Accessibility links

Журналисті экстремистке теңестірген заман. Орталық Азиядағы медиа мен авторларға ауыр тиген жыл


Сөз еркіндігін қолдау акциясы. Қырғызстан, Бішкек, 25 қараша, 2022 жыл (Азаттық архивіндегі фото)
Сөз еркіндігін қолдау акциясы. Қырғызстан, Бішкек, 25 қараша, 2022 жыл (Азаттық архивіндегі фото)

2025 жыл Орталық Азия елдеріндегі тәуелсіз басылымдар мен журналистерге жеңілдік әкелген жоқ. Халықаралық ұйымдар дерегінше, аймақтағы елдерде онсыз да өрісі шектеулі сөз еркіндігі барған сайын тарылып барады. Медиа мен интернетті бақылаудың жүйелі түрде күшеюі, журналистер мен белсенділерді қудалау, "ақпараттық қауіпсіздік" туралы заңдардың көбеюі және цифрлық бақылау құралдары аясын кеңейту – осының бәрі аймақта тұрақты үрдіске айналған. Қазақстанда әлеуметтік желі аудиториясымен жұмыс істейтін тәуелсіз журналистердің аккаунттары жиі бұғатталады; Қырғызстанда зерттеуші журналистер материалдарын билік экстремистік өнімге жатқызады.

ҚАЗАҚСТАН: ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАУ, БҰҒАТТАУ, АККАУНТТАРДЫҢ ӨШУІ

2025 жылғы желтоқсанның алғашқы күні Қазақстандық Orda.kz басылымы қатты әбігерге түсті. Медиажоба редакциясына және оның негізін қалаушы әрі бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың Алматыдағы пәтеріне тінту жүргізілді. Полиция журналистердің компьютерлері мен ұялы телефондарын тәркіледі.

Гүлнәр Бажкенова
Гүлнәр Бажкенова

1 желтоқсан кешке тергеу соты бас редакторды үйқамаққа алу жөнінде шешім шығарды. Бажкеноваға "көрінеу жалған ақпарат тарату" айыбы тағылып отыр. Бұл айып Orda.kz басылымының жоғары лауазымды шенеунік Мұрат Нұртілеудің сыбайлас жемқорлыққа қатысы жайлы резонанс тудырған материалдарына қатысты емес – билік ол материалдардың мазмұнын жоққа шығарғанымен, нақты талаптар қоймаған. Бажкеноваға басылымның өткен жылдардағы мақалаларына байланысты айып тағылды.

Адвокат Мұрат Адам Бажкенованың үстінен іс қозғап, қудалауды бас редактордың рейдерлік қысым көргені туралы берген арызы бойынша басқа құзырлы орган бастаған тергеу ісімен байланыстырады. Адвокаттың айтуынша, Бажкенова үйқамақта отырған кезде оның арызы бойынша басталған тергеу ісі бөгеліп қалған.

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстан билігін Orda.kz бас редакторына тағылған айыптарды алып тастауға және басылымның еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырып үндеу жасады.

Желтоқсанның аяғында Астанада полиция тағы бір бұқаралық ақпарат құралының – ҚазТАГ ақпарат агенттігі кеңсесіне және оның бас редакторы Әмір Қасеновтің пәтеріне тінту жүргізді . Содан бірнеше күн бұрын Қасенов полицияға тергеуге шақырылғаннан кейін уақытша ұстау изоляторында бір күн отырған соң үйқамаққа алынған еді.

ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасенов
ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасенов

АӘмір Қасенов пен ҚазТАГ бас директоры Әсет Матаев та "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінді. Қылмыстық іс Freedom Finance атты брокерлік компанияның арызы бойынша қозғалған. ҚазТАГ Ресейден шыққан миллиардер Тимур Турловқа қатысы бар компанияның менеджерлерінің күмәнді іс-әрекетінен зардап шеккенін мәлімдеген адамдар жайлы бірнеше материал жариялаған.

Осы оқиғалар өрбіп жатқан шақта Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін "елдегі журналистерге қысымды тоқтатуға" үндеді . Бұған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Қазақстанда ешкім кәсібіне бола қудаланбайды" мәлімдеп, "егемен мемлекеттің ішкі ісіне араласудан, расталмаған ақпарат таратудан және тергеу органдарына қысым көрсетуден аулақ болу үшін тергеу аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға" шақырып жауап қатты .

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы биыл мамыр айында жариялаған есебінде Қазақстанда қалған санаулы тәуелсіз БАҚ қатарында "Власть" онлайн-басылымын, "Уральская неделя" газетін, ҚазТАГ агенттігі мен Respublika порталын атап, елдің медиа кеңістігі іс жүзінде "режимнің насихат арнасына" айналғанын жазған. Ұйымның 2025 жылға арналған баспасөз еркіндігі рейтингінде Қазақстан әлемдегі 180 елдің ішінде 141-орында тұр.

"Шекарасыз тілшілер" есебінде аталған Respublika порталы биыл қараша айында Қазақстан аумағында бұғатталып қалды. Басылымның әлеуметтік желілердегі аккаунттары да шектеуге тап болды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мұны 2012 жылғы сот шешіміне байланысты деп түсіндірді: сол кезде сот ондаған оппозициялық басылымды "біртұтас БАҚ" деп танып, оларға "экстремист" басылым ретінде тыйым салған . Алайда биылғы бұғаттауды өзі жариялаған, әлдекімдерге жақпай қалған материалдармен байланыстырған басылым редакциясы қазір бұғатталған respublika.kz.media сайты 2014 жылы, яғни сот шешімі шыққан соң екі жылдан кейін құрылғанын айтты.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда YouTube, Telegram және Instagram платформаларында балама жобаларды іске қосқан кәсіби журналистер де елеулі қиындықтарға тап болғанын айтады. 2025 жылы медиа жобалардың авторлары – Лұқпан Ахмедияров ("Просто журналистика"), Вадим Борейко ("Гиперборей"), Асхат Ниязов ("Обожаю") – әлеуметтік желілердегі аккаунттары өшірілгенін хабарлады .

Қазақстанда 2024 жылы қабылданған "Масс-медиа туралы" заң онсыз да цензураға тап болып отырған БАҚ-қа билік бақылауын күшейтті деп есептейді "Шекарасыз тілшілер" ұйымы. Алайда желтоқсанның басында вице-премьер қызметіне тағайындалған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елде сөз еркіндігіне қатысты ешқандай проблема жоқ деп бұрыннан айтып жүр .

Журналист Думан Мұхаммедкәрім түрмеде отырғанына екі жылдан асты. Қаңтар көтерілісі туралы материалдарымен жұртқа танымал болған "Ne Deidi?" YouTube-арнасының авторы 2024 жылы "экстремизмді қаржыландырды" және тыйым салынған ұйымға "қатысты" деген айыптар бойынша жеті жылға бостандығынан айырылған. Журналистің істі болуына оның шетелде тұратын оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты ілік болған. Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Құқық қорғаушылар оны саяси тұтқын деп есептейді. Ресми Астана елде саяси көзқарасына бола қудалауға түскен ешкім жоқ дейді.

ҚЫРҒЫЗСТАН: "ЖАППАЙ ТӘРТІПСІЗДІККЕ ШАҚЫРУ" АЙЫБЫНАН "ЭКСТРЕМИСТ" ДЕП ТАНУҒА ДЕЙІН

Орталық Азия мемлекеттері арасында Қырғызстан ұзақ уақыт бойы бұқаралық ақпарат құралдары салыстырмалы түрде еркін ел саналып келген еді – әйтеуір сырт көзге солай көрінетін. Бірақ кейінгі жылдары жағдай өзгерді: тәуелсіз басылымдар қатты қысымға ұшырап, журналистер мен азаматтық белсенділердің үстінен қылмыстық іс қозғап, түрлі айыптар таға бастады. Солардың ішінде ең жиі қолданылғандардың бірі – "жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру" айыбы.

Журналистер Жоомарт Дуулатов (сол жақта) пен Александр Александров сотта әйнек қоршаудың ішінде отыр
Журналистер Жоомарт Дуулатов (сол жақта) пен Александр Александров сотта әйнек қоршаудың ішінде отыр

Мұндай айып жемқорлықты әшкерелеген зерттеулерімен танымал "Клооп" басылымының қызметкерлеріне де тағылды. 2025 жылғы мамыр айында редакцияның бұрынғы және қазіргі қызметкерлерін тергеуге шақыртты. Төрт адам – екі оператор мен екі бухгалтер – қамауға алынып, кейін сот оларды "жаппай тәртіпсіздіктерге шақырғаны үшін кінәлі" деп таныды. Билік олар жариялаған материалдар мен зерттеулерді мемлекет тұрақтылығына қауіп төндіреді деп қабылдады. Human Rights Watch және "Шекарасыз тілшілер" құқық қорғау ұйымдары бұл істі елдегі соңғы тәуелсіз медиалардың біріне қысым көрсету әрекеті деп бағалады.

Қыркүйек айында Бішкек соты "Клооп" операторы Александр Александровты және басылымның бұрынғы қызметкері Жоомарт Дуулатовты бес жылға бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарды. Кейін апелляциялық сот бұл жазаны үш жылдық пробацияға ауыстырып, екеуін қамаудан босатты. Amnesty International құқы қорғау ұйымы журналистерді қудалауды "қылмыстық заңды тәуелсіз журналистикаға қысым жасауға пайдаланудың сорақы мысалы" деп атады.

Алайда ең қатаң шаралар былтыр қазан айының аяғында қолданылды. Қырғызстан соты "Клооп" жарияланымдарын, сондай-ақ Temirov Live және "Айт, айт десе" журналистік жобаларды, сонымен бірге олардың негізін қалаушылар Ринат Тухватшин мен Болот Темировтың қызметін "экстремистік" деп таныды . Сот үш медиа жобаға қатысты шешімді олардың өкілдерінің қатысуынсыз қабылдады. Редакциялар тіпті сот процесі өткенінен бейхабар болған.

Бұл сот қаулысы бұрын-соңды болмаған жағдай ретінде бағаланды: елде алғаш рет журналистерді "экстремистер" қатарына қосып отыр.

Қазақстандық құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның негізін қалаушы Евгений Жовтис Азаттық Азияға берген пікірінде Қырғызстан "бір кездері жариялаған жолынан ауытқып бара жатқанын" айтты:

– Қырғызстан өз беделіне бұған дейін-ақ айтарлықтай нұқсан келтірген еді, ал мына ісі соның айқын дәлелі ғана. Экстремизм ұғымын тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарымен, саяси оппозициямен, азаматтық белсенділермен және тағы басқалармен күресуге қолдану – авторитар мемлекеттерге тән құбылыс. Ондай Ресейде, Қазақстанда анағұрлым айқын байқалады, бұған дейін Беларусьте де, сондай-ақ экстремизм мен терроризмге қарсы күресті саяси оппозициямен, өзгеше пікір айтушылармен, тәуелсіз БАҚ-пен, журналистермен және азаматтық белсенділермен күресу құралына айналдырған өзге де мемлекеттерде де солай болған.

"Қырғызстанның "Клооп" және Temirov Live зерттеу басылымдарын, сондай-ақ олардың негізін қалаушылар Болот Теміров пен Ринат Тухватшинді "экстремистер" деп тануы – ел билігінің жоғарғы деңгейіне қатысы бар сыбайлас жемқорлық жайлы зерттеулерді тұншықтыруды көздеп жанұшыра жасалған әрі тіксінтетін әрекет, – деп мәлімдеді Журналистерді қорғау комитетінің (CPJ) Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламасының үйлестірушісі Гүлноза Саид. – Бұл президент Жапаров басқаратын Қырғызстанның баспасөз еркіндігі жоғары деңгейдегі ел деп бағаланған бұрынғы мәртебесінен қаншалықты алыстап кеткенін көрсететін бұрын-соңды болмаған шешім.

Болот Теміров
Болот Теміров

Қазір шетелде тұрып жатқан, былтыр күзде CPJ ұйымының баспасөз еркіндігі үшін берілетін халықаралық сыйлығын алған Болот Теміров Қырғызстан сотының шешіміне келіспейтінін және өз принцптерінен таймайтынын мәлімдеді.

2023 жылы Қырғызстан билігі Теміров жобасының 11 журналистін ұстап, оларға "жаппай тәртіпсіздіктерге шақырды" деген айып таққан. Ақыр соңында ұсталғандардың екеуі: "Айт, айт десе" жобасының қызметкері Азамат Ишенбеков пен Temirov Live жобаларының директоры, Болот Теміровтің зайыбы Махаббат Тәжібекқызын сот бас еркіндігінен айырды . Ишенбековке 2025 жылдың көктемінде президент рақымшылық жасап, ол бостандыққа шықты , ал Тәжібекқызы екі жылға жуық уақыттан бері түрмеде отыр. Сот оны алты жылға қамаған.

2025 жылы Қырғызстан "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз рейтингінде бұрынғысынан 24 орын төмендеп, қазір 144-орында тұр.

Freedom House құқық қорғау ұйымы Қырғызстанды интернеті "жартылай еркін" елге жатқызады (2025 жылғы бағалау жағдайы нашарлағанын көрсетеді). Тәуелсіз құқық қорғау ұйымдары Қырғызстан билігін елде сөз еркіндігін қамтамасыз етуге және қамауда отырған медиа өкілдерін босатуға бірнеше мәрте шақырған.

НӨКІСТЕГІ НАРАЗЫЛЫҚ ЖАҢҒЫРЫҒЫ: "СЕПАРАТИСТІК МАТЕРИАЛДАР" ТУРАЛЫ ІСТЕР

Өзбекстан бұл рейтингте 148-орынға жайғасты.

2016 жылы Шавкат Мирзияев билікке келгеннен кейін Ташкент белгілі бір дәрежеде "жылымық" белгілерін көрсеткен еді. Алайда кейінгі жылдары құқық қорғау ұйымдары баспасөзге және интернетке жасалатын қысым күшейіп келе жатқанына назар аударып отыр.

Freedom House және Human Rights Watch ұйымдары блогерлерді ұстау, сайттарды бұғаттау, сыни пікір білдіргендерді қудалау тыйылмай отырғанын тіркеп келеді. Мұндай жайттар Қарақалпақстанға байланысты істерден де көрініс тапқан.

2022 жылдың жазында Нөкістегі наразылық күшпен басып-жаншылғаннан кейін (мыңдаған қарақалпақ Өзбекстан құрамындағы республиканың егемендігіне кепіл беретін конституциялық нормаларды алып тастау жайлы Ташкенттің ұсынысына қарсылық білдіріп көшеге шыққан; билік оларға күш қолданып, кемінде 20 адам қаза тапқан) Қарақалпақстанда қуғын-сүргін басталды. Наразылық жетекшілері түрмеге жабылып, әлеуметтік желілердегі контентке бақылау күшейтілді. Ондаған қарақалпақ белсенді интернетте билік "сепаратистік" деп бағалайтын материалдарды таратты деген айыпқа ілікті. Оларға "қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін материалдар тарату" бабы бойынша айып тағу жалғасып жатыр .

"Қарақалпақстанның егемен автономиялық республика ретіндегі конституциялық мәртебесін сақтауды қолдаған митингілерді жариялаған тілшілерді қуғын-сүргінге салу биліктің өзгеше ойлайтын барлық дауысты, әсіресе тең құқықты талап етіп отырған аз ұлт өкілдерінің үнін өшіруге бел байлағанын көрсетеді", – деп мәлімдеді "Шекарасыз тілшілер".

Құқық қорғау топтары Өзбекстанда интернеттегі "билікті қорлау" немесе "экстремизм" іс-әрекеті үшін қылмыстық қудалау қоғамда үрей атмосферасын қалыптастырып отырғанын айтады: қолданушылар жазбаларын өшіреді, өзін-өзі цензуралайды немесе аты-жөнін жасыруға мәжбүр болады.

СЕГІЗ ЖЫЛҒА ТҮРМЕГЕ ҚАМАУ: ТӘЖІК ЖУРНАЛИСІНЕ ЖАБЫҚ СОТТА ШЫҒАРЫЛҒАН ҮКІМ

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының Баспасөз еркіндігі индексінде Тәжікстан 153-орында тұр. Елде бұқаралық ақпарат құралдарына қатаң қысым көрсетілетіні айтылған: үкімет контентті мұқият бақылап отырады, мемлекеттік емес басылымдардың ресми ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі. Өзін-өзі цензуралаудан бас тартып, билікке сын айтуға батылдық танытқан журналистер арнаулы қызметтер нысанасына айналып, қорқытып-үркіту мен бопсаға ұшырайды.

Рухшона Хакимова
Рухшона Хакимова

2025 жылы Тәжікстанда ең үлкен қоғамдық резонанс тудырған істердің бірі – "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыппен сегіз жылға сотталған журналист Рухшона Хакимованың ісі болды. Екі баланың анасы сот залында қамауға алынды. Сот процесі жабық өткендіктен істің мән-жайы сол күйі белгісіз қалып отыр. Хакимованың туыстары журналист өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ дейді.

Халықаралық ұйымдар мен жүздеген қолданушы билікті үкімді жеңілдетуге шақырғанымен, Душанбе ешқандай реакция білдірмеді.

2022 жылы Таулы Бадахшан автономиялық облысында билік күш қолданып, қатаң түрде басып-жаншыған наразылықтар туралы кез келген репортаждарға тыйым салынған, ал ол тыйымды бұзғандар қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкін.

"[Тәжікстандағы] саяси оппозиция мен тәуелсіз БАҚ үздіксіз репрессия науқанының жойқын әсеріне тап болды, ал үкімет діни пікірлер мен қызметті қатаң бақылауда ұстап отыр. Байлық пен билік [президент Эмомали] Рахмон мен оның отбасының қолында шоғырланған", – деп мәлімдеді Freedom House ұйымы.

ІЗ-ТҮЗСІЗ ЖОҒАЛҒАН ТҮРКІМЕН БЛОГЕРЛЕРІ

Түркіменстан жаһандық рейтингтердің ең төменгі орындарынан жылжымай, тұрақтағалы көп уақыт болған. Қазір ол Баспасөз еркіндігі индексінде 174-орында тұр. "Шекарасыз тілшілер" ұйымы бұл жабық елдегі барлық жаңалықтар билік режимін, президент Сердар Бердімұхамедовті және оның әкесі, бұрынғы президент Ғұрбанқұлы Бердімұхамедовті мадақтаумен ғана шектеледі дейді. Бұқаралық ақпарат құралдары "Түркіменстанның жағымды бейнесін" қалыптастыруды көздейтін мемлекеттік пропагандамен ғана айналысады.

Солтан Ачилова
Солтан Ачилова

76 жастағы Солтан Ачилова – Азат Еуропа/Азаттық радиосының бұрынғы тілшісі әрі Түркіменстанда үкіметті ашық сынға алатын жалғыз журналист – үнемі кедергілерге тап болып келеді. 2024 жылғы қарашада Ашғабатта оны "шұғыл" тексеру керек деген сылтаумен ауруханаға мәжбүрлеп жатқызды. Құқық қорғаушылардың пікірінше , билік Женеваға халықаралық сыйлық алуға бармақ болған Ачилованы шетелге жібермеу үшін әдейі осындай амал ойлап тапқан.

2025 жылғы көктемде Түркияда түркімен блогерлері Абдулла Орусов пен Әлішер Сахатов ұсталды. Әлеуметтік желідегі эфирінде Түркіменстандағы көкейкесті әлеуметтік мәселелерді үнемі айтып жүрген екі блогерді депортация орталығына жайғастырды. Кейін Анкара халықаралық қорғау сұраған екеуінің өтінішін орындаудан бас тартты. Маусым айында олармен байланыс үзілді. turkmen.news тәуелсіз интернет-басылымы өз дереккөзіне сүйеніп, Орусов пен Сахатов 28 шілдеде жасырын түрде Түрікменстанға жөнелтілген деп хабарлады. Олардың тағдырына алаңдаған халықаралық құқық қорғау ұйымдары Түркіменстанда блогерлер түрмеге қамалып, азаптауға ұшырауы мүмкін екенін айтты.

Жалпы алғанда, Орталық Азияда сөз еркіндігі кеңістігінің тарылуы тұрақты үрдіске айналғаны байқалады. Құқық қорғау ұйымдарының айтуынша, жекелеген "реформалар" мен "жаңғырту" жайлы мәлімдемелерге қарамастан, тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қысым жасау тоқтамай отыр. Олар "дезинформациямен күрес" жөніндегі жаңа заңдар мен деректерді жергілікті жерде сақтау туралы талаптар азаматтарды бақылауды күшейту үшін жиі пайдаланылатынын айтады. Аймақтағы бұл үрдістер цифрлық қадағалау кеңейіп жатқанын және азаматтардың еркін пікір білдіру құқықтары шектеліп отырғанын көрсетеді.

"Орталық Азияның барлық өңірінде сын айтушыларды бұлыңғыр қылмыстық баптар бойынша – экстремизм деген долбармен, жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру, жала жабу, жалған ақпарат тарату және араздық қоздыру сияқты айыптаулармен қудалап, соттау жалғасып келеді, – делінген былтыр желтоқсанда жарияланған CIVICUS Monitor халықаралық тобы есебінде. – Сот процестері көбіне тиісті құқықтық рәсімдер сақталмай, жабық өтеді. Көптеген азаматтық қоғам белсенділері, құқық қорғаушылар мен журналистер саяси себептермен түрмеге қамалып, ауыр жағдайда жазасын өтеп жатыр".

XS
SM
MD
LG