Бүгін, 5 қаңтар күні «Түркістан» газеті Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан алған сұхбатын жариялады. Ішкі және сыртқы саясаттағы әртүрлі мәселенің басын шалған мемлекет басшысы көп салада кемшілік барын мойындап, бірақ сол мәселеден «хайп» жасайтындарды айыптаған. Сұхбатта Қаңтар оқиғасы, заңсыз активтерді қайтару, Назарбаев пен Путиннің кездесуі және ықтимал билік транзиті де сөз болған.
«ХАЙП» ЖАСАУДЫ КӨЗДЕЙТІН «ЭКО-БЕЛСЕНДІЛЕР»
Қазақстан президентінің «Түркістан» газетіне сұхбат бергенін, оның санаулы күннен соң жарияланатынын 2 қаңтар күні Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлаған. Жазбада газеттің бас редакторы мен президенттің суреті жарияланған, бірақ сурет қай күні түсірілгені айтылмаған.
Дүйсенбі күні жарық көрген мәтін-сұхбатта журналист пен президент көптеген әрқилы мәселелерді сөз еткен.
Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр көп талқыланған салық реформасын қолдайтынын, ол жөніндегі жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтқан.
Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту туралы сұраққа ол «бұл сала жыртық-тесігін жанталаса жамап-жасқап, бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін "коммуналдық аждаһаға" айналды» деп жауап берді.
«Соған қарамастан, біздің үкіметтеріміз «авгийдің атқорасын» тазалауға асыққан жоқ. Себебі, мұндай күрделі жұмыс ешкімге жақсы атақ әкелмес еді. Ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу сияқты «керемет» бағдарламалар әзірлеп, оның «табысты» орындалғаны туралы баяндау әлдеқайда жеңіл болатын. Шындықты жасырып, бір сәттік алдамшы жетістіктерге ұмтылу ақырында мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түсті. Шынымды айтайын, жеке абыройымды ойласам, мен де бұл жұмысты келесі басшылыққа ысыра салар едім» дейді президент.
Әңгіме барысында көлік және логистика, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы сұрақтардан соң, туризм мәселесі қозғалған.
Елде туризм саласы кенже қалып отырғанын мойындаған Тоқаев «туризмнің дамуына тұмса табиғатты қорғау деген желеумен кез келген жобаға қарсы науқан ұйымдастыратын кейбір "эко-белсенділерге"» шүйлікті.
«Көпшілігінің табиғатта шаруасы да жоқ. Олар өзінің танымалдығын арттыру үшін қоғамды дүрліктіруді, қазіргі тілмен айтқанда, «хайп» жасауды ғана көздейді. Туризм бизнесінде әбден әккі болған, бәсекелестердің шыққанын қаламайтын кәсіпкерлер кейде олардың қолтығына су бүркіп отырады».
Қазақстанда экологияға алаңдайтын белсенділер тұмса табиғат құрылыс нысандарын жүргізуге қарсы шығып, бұл жұмыстардың қоршаған ортаға пайдасынан гөрі зияны көп деп келеді. 2019 жылы Алматыдағы Көкжайлау үстіртіне курорт салынады деген хабар шыққанда эко-белсенділер бұған қарсы шығып, сол кезде президент міндетін атқарған Тоқаев бұл талапты қолдап, курорт жобасын кейінге қалдыруды ұсынған. Бірақ кейінгі жылдары ол тау туризмін дамыту қажет екенін жиі айтып жүр.
БАЙЛАРДЫҢ «СӘН-САЛТАНАТҚА ТОЛЫ» ӨМІРІ ЖӘНЕ ПРОТЕСТАНТТЫҚ АСКЕТИЗМ
Газет редакторы сонымен қатар «сән-салтанатқа толы өмірін» паш етеін ірі бизнес өкілдері қашан «қарапайым адамдардың да қамын ойлап өмір сүруді үйренетінін» сұраған.
Тоқаев Швейцарияда жұмыс істеп жүрген кезін еске алып, ол жақтағы бақуатты адамдар елден ерекшеленбей өмір сүруге дағдыланғанын алға тартқан.
«Тарихи себептер мен ұлт болмысындағы ерекшеліктерге байланысты ірі бизнесмендеріміз қарапайымдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттерге мән бере қоймайтыны рас» дейді президент.
Бір қызығы, «Түркістан» газетінде жарық көрген сұхбаттың Ақорда сайтында жарияланған орысша нұсқасында осы сөйлемде «протестанттық аскетизм» тіркесі қолданылған. Егер сұхбат қазақ тілінде жазылса, «қарапайымдылық» сөзі орыс тіліне қалайша бұл тіркеспен аударылғаны түсініксіз.
Сондай-ақ, Тоқаев америкалық кәсіпкер Илон Масктың «саясатқа белсенді араласпау туралы шешім қабылдағанын» мысал етіп, «Қитұрқы саяси ойындармен әуестеніп кеткен кейбір кәсіпкерлерді сынауға тура келді. Бизнесмендер ел экономикасын өркендету үшін жұмыс істеуі керек» дейді.
Президент осылайша әдеттегідей астарлап сөйлеп, нақты адамдардың атын атамады. Бірақ артынша, «отандық бизнес өкілдерінің табиғи апат кезінде қаржылай көмек көрсеткенін» атап өткен.
ҚАҢТАР КӨТЕРІЛІСІ ЖӘНЕ ЗАҢСЫЗ АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ
«Қаңтар оқиғасы жөніндегі тергеу амалдары әлі жүріп жатыр ма?» деген сұраққа президент «бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі болды» деп жауап берген.
«Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек» деді ол тәртіпсіздіктің қолдан ұйымдастырылғанын айтып. «"Төңкеріс" жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі. Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті».
2022 жылғы қаңтарда сұйытылған газ бағасының күрт қымбаттануына қарсы наразылық бейберекетке ұласып, Қазақстан президенті күш құрылымдарына «ескертусіз оқ ату» туралы бұйрық берді. Президент бұл бұйрықта «қылмыскерлер» мен «террористерді» меңзегенімен, аяғында көптеген бейбіт тұрғын қаза тапты. Ресми түрде Қаңтар көтерілісі кезінде бас-аяғы 238 адам опат болғаны айтылды. Кейін мемлекет бастамасымен құрылған қор кездейсоқ қаза тапты дегендерге қаржылай көмек көрсетті.
Осы бұйрықты жарияларда Тоқаев «Алматының өзіне 20 мың содыр шабуыл жасады» деп мәлімдеген. Бірақ кейін билік бұл мәлімдемеге дәйек келтірмеді.
Қаңтар көтерілісінен кейін президент алдыңғы басшы кезінде елде "олигополия" орнағанын атап өтіп, көп ұзамай бас прокуратура жанынан заңсыз активтерді қайтару комитеті құрылды. Былтыр бұл комитет «Инвесторлар құқығын қорғау жөніндегі комитет» болып өзгерді. Сұхбат барысында журналист «Заңсыз активтерді елге қайтару тақырыбы жабылды ма?» деп сұрақ қойған.
Тоқаев заңсыз активтерді елге қайтару жөніндегі комитет «олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндіріп алғанын", бұл жұмыс жалғаса беретінін айтқан.
«Активтері күмән тудырып, күдікке ілінген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретінде салуға ниет білдірді. Олармен жалпы сомасы бес триллион теңгеден асатын келісімдер жасалды. Бұл қаражаттың есебінен инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз» дейді ол.
НАЗАРБАЕВ ПЕН ПУТИННІҢ КЕЗДЕСУІ ЖӘНЕ БИЛІК ТРАНЗИТІ
27 желтоқсанда Кремльдің баспасөз қызметі Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде Қазақстанның бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенін хабарлап, сегіз секундтық видео жариялаған. Қоғамда бұл кездесу қызу талқыға түсіп, билікке жақын шенеуніктер мен сарапшылар экс-президенттің Кремльге сапарлауын айыптай сөйлеген.
Мұндай сапарлар Ақордаға да ұнай бермейтінін Тоқаевтың өзі білдірген. Былтыр «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтетінін» айтса, алдыңғы жылғы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. "Кеттің бе – қайырылма!"» деген.
Бұл мәселе биылғы сұхбатта да қозғалған. Оның сөзінше, Владимир Путин Санкт-Петербургте таяуда өткен басқосуда Назарбаевты «оның өтініп сұрауы бойынша» қабылдайтынын ескерткен.
«Ресей президентінің ерекшелігі: ол достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды. Ресей бұл үдерісте жетекші рөл атқарып отыр. Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді» дейді Тоқаев экс-президентті «қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған тұлға» деп санайтынын айтып.
Журналист өз сұрағында Назарбаев пен Путиннің кездесуінде Қазақстандағы билік транзиті талқыланғаны туралы «алып-қашпа әңгіме шыққанын» айтқан. Тоқаев оған «[билік транзиті] туралы сөз қозғауға әлі ерте, алдымызда табанды жұмысқа толы бірнеше жыл бар» деп жауап берген.
Сондай-ақ, Тоқаев «БҰҰ-дағы жұмысқа қайта оралу ниеті» жоғын да мәлімдеген.
ТАҒЫ ДА «СТАЛИН»
Тоқаев кейінгі жылдары өз сөздерінде Совет диктаторы Иосиф Сталинді жиі мысал етіп, оның айтқандарын дәйексөз ретінде пайдаланған.
«Түркістан» газеті өкілінің сұрағы ол туралы болмаса да, Тоқаев бұл жолы да Сталиннің атын атады. Бірақ осы сөзінде Сталиннің мадақталуын қолдамайтынын білдірген.
«Тарихтан талай нәрсені үйренуге болады, күні кеше ғана қуғында жүрген жандар ертең-ақ ұлы тұлға атанады. Есесіне, Ленин сынды көсемдердің әжуаға айналуы оп-оңай, халық оның қанатты сөздерін әлдеқашан ұмытқан. Ал, Троцкий өз естеліктерінде «партиямыздың ең көрнекті ортақол адамы» деп атаған Сталинді қазір жұрт мадақтайды, тіпті, «Кадр бәрін шешеді», «Бала әкесі үшін жауап бермейді», «Өмір қандай керемет, өмір қандай көңілді», «Табыстан бас айналу», «Гитлерлер келеді-кетеді, ал неміс халқы қала береді» деген сөздері үшін пір тұтады. Осындай тарихи парадокстар бізде де аз емес...» дейді Қазақстан президенті.
Әңгіме аяғында Тоқаев өзін «мемлекетшіл адам» деп атап, денсаулығы жайлы мәлімет келтірген: «Денсаулығым жақсы, қан қысымым қалыпты. Күн сайын йогамен шұғылдануды әдетке айналдырдым, бірақ медитация жасамаймын. Бұрынғы кәсіпқой спортшымен аптасына екі рет үстел теннисін ойнаймын. Расымен, тоғыз келі салмақ тастап, өзімді әлдеқайда жайлы сезінетін болдым» дейді.
Сұхбатта сондай-ақ жасанды интеллект, ядролық энергетика, жемқорлықпен күрес, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, қоғамдағы масылдық көңіл-күй, қандастар мәселесі және әскердегі әлімжеттік секілді мәселелер қозғалған.