ХОСТИНГ-ПРОВАЙДЕР АРҚЫЛЫ ЖЕТКЕН ХАТ
17 наурыз күні Батыс Қазақстан облысы орталығы Орал қаласындағы "Уральская неделя" басылымы көрші Ресейдің байланыс, ақпараттық технологиялар мен бұқаралық коммуникациялар саласын қадағалайтын "Роскомнадзор" мемлекеттік мекемесінен ескерту хат алды. Онда қазақстандық басылым сайтында биыл 3 наурыз күні жарияланған "Трамп Путин соғысты аяқтағысы келеді деп мәлімдегеннен кейін Ресей армиясы Украинаның 75-тен аса бейбіт тұрғынын өлтірді" деген материалды дереу алып тастау туралы талап жазылған.
Оралдық басылым The Moscow Times онлайн-газетінен көшіріп басқан мақалада 12 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефонмен "ұзақ және өте өнімді" әңгімелескеннен бері Ресей Украинаға 3000-нан астам дрон мен кемінде 35 зымыран атқылағаны жөнінде Украина әуе күштерінің дерегі келтірілген еді. Бұған қоса, украин шенеуніктерінің мәліметіне сүйенген америкалық CNN телеарнасының есебінше, 75-тен астам бейбіт тұрғын қаза тауып, 300-ге жуық адам (көбі – бала) жараланған деп жазылған.
Ресейдің мемлекеттік мекемесі ол мақаланы "шынайы хабар атын жамылып, қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін" және "Ресейдегі әлеуметтік-саяси жағдайды шайқалтуды көздеген жалған ақпарат тарату" деп бағалаған. Бұл контент Ресейдің "Ақпарат, ақпараттық технологиялар және ақпаратты қорғау туралы" заңын бұзды деген "Роскомнадзор" қазақстандық басылымнан интернет ресурсынан мақаланы 24 сағаттың ішінде алып тастауды талап еткен.
– Өз халқын еркіндігінен айырып, темір перденің арғы жағына қайтадан тығып жатқаны аздай, онысын өзгелерге де таңуға тыраштанған мемлекеттің ақылынан адасқан мемлекеттік органының қылығы. Олар бізді өзіне қосып алдық деп ойлай ма екен? Біз құдды солардың азаматындай, солардың бұқаралық ақпарат құралындай хат жолдапты, – дейді мұндай хатты редакция бірінші рет алып отырғанын айтқан "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Тамара Есләмова Азаттыққа.
Оның сөзінше, дәл осы хатты редакцияға хостинг қызметін көрсететін қазақстандық компания да жіберіпті.
– Олар "заңға қайшы материал шыққаны және ол кемшілікті жою жайлы мынадай хат келген екен, шара қабылдарсыздар" деп бізге қарай бұрыпты. "Бөтен мемлекеттің хатын бізге неге жіберіп отырғандарыңызды түсінбедім, сонда "Роскомнадзордың" талабын орында демексіздер ме? Сіздер өзі қай елдің азаматысыздар?" деп сұрадым өкілінен. Басшылығымен сөйлесейін деп едім, телефонын алмады, – деді Есләмова 18 наурыз күні.
Оның айтуынша, редакция қазақстандық хостинг компаниясының қызметін пайдаланып жүргеніне бірер жыл ғана болған.
– Бұрын біз шетелдік хостинг ресурстарын жалдайтынбыз, ол арзан болатын, бізге ыңғайлы еді. Ал үш жыл бұрын өкімет барлық интернет ресурстарға ел аумағындағы хостинг қызметін пайдалануды Қазақстанның "Ақпараттандыру туралы" және өзге де заңдарына сәйкес, .KZ немесе .ҚАЗ домені аймағында тіркелген барлық интернет-ресурстардың серверлері (хостингі) Қазақстан аумағында орналасуға міндетті. Бұл талапты орындамағандарды жауапқа тарту шаралары қарастырылған., – деді Есләмова.
Оралдық басылымға хостинг қызметін көрсететін қазақстандық "PS интернет компаниясы" ЖШС өкілдері бұл мәселеге байланысты Азаттық радиосына жазбаша ғана жауап беретінін айтты. Редакция жолдаған сауалхатқа әзірше жауап келген жоқ.
"Роскомнадзор" биыл ақпан айында қазақстандық ҚазТАГ ақпарат агенттігі сайтын бұғаттауды талап еткен хатын да сол сайт орналасқан серверлерді қамтамасыз ететін "PS интернет компаниясына" жіберген еді. ҚазТАГ мәліметінше, "Роскомнадзор" талабына 2026 жылғы 20 қаңтарда Мәскеу қалалық соты қабылдаған шешім негіз болған. Ресей тарабы ҚазТАГ басшылығы, олардың адвокаттары және Freedom Finance қаржы ұйымы салымшылары қатысқан баспасөз жиындарынан түсірілген видеолар мен көпшілік алдындағы мәлімдемелерді және өзге материалдарды автор құқығын бұзу деп бағалаған. ҚазТАГ Ресейдегі сот туралы алдын ала хабардар етілмегенін айтқан. Агенттік ол жайында 3-4 ақпан күндері сайттың уақытша ашылмай қалуының себебін бірқатар қазақстандық интернет-провайдерлерден анықтаған кезде кездейсоқ білген. Ол жолы "PS интернет компаниясы" өкілдері ресейліктердің талабына қарамастан ҚазТАГ сайтын бұғаттамағанын айтқан еді.
"ЖАҚСЫ ҮРДІС ЕМЕС"
17 наурызда "Роскомнадзор" оралдық "Уральская неделя" газетімен бірге қазақстандық тағы бір ақпарат құралы – Exclusive.kz онлайн-басылымына да ескерту хат жіберген. Оған да Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысына қатысты жарияланған контент ілік болған.
"Роскомнадзор" қазақстандық сайтта биыл 13 қаңтарда жарияланған "2025 жылы Ресей Федерациясы жасаған шабуылдардан 2400-ге жуық бейбіт украин қаза тапты" деген мақаланы да "жалған хабар" және "Ресей федерациясындағы әлеуметтік-саяси жағдайды шайқалтуды көздеген" "шынайы емес әлеуметтік маңызды ақпарат" деп айыптаған. Бұл жолы да материалды дереу сайттан жоюды талап еткен.
Exclusive.kz редакциясы кейінгі жылдары "Роскомнадзор" мекемесінен Украинадағы соғыс тақырыбына жариялаған материалдарға қатысты бірнеше рет ескерту хат алғанын жазды.
Биыл 11 ақпанда және былтыр 14 мамырда Exclusive.kz сайтына "Роскомнадзор" мекемесінен келген екі хатта 2024 жылғы 13 тамызда жарияланған "Ресейлік орыс емес әлемі: бірінші кезекте жою" деген мақаланы алып тастау туралы талап айтылған. Ол мақалада Украинадағы соғыста өлген Ресейдегі аз ұлттар өкілдері жайлы деректерді билік жасырып-жабатыны сөз болған еді. "Роскомнадзор" талап қойған хатында Северодвинск қалалық сотының шешіміне сүйенген. Exclusive.kz редакциясы ондай шешім шыққанынан бейхабар болғанын айтады.
2022 жылы Exclusive.kz "Роскомнадзор" мекемесінен Украинаның Мариуполь қаласындағы бейбіт адамдар паналаған театрға Ресей әскерінің шабуылын Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы айыптағаны жайлы жаңалықты сайттан алып тастау туралы талап жазылған хат алған. Әйтпесе сайт бұғатталады деп ескерткен.
"Осылайша, бұл жеке-дара оқиға емес, керісінше, ресейлік реттеуші орган қазақстандық БАҚ-қа қайта-қайта талап қойып отыр. Басылым Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде тіркеліп, жұмыс істеп жатқанына қарамастан, бұл талаптардың бәрі Ресей заңдары мен ресейлік соттардың шешімдеріне сүйенеді" деп жазды Exclusive.kz 17 наурыз күні.
– Бұрын "Роскомнадзор" талап-ескертулерін қазақстандық басылымдарға тікелей өзі жіберетін. Ол басылымдарға Қазақстанда біз осы елдің ғана заңдарына бағынамыз, Ресейдегі сияқты емес, Қазақстанда Украина мен Ресей арасында соғыс болып жатыр деп жазуға тыйым салынбаған, Ресейдің заңы бізге жүрмейді, сондықтан ондай материалдарды алып тастауға ешқандай негіз жоқ деп кеңес беретінбіз. "Роскомнадзор" мекемесінің ондай контентке қолдана алатын жалғыз амалы – сол ресурсты Ресей аумағында бұғаттау, – дейді "Құқықтық медиаорталық" қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова.
Алайда кейінгі кезде алаңдаушылық тудырған үрдістер байқалып отыр дейді ол.
– "Роскомнадзор" енді басылымға тікелей емес, хостинг қызметін көрсетіп отырған компания арқылы әрекет жасауға көшкен. Мысалы, ол компания мәселенің байыбына бармастан, ескерту хатты "Уральская неделя" газетіне бұрып, мыналар алып тастамасаңдар сөйтеміз-бүйтеміз деп жатыр деумен отыр. Біз әрине, хостинг беруші компанияға істің мән-жайын, бізде ондай ақпаратқа тыйым салынбағанын түсіндіріп хат жазамыз. Қазақстандық провайдерлер "Роскомнадзор" жіберетін хаттарға мұқият болар деп үміттенеміз, – деді Біржанова Азаттыққа.
Ол Қазақстанда интернет ресурстарды Ресейдің заңдарын алға тартып бұғаттауға ешкімнің құқығы жоғын, ондай әрекет – заңсыз екенін айтады.
– Қазақстанның "Байланыс туралы" заңының 41-1-бабында байланыс желілерінің және құралдарының жұмысын тоқтата тұру тәртібі нақты белгіленген, оның арасында, мысалы, Ресей-Украина соғысы айтылмаған, сондықтан біздегі провайдерлерге осындай жайттарды зерттеп, қаперде ұстауға кеңес берер едім, – деді заңгер.
Гүлмира Біржанова ресейлік билік орындарының іс-әрекетінен kz домені аймағын да бақылауда ұстауға деген ұмытылыс байқалатынын айтады.
– Бұл жақсы үрдіс емес. Өткенде олар Respublika.kz.media интернет-басылымын "шетел агенті" тізіміне енгізгені есіңізде шығар. Ресей федерациясы біздегі ақпарат ағынын реттеп, бақылауда ұстағысы келеді деп ойлаймын, kz домені аймағындағы басылымдарға талап қойып жатқаны кездейсоқтық демес едім. Алайда, "Роскомнадзор" не айтса, соған көне беруге болмайтынын, Қазақстан аумағында өзге елдің заңдары интернет ресурстарды бұғаттауға негіз бола алмайтынын ұмытпаған жөн, – дейді "Құқықтық медиаорталық" қоғамдық ұйымының өкілі.
2023 жылғы ақпанда баспасөз еркіндігін қорғайтын "Әділ сөз" қоры Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен сыртқы істер министрлігіне ашық хат жазып, "Роскомнадзор" кемінде тоғыз қазақстандық БАҚ-тан Украинадағы соғысқа байланысты материалды алып тастауды талап еткенін баяндаған.
Қазақстандық басылымдарды "талапты орындамады" деген желеумен сотқа шақырып жатқанын айтқан қор үкіметтен "Ресейдің мемлекеттік органдары қандай халықаралық міндеттемелерге сүйеніп, қазақстандық БАҚ пен журналистерді сотқа шақырып жатыр?" деген сауалға жауап беруді талап еткен.
"Қазақстан үкіметі БАҚ-тағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асуын қамтамасыз етіп, Қазақстан Конституциясы кепілдік берген сөз еркіндігін қорғауы керек" деп жазған еді ашық хат авторлары. Алайда ресми Астана тарапынан бұл мәселе бойынша пәрменді іс-әрекет байқалмады, ал ресейлік қадағалаушы ұйымдардың қазақстандық басылымдарға талаптары одан кейін де толастаған жоқ дейді БАҚ өкілдері мен құқық қорғаушылар.