HRW тұжырымы бойынша, Астана Біріккен Ұлттары ұйымы құрылымдарының, басқа да халықаралық ұйымдардың адам құқықтарына байланысты ұсыныстарын толық орындамаған. Елде билік орындарының жауаптылығы, сот төрелігі, пікір айту, бейбіт жиналу еркіндігі бойынша мәселелер бар, билікке сын айтатындар мен құқық қорғаушыларды қудалау жалғасып жатыр.
Есепте әсіресе ЛГБТ құқықтарына қатысты "оннан астам" ұсыныстың назарға алынбағанын, ал азаматтық қоғамға және азаптауға бойынша Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің орындалмай отырғанын баса айтқан.
ҚАҢТАРДАҒЫ ҚЫРҒЫН ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ
Human Rights Watch 2022 жылғы Қаңтар көтерілісі кезінде және одан кейін болған оқиғаларды биліктің жауапкершілігі мен әділет тұрғысынан ең басты мәселе ретінде атайды.
Есепте қамтылған 2025 жылдың басында Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы түбіндегі Қошмамбет ауылындағы арнайы қамау орнында азаматтарды азаптаған полицейлер сотталған. Кейін апелляция соты полицейлерді үш жыл мерзімге бостандығынан айыру жазасын күшінде қалдырған.
Алайда HRW тұжырымында билік Қаңтардағы көп кісі өлімі және адам құқықтарын бұзу фактілері бойынша жан-жақты тергеу жүргізбегені айтылған. Есеп авторлары бірнеше халықаралық құжатқа сілтеме жасайды. Соның бірі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының 5 мамырдағы Қаңтардағы істерді тергеуге байланысты мониторинг есебі. Онда "халықаралық әділ сот стандарттарына қайшы келетіні дәлел болатын көп мысал келтірілген".
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті де Қаңтар бойынша бейтарап тергеу жүргізуге шақырған, бірақ "үкімет наразылық кезінде және одан кейінгі адам өлімдері мен өрескен құқық бұзушылықтарға қатысты жан-жақты әрі тиімді тергеу жүргізе алмады" делінген HRW есебінде.
Қазақстан билігі Қаңтар бойынша халықаралық тергеу қажеті жоқ деп, елдің өз ішінде әділ тергеу жүргізуге әлеуеті жететінін айтып келеді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтарда "Түркістан" газетіне сұхбатында Қаңтардың тергелуі жайлы былай деген: "Бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі болды. Сол оқиғалар бойынша тергеу жүргізу кезінде құқық қорғау органдары азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Бірқатар қоғамдық комиссия құрылып, оған белгілі заңгерлер жетекшілік етті. Мұндай қадам жұмыстың бейтарап ұстаныммен жүргізілуіне, сол арқылы барлық оқиғаның ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік берді".
САЯСИ ОППОНЕНТТЕРДІ ҚАМАУ
"Билік бейбіт наразылығына жауап ретінде үкіметті сынайтындар мен оппозиция қайраткерлерін қамауда ұстап отыр". Халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстандағы саяси бостандық ахуалын осылай сипаттайды.
HRW бұл қатарда "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, марафоншы Марат Жыланбаев пен журналист Думан Мұхаммедкәрімді атаған. "Саяси себептермен" сотталған Жыланбаев түрмеде аштық жариялап, денсаулығы нашарлаған. БҰҰ-ның Жосықсыз ұстау бойынша жұмыс тобы былтыр сәуірде Жыланбаев ісі бойынша Қазақстан мойнына алған көп халықаралық міндеттемені бұзып отырғанын және оны "дереу босату керегін" айтқан. Ал "экстремизмді қаржыландырды", "тыйым салған ұйым жұмысына араласты" деген айыппен 2024 жылы жеті жылға сотталған Думан Мұхаммедкәрім "отбасына жақын жерде жазасын өтеу жөнінде ереже болғанына қарамастан, үйінен мыңдаған шақырым жыраққа – Қызылордаға жөнелтілген".
"Қазақстанда "экстремизм", "терроризм" сияқты ауыр айыптар тағылғандар, тіпті зорлық-зомбылыққа қатысып, оған шақырмаған не оны қаржыландырмаған болса да, көп қаржы шектеуіне ұшырайды, олардың экономикалық, әлеуметтік құқықтары шектеледі" делінген есепте.
Қазақстан билігі елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси көзқарасы үшін қудаланбайды деп санайды.
Халықаралық ұйым сарапшылары 2024 жылғы тамызда Қазақстанда атом электр станциясын салуға қарсылық білдіргені үшін сот шартты жаза кескен белсенділер Айдар Мүбараков, Нұрлан Жаулыбаев, Нұрлан Темірғалиев, Фазылжан Сыдықов пен Жанат Қазақбайдың ісін еске салып, мұны адам құқықтарын бұзу фактісі ретінде атаған. Белсенділер АЭС салу бойынша референдум қарсаңында ұсталып, оларға "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деген айып тағылған. Сот оларға бес жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салды. Былтыр қарашада олардың шартты жаза мерзімі 2 жыл 6 айға қысқарды. Белсенділер АЭС құрылысына қарсы шыққанын мойындап, "қылмыс жасауға оқталды" деген айыпты жоққа шығарған.
2024 жылғы 6 қазанда Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша жалпыұлттық референдум өтіп, оның ресми қорытындысы бойынша халықтың 71 пайызынан астамы АЭС құрылысын қолдайды деп жарияланды. Тәуелсіз бақылаушылар референдум кезінде бюллетеньді топтап салу, тәуелсіз бақылаушыларды дауыс беретін жерден мәжбүрлеп шығару сияқты түрлі заңсыздықтарды тіркеген. Президент Тоқаев "Түрлі пікір – біртұтас ұлт қағидаты" аясында халық "прогресті" таңдады деп, референдум нәтижесіне разы екенін, АЭС елді энергетика тапшылығынан құтқаратынын айтқан.
HRW жаңа есебінде президенттен бастап түрлі лауазым иелерінің құқық қорғаушыларға шүйліккеніне назар аударған. Мәселен, былтыр 24 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясы жиынында президент Қасым-Жомарт Тоқаев "өздерін құқық қорғаушы ұйым, блогер не журналист деп атайтындар Қазақстанда барлық жерден жағымсыз саяси астар іздеп, іс жүзінде арандатушылықпен айналысып жүр" деген. Бірақ Тоқаев ешбір ұйым не адамды атамаған. Ал мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Қазақстанда "шетелдік агенттер туралы" заң қабылдау керек деген.
Қазақстанда бейбіт жиын өткізу құқығы да "қатты шектеледі әрі полиция тарапынан бақыланады" дейді есеп авторлары. "Қазақстанда бейбіт түрде жиналғысы келген адамдарды ұстап әкетеді, айыппұл салады, алдын ала тұтқындайды не қысқа мерзімге қамайды". Бұған мысал ретінде 2025 жылдың басында Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке араша сұраған белсенділердің, әйел құқықтары үшін күрескен белсенділер Жанар Секербаева мен Ақторғын Ақкенжебаласының жазаланғаны аталған.
ТӘУЕЛСІЗ ЖУРНАЛИСТЕРГЕ "ҚЫСЫМ"
"Билік тәуелсіз журналистерді сыни материалдары үшін қудалауды жалғастырды" деп жазды Human Rights Watch Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы жайлы жаңа есебінде. Ұйым былтыр сәуірде тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияровтың "көрінеу жалған ақпарат тарату" ісі бойынша бірнеше сағатқа ұсталғанын, ал QazNews24 сатиралық паблигі авторы Темірлан Еңсебектің "ұлт араздығын қоздырғаны үшін" бес жылға бостандығы шектелгенін мысал ретінде келтірген.
"Прокурорлар Еңсебектің посты зорлық-зомбылық, дискриминация я жаушылдық туғызғанын айғақтайтын еш дәлел келтіре алмады" деп жазылған есепте.
Human Rights Watch 2025 жылдың басында Қазақстан сыртқы істер министрі Азаттық радиосының 16 журналисіне аккредитация беруден бас тартқанын да елдегі сөз еркіндігі ахуалының бір көрінісі ретінде атады. Соның салдарынан "Азаттық радиосы журналистері кәсіби міндетін атқару мүмкіндігінен айырылды" деп жазған есеп авторлары.
Былтыр тамызда Қазақстан соты Азаттықтың жеті тілшісіне аккредитация беруден бас тартқан министрлік шешімін дұрыс деп тапты. Биыл қаңтарда апелляциялық сот бұл шешімді күшінде қалдырды. Қалған 9 журналистің соты әлі жүріп жатыр.
Сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосы қызметкерлері аккредитация мерзімін созу туралы берген өтініші қаралып жатқан кезде журналистік қызметпен айналысып, заң нормасын бұзды деп мәлімдеген. Ал Азаттық сотқа түсірген шағымында министрлік өз тілшілеріне аккредитация бермеуге ілік болатын жағдайды қолдан жасап отыр деген.
Қазақстан билігі елде сөз еркіндігіне қысым жоқ дейді. 2024 жылғы қарашада ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева "Шекарасыз тілшілер" ұйымы рейтингіндегі Қазақстанның орны жөнінде журналист сұрағына елде сөз еркіндігі шектелмейді және оған байланысты ешқандай проблема жоқ деп жауап берген.
– Бағалау әдістері түрліше болатыны сияқты, рейтингтер де әртүрлі болады. Бірақ қандай шектеу бар, соған шынайы қарайықшы. Не қаласа соны жазып, сынға алып жатыр. Кейде шынымен аса қатты сын айтады. Қай жерде шектеу бар? Мен мұнда ешқандай шектеу көріп тұрған жоқпын, Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына барлық жағдай жасалған деп есептеймін, – деп мәлімдеген министр.
ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ
Қазақстанда әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықпен күресті күшейту жолында бірқатар шара қолға алынған. Соның ішінде ұрып-соғу мен денеге жеңіл дәрежедегі жарақат салу қылмыс қатарына енгізілгені, некеге мәжбүрлеу мен сталкингті қылмыс деп танитын құқықтық реформа жүргізілгені Human Rights Watch есебінде оң өзгеріс ретінде аталған.
"Дегенмен әлі де көп олқылық бар. Қолданыстағы заңдар аясында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жеткіліксіз және тиісті деңгейде орындалмай отыр. Ең бастысы, тұрмыстық зорлық-зомбылық бөлек қылмыс түріне жатқызылмаған" делінген есепте.
БОСҚЫНДАР ЖӘНЕ "ЛГБТ ПРОПАГАНДАСЫ"
Қазақстаннан саяси баспана сұраушылар мен босқындар жайы да Human Rights Watch назарына іліккен. Есепте қарақалпақтардың құқықтарын қорғап жүрген, Өзбекстанға экстрадиция қаупі төнген белсенді Ақылбек Мұратбайға босқын мәртебесі берілмегеніне назар аударған. Бұған қоса ресейлік оппозиция белсендісі Юлия Емельянова да Қазақстанда ұсталып, тергеу изоляторында отыр.
Қазақстанның "ЛГБТ пропагандасына қарсы" заң қабылдағаны да құқық қорғаушылар назарына іліккен. Заң қабылданып жатқан тұста арасында Human Rights Watch бар жеті халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан парламентін "ЛБГТ насихатына" тыйым салуды қарастыратын түзетулерден бас тартуға шақырған. Бірақ парламент заңды мақұлдап, 30 желтоқсанда президент оған қол қойды.
Заң жобасын ұсынушылар бұл ереже "ЛГБТ өкілдеріне қарсы бағытталмаған", "оларды насихаттауға" ғана тыйым салады деп түсіндірген.
Есепте БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің Қазақстанда "ЛГБТ өкілдерінің құқығын қорғау жеткіліксіз екеніне алаңдаушылық білдіргеніне" назар аударғаны, ел үкіметін бұл топтарға қатысты "кемсітушілік, стереотип пен алалаушылыққа қарсы күресті күшейтуге шақырғаны" айтылады.
"ЖАҺАНДЫҚ ЖҮЙЕГЕ ҚАТЕР"
Human Rights Watch ұйымының 529 беттен тұратын есебі 100-ден астам елдегі жағдайды саралайды. Ұйымның атқарушы директоры Филипп Болопьонның айтуынша, әлемге "авторитаризм толқыны" келді, ал оған төтеп беру тұтас бір ұрпақтың міндетіне айналмақ.
"Адам құқықтарын қорғаудың жаһандық жүйесіне қатер төніп тұр, — деп жазды Human Rights Watch ұйымының атқарушы директоры Филипп Болопьон. — АҚШ президенті Дональд Трамп жасап отырған үздіксіз қысымның және Қытай мен Ресейдің жүйені әлсіретуге бағытталған әрекеттері салдарынан ережелерге негізделген халықаралық тәртіп күйреп жатыр. Бұл нормаларды ілгерілетіп, бостандықтарды қорғау үшін құқық қорғаушылар сүйеніп келген архитектураға құлау қаупін төндіреді. Бұл үрдіске қарсы тұру үшін адам құқықтарын жоғары қоятын үкіметтер қоғамдық қозғалыстармен, азаматтық қоғаммен және халықаралық институттармен бірлесіп, қарсы әрекет етуге арналған стратегиялық одақ құруы тиіс".
Филипп Болопьон "құқықты жоғары қоятын елдердің альянсын" құрып, халықаралық құқықтық институттарда бірлесе күрес жүргізіп, азаматтық қоғам деңгейінде балама жолды ұсынуы керек деді.