 наурыз күні түстен кейін журналист, "Жұрттың баласы" дейтін YouTube-арнаның авторы Мұрат Даниярдың Instagram-дағы парақшасынан кейінгі жылдағы жазбалары жойыла бастаған. Өзінің айтуынша, барлығы 100 жазбасы өшкен. Ол мұны қазір талқыланып жатқан конституция жобасы туралы сыни пікірлеріне байланысты болуы мүмкін деп күдіктенеді.

– Бұл менің бір жылдық жұмысым. Оның ішінде тек қана Конституция ғана емес, менің өміріме қатысы бар жазбалар көп. Жүрекке тиетін жағдай. Ол жазбалар – менің тарихым ғой, – дейді журналист.

Instagram, Facebook және Threads әлеуметтік желі платформаларының иесі – Meta корпорациясы мұны "контент біздің ережелерді бұзғаны үшін жойылды" деп түсіндірген. Осыдан кейін Мұрат досы, өзі секілді журналист-блогер Асхат Ниязовтан кеңес сұраған. Себебі, төрт ай бұрын Ниязовтың да Instagram-дағы парақшасы өшіп, кейін қайта қалпына келген. Мұрат Данияр да Meta-ға хабарласып, 10 наурыз күні бірнеше жазбасы қайта қалпына келген.

– Жүзден бесеуі қайтып келді. Құқықбұзушылықтардың барлығы алынған, бірақ жазбалар толық қайтарылмады. Мен енді кімге шағынарымды білмеймін. Бұл конституция туралы жазғаным үшін жасалған әрекет болар, 100 пайыз сенімдімін деп айта алмаймын. Ешқандай заңды бұзып жатқан жоқпын. Басты миссиям – адамдардың саяси белсенділігін көтеру. Меніңше, қайта осы референдум туралы айтқаным мемлекетке жақсы шығар. Өйткені көшеге шығып, жұрттан сұрасаң, референдум туралы көп біле бермейді, – дейді журналист.

Мұрат Даниярдың айтуынша, жазбалардың өшуіне Giorgio Armani деген никнеймі бар әлдебір қолданушы аккаунтынан түскен шағымдар түрткі болған.

Тегеранға соққы, желіде жоғалған жазбалар — AzatNEWS l 10.03.2026
please wait

No media source currently available

0:00 0:25:30 0:00

Respublika.kz.media басылымы да 100-ге тарта жазбасы өшірілгенін хабарлады. Ішінде бас редактор Ирина Петрушованың жеке парақшасындағы жазбалар да бар. Басылымның жазуынша, өшірілген материалдар ішінде Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, оппозициядағы саясаткер Әкежан Қажыгелдиннің Bild басылымына берген сұхбаты, оппозициялық саясаткер Оразалы Ержанов туралы және Конституцияны сынаушыларды қудалау туралы материалдар болған. Басылым да жазбалар Giorgio Armani атты қолданушының шағымдарынан кейін өшірілгенін айтады.

Басылымның айтуынша, жарияланымдарды өшіру туралы шешімге шағымдану мүмкін емес, себебі бұл опция Meta-да өшірілген.

– Менің және "Республиканың" парақшасынан өшірілген жазбаларды айтатын болсақ, тақырып әрқилы. Бізде жаппай "тазалау" болған. Іnstagram-нан үш не төрт айдан бергі жазбалар жоғалса, оның ішінде редакцияның жаңа жылдық құттықтауы да бар, Respublika.kz.media-ның Facebook парақшасында 20 қаңтардан кейінгі жарияланымдар толық өшірілген. Ол жерде тек конституция туралы жазба емес, түрлі тақырып қамтылған еді. Мәселен, Жыланбаев туралы жаңалықтар да болған. Түгел өшірілген. Ал менің парақшамнан 8 ақпаннан бергі жазбалар жоғалып кеткен. Кешеден бері саяси тақырыпқа жатпайтын жазбалар жазып отырмын. Олар да көпке ұзамай, кейде 2 сағаттан соң, кейде 15 минут өткенде өшіріліп жатқанын көріп отырмын. Кейінгі жазбаларымның бірі – мысық туралы еді, оны да өшірген. Әзірге ең соңғы постым тұр, бірақ оны да жоқ қылатын шығар. "Шекарасыз тілшілер" ұйымына, бұған дейін де әлеуметтік желідегі бұғатталған парақшамазды қалпына келтіруге көмектескен ұйымға шығып, шағымдандық. Олар Meta-ға хабарласты. Өкінішке қарай, бұл жылдам шешілетін мәселе емес. Тергеу жүреді, соның қорытындысына сай жақын күндері бәрі орнына келеді деп үміттенемін, – деді Respublika.kz.media бас редакторы Ирина Петрушева.

"МҰНЫ ІСТЕП ОТЫРҒАН МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР ЕМЕС ДЕП ҮМІТТЕНЕМІН"

10 наурыз күні Meta платформаларындағы жазбалары өшірілгенін Қазақстандағы адам құқығы бюросы, "Құқықтық медиа-орталық", "Уральская неделя" басылымы, құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина, Диана Окремова, журналистер Әсем Жәпішева, Динара Егеубаева және тағы бірқатар азамат мәлімдеді.

– Менің, әріптесім Диана Окремованың және "Құқықтық медиа-орталықтың" парақшасында Конституция сөзі айтылған жазбалар түгел өшірілді. Бұған дейін біз жаңа жоба қабылданса, 23-бап, яғни, сөз еркіндігін қорғау бойынша не өзгереді дегенге талдау жасаған едік. Өкінішке қарай, дәл осы жазбалар өшірілген. Әрбірімізден 3-4 жазбадан жойылған болып тұр. Меніңше, Қазақстанда жаппай өшіру тәсілін бұлай қолдану бірінші рет болып тұр. Жазбалар үгіт-насихат емес, олар тек танымдық әрі ақпараттық сипатта еді. Бірақ соған қарамай, тегіс өшіріліп жатыр. Шынымды айтсам, бұл – адамдарға белгілі бір пікірді таңуға көбірек ұқсайды. Яғни, ешқандай балама пікір болмау керек деген. Мұны істеп отырған мемлекеттік органдар емес деп үміттенемін. Соған сенгім келеді. Бәлкім, әлдекімдердің қасақана жасаған әрекеті ме, кім білсін. Бірақ осы жағдайға билік неге реакция білдірмей отыр, мәселе сонда, – "Media Qoldau" құқықтық қызметінің жетекшісі Гүлмира Біржанова.

2022 жылы Қазақстан заңнамасына балаларды кибербуллингтен қорғау туралы нормалар енгізілген. Ол нормалар әлеуметтік желі платформаларын Қазақстаннан өкілдік ашуға және осы платформаларды мемлекеттік органдармен жұмыс істеуіне міндеттейді. Бұл норманы мәжіліс депутаттары Айдос Сарым мен Динара Зәкиева ұсынғандықтан, оны "Сарым-Зәкиева" түзетуі деп атап кетті.

META МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ӘРІПТЕСТІГІ

Азаттық Мәдениет және ақпарат министрлігіне сауал жолдап, әлеуметтік желідегі жазбалардың өшірілуі жөнінде "Meta компаниясымен әріптестігі аясында қандай да бір шара қолданып жатсыздар ма?" деп сұрақ қойды. Министрлік әзірге жауап бермеді, заң бойынша жауап бес күн ішінде берілуі қажет.

Былтыр желтоқсанда мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Азаттық сауалына жауап бергенде, Meta-мен әріптестік аясында шағым түскен контенттер қаралатынын, бұл жұмыста адамдарды саяси белсенді, журналист деп бөлмейтінін мәлімдеген.

Былтыр мамырда мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Meta компаниясының мемлекеттік саясат жөніндегі директоры Сарим Әли Әзизбен кездесіп, компанияға "ақпараттық қауіпсіздік саласында бірлесіп атқарған жұмыс үшін алғыс білдірген".

Мекеменің сол кездегі мәлімдеуінше, 2025 жылдың басынан бері министрлік мониторинг барысында Қазақстан заңы 7689 рет бұзылғанын анықтаған. Оның ішінде Facebook-те 3027, Instagram-да 4662 құқықбұзушылық тіркелген.

"Meta компаниясы Facebook желісінен 90 пайызын, Instagram платформасынан 51 пайызын заңға қайшы контент өшіргенін де атап өткен жөн" деді министрлік.

Кейінгі кезде белсенділер мен журналистердің желідегі парақшаларының бұғатталуы жиіледі. Бұған дейін тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияровтың Facebook-тағы парақшасы өшірілді. Көп ұзамай журналист Вадим Борейко мен Асхат Ниязовтың Instagram парақшаларындағы жазбалар жойылған еді. Арада біраз уақыт салып олар аккаунттарын қайтарып алған еді. Азаттық бұл мәселе бойынша Meta компаниясына бірнеше мәрте ресми түрде сауал жолдап, жауап ала алмаған.

HRW ұйымы 12 желтоқсан күні Instagram және Facebook платформаларының иесі – Meta компаниясына хат жазып, журналистер мен белсенділердің аккаунттары не себепті уақытша бұғатталғанын, бұған Қазақстан үкіметінің арыз-шағымы қатысы бар-жоғын сұраған. Meta сауалға жауап беріп, компания "қолданушыларға жергілікті заңды бұзатын контент жөніндегі қабылданған шаралар туралы ескерту беруге және бұл туралы сыртқы тарапқа ақпарат беруге тырысатынын" мәлімдеген.

10 наурыз күні жазбасы жойылғанын мәлімдеген азаматтар мен мекемелер өшірілген контенттің қалпына келе бастағанын хабарлады.

"ЖАЗБА ЖАППАЙ ШАҒЫМДАНУДАН ӨШІРІЛУІ МҮМКІН"

Азаттық Meta компаниясымен жалған ақпарат бойынша әріптестік орнатып, бірігіп жұмыс істейтін Factcheck.kz сайтының редакторы Думан Смақовпен сөйлесіп, әлеуметтік желідегі жазбалардың жоғалып кетуі жайлы пікірін сұрады. Ол бұл оқиғалардың кездейсоқ емес екеніне сенімді.

Азаттық: Meta компаниясынан жазбалары өшірілген адамдардың шағымы туралы қандай да бір ақпарат ала алдыңыздар ма?

Думан Смақов
Думан Смақов

Думан Смақов: Meta корпорациясы жазбасы өшіріліп жатқан аккаунттар жайында бізге хабарласқан жоқ. Олар әдетте қандай да бір контентке жалған ақпарат туралы шағым түскенде бізге хабарласып: "Мынау шынымен де жалған ақпарат па?" деп сұрайтын. Бұл жолы поштамызға әріптестердің материалы жөнінде ешқандай сұрау түскен жоқ.

Біздің Meta корпорациясымен серіктестігіміз бар. Серіктестігіміз third-party fact-checking (ақпараттың растығын үшінші тараптың тексеруі – ред.) деп аталады. Бұл серіктестік бойынша біз Meta платформаларында, яғни Instagram, Facebook және Threads-те Қазақстан аумағында тараған ақпаратты жалған не жалған емес деп белгілейміз. Алайда біз контентті "жалған" деп белгілегенде, ол ақпарат өшірілмейді. Бар болғаны ол ақпаратты таратуға және оның көрілуіне шектеу қойылады.

Егер де аталмыш аккаунт жалған ақпаратты бес мәртеден артық таратса және бес мәртеден артық бізден белгілеу алған жағдайда ғана ол аккаунтқа қандай да бір санкция қолданылады.

Ал біздің белгілеуіміз ақпаратты бөлісуге, таратуға және жарнама қоюға шектеу ғана қояды.

Бұл жағдайларды қарап отырсақ, барлығында қандай да бір арнайы үйлестірілген аккаунттар Meta платформаларындағы дәл осы жазбаларға жаппай шағым түсіру нәтижесінде өшірілгенін көріп отырмыз.

Менің пайымдауымша, бұл қандай да бір бот-фермалар немесе өзге де мемлекеттің, және мемлекеттің маңайында жүрген, саяси, өзге де компаниялардың маңайында жүрген азаматтардың жалдауымен, я болмаса солардың тапсырмасымен, әлде ұсынысымен нақты бағытталған боттық шабуылдар секілді көрінеді.

Азаттық: Instagram мен Facebook-те біреу жалған ақпарат таратса, Meta компаниясына шағынуға болады. Кейде желіде сынға қалған параққа және жазбаға ондаған, тіпті жүздеген адам шағым түсірсе де, ол жазба, ол парақ өшірілмейді. Алайда саяси белсенділердің, блогерлердің парақтарына Giorgio Armani деген аккаунт шағым түсіріп, жазбалары өшірілген. Мұндайда Meta-ның алгоритмі қалай жұмыс істейді?

Смақов: Меніңше, бұл жерде бір ғана аккаунт емес, мыңдаған аккаунт шағым түсіруі мүмкін. Контент не үшін өшірілгенін түсіндіргенде соның ішіндегі бір аккаунтты көрсетуі әбден мүмкін. Біреуін көрсетіп, барлығы осындай шағым түсіріп жатыр деген сияқты. Бір қызығы, біз Meta корпорациясының мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтінін басқа да жағдайлардан көріп отырмыз. Бұған дейінгі Сарым-Зәкиева ұсынысы кезінде де Meta корпорациясы қазақстандық атқарушы билікпен, уәкілетті органмен тығыз қарым-қатынаста болды. Тіпті қажет жағдайда Қазақстанда онлайн болсын кеңсемізді ашамыз, арнайы уәкіл тағайындаймыз дегенді де айтып қалды. Меніңше, бұл ірі бизнес және ірі бизнес қандай да бір елде өзінің табыс көзінен айырылмас үшін мемлекеттік немесе атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынаста болатын секілді.

Азаттық: Парақтары өшірілгені немесе бұғатталып қалғаны, жазбалары өшіп кеткені туралы айтып отырған адамдардың көбі – саяси тақырыпта жазатындар, әсіресе Қазақстандағы саяси оқиғаларды сынап пікір айтатындар. Олардың Facebook-тегі, Instagram-дағы парақтарының бір сәтте жоғалып кетуі Қазақстан үкіметі мен Meta компаниясы бірігіп, елдегі сөз бостандығына, пікір айту еркіндігіне шектеу қойып жатыр ма деген күдік тудырады. Сізге солай көрінбей ме?

Смақов: Жалпы Meta корпорациясы ғана емес, басқа да ірі техномагнаттардың жергілікті, әсіресе репрессияшыл әдіс-тәсілдерді жақсы қолданатын елдермен тығыз, болмаса астыртын қарым-қатынаста болуы – өте үлкен проблема. Мұны Meta-ның сөз бостандығын шектеуі дегеннен гөрі Қазақстан уәкілетті органының шектеуі деген дұрыстау. Қазақстан Meta корпорациясын "осыны жасамасаң ел аумағында бұғаттаймыз" дегендей қорқытуы мүмкін.

Кейінгі уақытта саяси жүйені, саяси реформаларды, әлеуметтік жағдайды сынайтын аккаунттардың бұғатталып отырғанын көріп отырмыз. Оның ішінде республикалық деңгейдегі парақшалар ғана емес, облыстық деңгейдегі аккаунттар да бар. Біз қазір аккаунттарды бұғаттан шығаратын бірнеше халықаралық ұйымдармен бірлесіп, әріптестерге қолдау білдіруге тырысып жатырмыз.

Азаттық: Елдің саяси жүйесін, билікті сынаған жазбалардың өшіп қалуы Қазақстанда ғана ма, әлемде бар тенденция ма? Meta компаниясы немесе өзге де ірі компаниялар аккаунттарды бұғаттау, өшіру кезінде авторитар елдер немесе демократиялық елдер деп бөліп қарап, соған икемделе ме, әлде мұны бәріне бірдей қолдана бере ме?

Смақов: Икемеделеді дегеніңізбен толық келісемін. Өйткені АҚШ-қа Дональд Трамп мырза президент болып келгеннен кейін third-party fact-checking орнына АҚШ-та community note жүйесі дайындалды. Бұл – фактчекерлердің орнына ақпараттың жалған-жалған еместігін қолданушылардың өзі анықтайтын жүйе. Бұл Трамптың фактчекерлерге қарсы өшпенділігінің әрекетінен туындаған бағдарлама секілді. Жалғыз АҚШ қана емес және жалғыз Meta корпорациясы ғана емес. Google да, өзге де платформалар билікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін секілді. Әр елге оңтайланған ішкі саясаты бар болуы әбден мүмкін.

Азаттық: Мәселен, Қазақстан азаматы әлеуметтік желіден парақ ашқанда оны тіркейтін мекен-жайға Қазақстанды әрі Қазақстанның телефон нөмірін көрсетеді. Осы жайт парақтың бұғатталуына, өшіп қалуына қаншалық ықпал етеді? Мәселен, парақты Қазақстанда емес, шетелде тіркесе Қазақстаннан барған шағымды бұғаттап тастау қиынға соға ма, әлде ол да оңай ма?

Смақов: Меніңше, мейлі қай елден, қандай аккаунттан болсын, бұл жерде алгоритмдер қандай да бір жазбаға, келген шағымның көлемін қарайтын секілді. Ол жерде жасанды интеллект жұмыс істейді ғой. ЖИ қандай да бір жазбаға түсетін шағымдардың көлеміне мән береді. Бұл – алгоритмнің қатесі. Meta болсын, өзге платформа болсын, түскен бүкіл шағымды қарауға адами ресурсы жетпейді.

XS
SM
MD
LG