Accessibility links

Халықаралық қорғау ұйымдары коалициясы Қазақстан билігіне сөз еркіндігі жайлы үндеу жолдады


Халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан тұратын коалиция Қазақстан билігін "журналистерге қарсы қысымды" доғаруға шақырды. Суретте Orda.kz басылымының Алматыдағы кеңсесін тінту кезінде есік сыртында күзетіп тұрған құзырлы орган қызметкерлері. 1 желтоқсан 2025 жыл
Халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан тұратын коалиция Қазақстан билігін "журналистерге қарсы қысымды" доғаруға шақырды. Суретте Orda.kz басылымының Алматыдағы кеңсесін тінту кезінде есік сыртында күзетіп тұрған құзырлы орган қызметкерлері. 1 желтоқсан 2025 жыл

Сәрсенбі, 17 желтоқсан күні тоғыз құқық қорғау ұйымынан тұратын коалиция Қазақстан билігі кейінгі апталарда тәуелсіз журналистер мен баспасөз құралдарына қысым көрсетіп жатыр деп мәлімдеп, ел билігіне үндеу арнады.

"Астана адам құқығы мен азаматтық еркіндікті қорғауда маңызды рөл атқаратын сөз еркіндігі мен тәуелсіз журналистиканы жаншуды доғаруға тиіс. Қазақстан баспасөз еркіндігі мен ақпараттың қолжетімділігін құрметтеп, оны қорғауы қажет" деді "Халықаралық амнистия" (Amnesty International) ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Мейзи Вайхердинг.

Коалицияға "Халықаралық амнистия", швециялық Civil Rights Defenders ұйымы, Crude Accountability, "Еуразия үшін бостандық", "Қазақстандағы адам құқықтары және заң үстемдігі жөніндегі халықаралық бюро", "Адам құқықтары жөніндегі Хельсинки қоры", Human Rights Watch (HRW), "Адам құқықтары жөніндегі халықаралық әріптестік" (IPHR) және "Норвегиялық Хельсинки комитеті" кірген.

Коалиция осы айдың басында Orda.kz басылымының кеңселерінде болған тінту жұмыстарын атап өткен. 1 желтоқсанда полиция басылымның Астана мен Алматыдағы кеңселерін және сайт бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың үйін тінтіп, артынша Бажкенова екі айға үйқамаққа алынды. Полиция бас редактордың үстінен жалған мәлімет тарату бойынша қылмыстық істер қозғалғанын мәлімдеді.

"Қазақстан үкіметі Конституциясына және халықаралық міндеттемелеріне сай сөз еркіндігін ұстанатынын тоқтаусыз айтып келеді. Биыл қаңтарда өткен БҰҰ әмбебап кезеңдік шолуы кезінде де айтқан" деді коалиция өкілдері.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ АККАУНТТАРДЫҢ БҰҒАТТАЛУЫ

Құқық қорғаушылар кейінгі айда бірқатар тәуелсіз журналистің әлеуметтік желідегі аккаунттары бұғатталғанына да назар аударған. Мысал ретінде, тәуелсіз журналист "Просто журналистика" жобасының Instagram-дағы аккаунты, жоба авторы журналист Лұқпан Ахмедияровтың Facebook-тегі парақшасы бұғатталғаны, журналист Вадим Борейконың Instagram мен Facebook-тегі жазбалары өшірілгені, журналист Асхат Ниязовтың Instagram-дағы аккаунты, белсенді Санжар Боқаевтың Instagram мен Facebook-тегі аккаунттары бұғатталғаны аталған.

Әлеуметтік желі платформалар бұл шешімдерін түрлі себеппен түсіндірген. Бірде "қауым ережесі бұзылды" десе, бірде "қауіпсіздік мақсатында" деген.

Тергелген сықақшы, қамалған редактор, 274-бапқа қарсылық — AzatNEWS l 02.12.2025
please wait

No media source currently available

0:00 0:27:52 0:00

Аталған аккаунттар белгілі бір уақыттан соң қалпына келтірілген.

HRW ұйымы 12 желтоқсан күні Instagram және Facebook платформаларының иесі – Meta компаниясына хат жазып, журналистер мен белсенділердің аккаунттары не себепті уақытша бұғатталғанын, бұған Қазақстан үкіметінің арыз-шағымы қатысы бар-жоғын сұраған. Meta сауалға жауап беріп, компания "қолданушыларға жергілікті заңды бұзатын контент жөніндегі қабылданған шаралар туралы ескерту беруге және бұл туралы сыртқы тарапқа ақпарат беруге тырысатынын" мәлімдеген.

Коалиция хабарламасында Meta-ға қойылған сұрақтар жөнінде нақты жауап алынбағаны айтылған.

Кейін кей журналистер мен блогерлердің бұғатталып қалған парақшалары қайта ашылғаны белгілі болған.

Желтоқсанның басында Қазақстандағы тағы бір басылым – ҚазТАГ агенттігі басшысы мен редакторы жалған ақпарат тарату күдігіне ілінгені мәлім болды.

Осыдан соң Қазақстан вице-премьері әрі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін" айтты және министрлік құзыреті аясында "журналистердің құқығын қамтамасыз етуге және сот істерінің әділ қаралуы үшін қажетті барлық шараларды қабылдайтынын" мәлімдеді.

Сөйте тұра ол "бұқаралық ақпарат құралдары заңды бұзбай жұмыс істеген жағдайда ғана мемлекет олардың құқығын тиімді қорғай алады", тараптар тартысы "құқықтық алаңға ауысса, мемлекеттік органның араласуы сотқа қысым ретінде қабылдануы мүмкін" деді.

Балаева бұған дейінгі мәлімдемелерінде Қазақстанда баспасөз еркіндігіне ешқандай кедергі жоқ, журналистер қалағанын жазады деген.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының рейтингіндегі Қазақстанның орны жөнінде журналистердің қойған сұрағына мәдениет және ақпарат министрі:

– Бағалау әдістері түрліше болатыны сияқты, рейтингтер де әртүрлі болады. Бірақ қандай шектеу бар, соған шынайы қарайықшы. Не қаласа соны жазып, сынға алып жатыр. Кейде шынымен аса қатты сын айтады. Қай жерде шектеу бар? Мен мұнда ешқандай шектеу көріп тұрған жоқпын, Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына барлық жағдай жасалған деп есептеймін, – деп жауап берген.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының 2025 жылға арналған баспасөз еркіндігі есебінде Қазақстан 180 елдің ішінде 141-орын алған. Ұйым Қазақстанда "тәуелсіз медиа еркін жұмыс істей алатын жалғыз кеңістік – интернетті бақылау күшейді" деп мәлімдеді.

ЛГБТ ПРОПАГАНДАСЫ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ

Құқық қорғаушылар 2 желтоқсан күні Vlast.kz сайты DDoS шабуылына ұшырағанын да атап өткен.

Коалиция атап өткен тағы бір тақырып – Қазақстан парламентінің "ЛГБТ пропагандасына тыйым салу туралы" заңды қарастыруы. Құқық қорғау ұйымдары мәжіліс мақұлдаған бұл норма өзін ЛГБТ мүшесі деп танитын адамдармен қатар журналистердің, ғылым саласы өкілдерінің, әртістердің, құқық қорғаушылардың және азаматтық қоғам өкілдерінің де құқығын шектейді деп мәлімдеді. Коалиция бұл заңды қабылдау Қазақстанның адам құқығы жөніндегі халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетінін айтты.

"Пропаганда туралы деген заңнаманы ілгерілету ашық түрде гомофоб және алалау сипатында болумен қатар мемлекеттің қоғамдық дискурсқа бақылауын қауіпті деңгейде кеңейтіп, елдегі онсыз да тарылып бара жатқан азаматтық кеңістікті одан әрі әлсіретеді" дейді "Еуразия үшін бостандық" ұйымының директоры Лейла Назгүл Сейітбек. "18 желтоқсан күні заң жобасына Қазақстан сенатында дауыс беріледі, заң шығарушылар бұл зиянды заңға табанды түрде қарсы дауыс беруі керек".

Коалиция сондай-ақ әлеуметтік желі платформалары Қазақстандағы қолданушылардың адам ретіндегі құқықтарын құрметтеуге тиіс деп мәлімдеп отыр.

Ту өртегендерді қамау, ЛГБТ белсенділері, Назарбаевтың қайынағасы — AzatNEWS l 24.11.2025
please wait

No media source currently available

0:00 0:33:13 0:00

Қазақстанда Еділ Жаңбыршин бастаған мәжіліс депутаттары "ЛГБТ насихатына тыйым салатын" заң жобасын қабылдау туралы бастама көтеріп, 12 қарашада төменгі палата тиісті түзетулерді мақұлдады.

Депутаттар бұл норманы "архив ісі" туралы заңға қосты. Бастамашылардың айтуынша, бұл ереже балалар мен жасөспірімдердің "отбасы және дәстүрлі қатынастар туралы түсінігіне кері әсер етуі мүмкін" деген ақпараттан қорғау. "Өскелең ұрпақтың ой-санасын қорғау - бұл олардың қауіпсіздігі, псхикалық денсаулығы мәселесі" деді бұл жөнінде мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Мәжіліс өкілдерінің айтуынша, бұл заң ЛГБТ қауымының өзіне емес, ЛГБТ "пропагандасына" қарсы бағытталған. Бірақ құқық қорғаушылар "ЛГБТ пропагандасы" деген қисынсыз уәж екенін, адам туғаннан солай жаратылатынын, ешқандай "насихат" оған әсер етпейтінін, бұл заң сөз еркіндігін шектеуге бағытталғанын айтады.

Желтоқсанда Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі Epetition платформасында 17 қарашада жарияланған "Біз ЛГБТИК+ адамдарды шектейтін заңдарға қарсымыз" атты петицияны қабылдамайтынын мәлімдеді.

"Халықаралық амнистия" ұйымы биыл сәуірде жарияланған "Әлемдегі адам құқығы ахуалы" дейтін жылдық есебінде Қазақстанда ЛГБТ өкілдері биліктен қысым көріп отыр деп баға берген.

XS
SM
MD
LG