Оразамен тұспа-тұс келген аштық акциясы
Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Думан Мұхаммедкәрім өзін Қазақстан заңында көрсетілгендей, тұрғылықты жері – Алматы облысындағы жаза өтеу мекемесіне ауыстыруды талап етіп, биыл 16 ақпанда аштық акциясын бастаған. Бұл оның қамауға алынғаннан бергі жетінші наразылық акциясы болған.
Думан Мүхамедкәрімнің кейінгі аштық акциясы Ораза айымен сәйкес келген. Бұл жолы журналист күндіз су да ішпеген дейді адвокат.
– Су татпай, тамақ ішпей қатты жүдеген. Әрі қарай жалғастыру өміріне қауіпті екенін сезгеннен кейін тоқтатты, – деді Нұрпейісов.
Оның есебінше, Думан Мұхаммедкәрім кейінгі 1,5 жыл ішінде жеті рет аштық жариялап, жалпы саны 110 күнге жуық уақыт нәр татпай қойған. Түрмеге алғаш түскен кезде оның салмағы 90 келі болған. Адвокат осы жолғы аштық акциясы кезінде журналистің жағдайы ауырлап, салмағы 55 келіге түскенін, қан қысымы 90/70 деңгейіне төмендеп, өздігінен жүріп-тұруы қиындағанын айтты.
– Думан аштықты 23 наурызда тоқтатқан. Себебі денсаулығы қатты нашарлап кетті. Өздігінен жүре алмай қалған соң, денсаулығын қалпына келтіру үшін аштығын үзуге мәжбүр болды, – деді Ғалым Нұрпейісов.
Қорғаушының мәліметінше, қазір журналистің салмағы шамамен 60 келіге жуықтап қалған. Алайда оның жалпы физикалық және психологиялық жағдайы әлі де алаңдатады, дейді Нұрпейісов.
Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Қызылорда облыстық департаментіне қарасты 60-мекеме бастығы М.Өтетілеуов Азаттыққа биыл 19 наурызда жолдаған жазбаша жауабында сотталған азаматтардың жеке ісіне қатысты мәлімет жарияланбайтынын айтып, қамаудағы журналистің аштық жариялағаны жөніндегі сұраққа нақты жауап бермеген еді.
Мекеме бастығы сотталған азаматтарға медициналық көмек көрсету құзыреті денсаулық сақтау министрлігіне берілгенін де алға тартып, медициналық көмек туралы сұрақты да жауапсыз қалдырған.
Думан Мұхаммедкәрім өзі отырған камераға белгісіз жарылғыш зат лақтырылғанын айтып, былтыр да өзін Алматы облысындағы түрмеге ауыстыруды талап еткен еді. 2025 жылғы қазанда осы мәселе бойынша журналистер сұрақтарына жауап берген ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов "қамау жағдайын қылмыстық атқару жүйесі комитеті заңға сәйкес қамтамасыз етіп жатыр деп сендіргіміз келеді" деп мәлімдеген.
Тәртіптік жазалар мен байланысқа қойылған шектеулер
Адвокаттың айтуынша, Думан Мұхаммедкәрім 2024 жылғы желтоқсанда Қызылордадағы түзеу мекемесіне жеткізілгеннен бері жалғыз адамдық камерада отыр. Содан бері өткен кезеңде ол 120 күн карцерде болған деді қорғаушы.
Нұрпейісовтің сөзінше, түзеу мекемесі әкімшілігі осы өткен уақыт ішінде қамаудағы журналистке 24 тәртіптік жаза қолданған. Кейбір жолы оған болмашы себептерге, мысалы төсекте отырғаны үшін жаза берген.
Ұзақ уақыт жалғыз адамдық камерада ұстау Мұхаммедкәрімнің психологиялық жағдайына да әсер еткен дейді адвокат. Ол журналистің кейде жалғыз отырған кезде "басқа дауыстар еститінін" айтқанын жеткізді.
– Бұл – психологиялық қысымның белгісі. Соған қарамастан, Думанның рухы сынбаған. Қанша қысым жасалса да берілмейтінін айтты, – деді қорғаушы.
Нұрпейісвтің сөзінше, Думан Мұхаммедкәрім кейде әзіл айтып, қамаудағы "рекордтарын" да мысқылмен еске алады екен. Бұл оның моральдық тұрғыда беріктігін көрсетеді дейді адвокат.
Оның сөзіне қарағанда, түрме әкімшілігі Думан Мұхаммедкәрімге туыстарымен кездесуге рұқсат бермеген. Онымен тек адвокаты ғана жүздесе алады. Сондай-ақ, Мұхаммедкәрімге сәлем-сауқат қабылдауға тыйым салынған, серуендеу құқығы да шектелген, наурыз айы бойы оған газет-журнал берілмеген дейді адвокат. Ол бұл жайтты түрме әкімшілігі назарына жеткізгенін айтты.
Журналист бірнеше рет Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаровпен кездесуге өтініш жолдапты. Құзырлы органдардан формалды түрде оң жауап берілгенімен, іс жүзінде прокурор прокурормен әлі күнге кездеспеген.
Думан Мұхаммедкәрімнің ісі
2024 жылы Қонаев қаласының соты журналист Думан Мұхаммедкәрімді "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым қызметіне араласты" деген айыптар бойынша кінәлі деп танып, жеті жылға бостандығынан айырған. Бұған қоса, сот оған үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған.
Мұхаммедкәрімге қарсы қылмыстық іс қозғауға журналистің ұзақ уақыттан бері шетелде тұратын қуғындағы оппозициялық саясаткер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаушы әрі жетекшісі Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. 2018 жылы Қазақстан соты "ҚДТ" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Думан Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Жақтастары билікті қатты сынап жүрген тәуелсіз журналист саяси ұстанымына бола қудалауға түсті деп санайды.
20 жылдай мемлекеттік арналарда жұмыс істеген, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған Думан Мұхаммедкәрім 2021 жылдан бастап You Tube желісінде "Ne Deidi?" арнасын ашып, елдегі қоғамдық-саяси оқиғалар туралы түрлі материалдар жариялай бастады.
Думан Мұхаммедкәрім cаяси ортада 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен танылды. Ол – кемі 238 адам қаза тапқан қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан ақпарат таратқан санаулы журналистің бірі. Мұхаммедкәрім YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы көп материал жариялады.
Журналистің ісін саралаған құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.