Accessibility links

"ЛГБТ пропагандасын шектеу". Заң күшіне енсе не өзгереді?


Қазақстанда 9 заңға "ЛГБТ пропагандасын" шектеу туралы толықтырулар енгізілмек. Сенат 18 желтоқсанда заң жобасын екі оқылымда жылдам қарап, бір ауыздан мақұлдады. Үкімет пен заң шығарушы орган өкілдері "бұл – балалар қауіпсіздігі үшін қажет қадам" дейді. Құқық қорғаушылар жаңа түзету ЛГБТ өкілдеріне қатысты қоғамдағы теріс көзқарасты күшейтіп, олардың құқығын шектейді деп алаңдайды.

Қараша айының соңында мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин заң шығарушы органның Instagram-аккаунтына шығып, "Қазақстан заңы ЛГБТ өкілі болуды шектемейді, оның пропагандасы шектеледі" деп айтты. Депутат жыл басында да ЛГБТ қауымына қатысты мәлімдеме жасап, АҚШ президенті Дональд Трамптың ЛГБТ-ға қарсы ұстанымына қолдау білдірген.

Жаңбыршин бастамасын қолдаған әріптесінің бірі – Ринат Зайыт. Ол ЛГБТ құқығын қорғаумен айналысатын ұйымды "азғындар" деп атап, елде экстремистік деп тануды ұсынған.

Жаңбыршин мен Зайыт коалициясы күзде ұлғайып, 18 депутатқа жетті. Парламенттің төменгі палатасы қараша айында "дәстүрлі емес сексуалдық бағдар насихатын" шектеу элементтерін 9 заңға толықтыруды қолдап дауыс берді. Ал сенат оны 18 желтоқсанда қатарынан екі оқылымда қарап, бекітті.

Бұл - атқарушы билік пен заң шығарушы органның 1,5 жылға созылған жұмысының мәресі. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі сарапшылары мәжіліс заң жобасын қабылдағанда "бұл – кемсітуді заңдастыру" деп мәлімдеме жасаған.

"Қазақстан парламенті қарап жатқан "ЛГБТ насихатына" тыйым салу туралы заң жобасы стигманы бекітіп, пікір білдіру еркіндігін шектейді және адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерге қайшы келеді", – деді БҰҰ адам құқықтары жөніндегі сарапшылар тобы.

Заң парламентте мақұлданғаннан кейін президентке жолданады. Әзірге президент бұл құжатқа қол қойған жоқ.

ДЕПУТАТТАРДЫҢ "ТЕРІС ҰҒЫМЫ"

"ЛГБТ пропагандасына" қарсы заңнама алдымен мәжілісте қаралды. Биыл 12 қараша күні төменгі палата депутаттары Қазақстан Конституциясының ("Баланың құқығы туралы", "Байланыс туралы", "Жарнама туралы", "Мәдениет туралы", "Білім туралы", "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы", "Кинематография", "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы", "Масс-медиа туралы" 9 заңына толықтыру ретінде енгізді.

Сенатқа қарағанда мәжіліс депутаттары бұл толықтыруларды көбірек талқылады. Мысалы, депутат Ринат Зайыт заңға толықтырулар талқысы басталмай тұрғанда ЛГБТ-ны "азғындық қарым-қатынас" деп атап, оны елде экстремистік деп тануға шақырды.

Кейін бір сұхбатында Азаттыққа депутат Зайыт ЛГБТ ұйымдары балалардың санасына теріс ұғымдарды кіріктіріп жатыр деп, сол үшін шектеу керегін айтқан. Бірақ құқық қорғаушылар гомофобия өріс алған қоғамда бұл шешім "жығылған үстіне жұдырық" екенін айтады.

"Қоғамымыздың өзі онсыз да гомофоб екенін мойындау керек. Сондықтан бұл гомофобияны одан әрі тереңдетіп, күшейтуге болмайды" деді Азаттыққа "Құқықтық медиаорталық" директоры Диана Окремова.

Жазда толықтыруларды енгізуге әсер еткен тағы бір оқиға болды. Шілдеде "Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қоры" дейтін ұйым сауалнама өткізіп, респонденттердің 80 пайызы "ЛГБТ насихаты жастарға қауіпті" екенін анықтаған. Бірақ ұйым зерттеудің өзін жарияламады, әдістемесін де ашып түсіндірмеді.

"Біздің елде, ең жақсы жағдайда да адамдар [көшеде] қол ұстасып жүріп, өзін қауіпсіз сезінбеуі мүмкін. Ал ең нашар жағдайда [айнала] оларға тиісіп, соққыға жығуы ықтимал. Ештеңені жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан "біз адамдардың өзіне тыйым салмаймыз, насихатқа ғана тыйым саламыз" деген сөздерге сенбеймін. Мұның шынайылығына, ниеттің адалдығына сенбеймін" деді Окремова.

Желтоқсанда мәжілістен кейін бұл құжатты сенат қарады. Толықтыруларды дауысқа салмай тұрып депутат Сергей Ершов "Бұл норма Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі халықаралық міндеттемелеріне сәйкеспейді дейтіндер бар, бұған не дейсіз?" деп атқарушы билік өкілдерінен сұрады.

Депутат сауалына жауап берген әділет вице-министрі "Халықаралық нормаларда пікір еркіндігін шектеуге жол беріледі, бұл мемлекет мүддесіне қатысты болса, заң шеңберінде шектеу ақталады" деді.

"Қазақстан Республикасы көптеген халықаралық шарттардың қатысушысы, соның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт бар. Халықаралық құқықта пікір білдіру құқығын шектеуге белгілі бір жағдайларда жол беріледі. Пактінің 19-бабы. Бірақ қандай да бір шектеу енгізілсе, ол міндетті түрде заңда бекітілуі және мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, адамгершілік, денсаулық сияқты мүдделерді қорғау қажеттілігімен негізделуге тиіс" деп жауап берді әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова.

"ЛГБТ ПРОПАГАНДАСЫ" ДЕГЕН НЕ?

Бір жылдан астам уақытқа созылған талқы барысында үкімет пен заң шығарушы орган өкілдерінің уәжі ЛГБТ "жүргізетін пропаганданың" балаларға әсері жайлы болды. Мысалы, депутаттар Зайыт пен Жаңбыршин "ЛГБТ ұйымдары кәмелетке толмаған балаларға насихатын жүргізіп жатыр" деді. Ал заңда біріне-бірі қатысы болмаса да, "дәстүрлі емес сексуалдық бағдар" ұғымына "педофилия" сөзі қатар қойылып жазылды. БҰҰ сарапшылары бұл қоғамда ЛГБТ өкілдеріне деген өшпенділікті күшейтіп жібереді дейді.

"Бұл заң жобасы дезинформацияға сүйеніп, "дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды" жалған түрде педофилиямен теңестіреді, бұл – адамның қадір-қасиетін қорлау. Балаларды қорғау цензура арқылы, азшылықтарды шеттету және қаралау арқылы емес, әділетті әрі инклюзивті білім беру, ақпаратқа қолжетімділік, теңдік пен кемсітпеуді қамтамасыз ететін шаралар, сондай-ақ адам құқықтарын баршаға бірдей бекіту арқылы жүзеге асады" деді ұйым сарапшылары.

"Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қоры" дейтін ұйым қазақстандықтар арасында сауалнама өткізіп, респонденттердің 80 пайызы "ЛГБТ насихатын жастарға қауіпті" дегенін анықтаған. Құқық қорғаушылар бұл зерттеудің жүргізілу әдісіне сұрақ көп екенін, оның мәтінін сұратып, ала алмағанын айтты. Ұйым зерттеу нәтижесін ашық талқыға көрсеткенімен, зерттеудің толық нұсқасын еш жерде жарияламады.

Сенат бекіткен заң жобасында "ЛГБТ насихатына" жалпылама теріс түсінік беріледі. Бірақ нақты ненің пропаганда, ал ненің бұл ұғым шеңберіне кірмейтінін кім анықтайтыны белгісіз. Мысалы, толықтыру енген 9 заңның тармақтары "дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды, педофилияны насихаттайтын" деген сөздермен толықтырылсын деп жазылған. Ал оның астында мынадай түсіндірме бар:

"Дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттау деп қоғамдық оң пікірді қалыптастыру мақсатында жария түрде немесе масс-медиа, телекоммуникация желілері немесе онлайн-платформалар пайдаланыла отырып жасалған, оның ішінде адамдардың белгісіз тобы үшін әдейі бұрмаланған дәстүрлі емес сексуалдық бағдар және (немесе) оған бейілділік туралы ақпаратты тарату түсініледі".

Коммуникация ғылымында "пропаганда" ұғымы кең, заңдағы "әдейі бұрмаланған" деген тіркес ЛГБТ туралы барлық мәліметке бірдей қолданылып кетуі ықтимал. Татьяна Чернобиль ЛГБТ құқықтарын қорғауға, қоғамдағы гомофобиялық көзқарасты жоюға негізделген кез келген ақпарат осының шеңберіне кіріктірілуі мүмкін дейді.

"Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі, тіпті бәрі Қазақстанның ақпарат кеңістігінде мұндай "насихатты" құптамайды. Бірақ адамдарға "бұл дұрыс емес, адам құқықтары қоғамның қалай ойлайтынына тәуелді етіп қарауға болмайды" деп түсіндіру керек. Адам құқықтары мәселесінде сауалнамаға сүйенуге болмайды. Бұл жерде "көпшілік" немесе "азшылық" деген өлшем аргумент болмауға тиіс, яғни "бұл біздің қоғамға тән емес, міне, сауалнама да соны көрсетті" деген уәж дәлел ретінде жүрмеуі керек" дейді Чернобиль.

ҚОРҒАУ МЕН ШЕКТЕУ

Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль бұл толықтырулар халықаралық нормалар былай тұрсын, Қазақстанның кемсітуге жол бермейтін заңдарына қарсы келеді дейді. Оның айтуынша, апарат министрлігі соны негізге алу арқылы ғана осы толықтыруларға негіз болған петицияны қабылдамауы керек еді деп санайды ол. Есесіне бұл мекемп құқық қорғаушылар ұйымдастырған "ЛГБТ өкілдеріне шектейтін заңға қарсымыз" деген петицияны қарауға қабылдамаған.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева былтыр тамызда петиция балаларды қорғауды негізге алғандықтан, ведомство бұл бастаманы қолдайтынын, бірақ әлі де зерттеу қажет екенін айтқан. Ол желіге тараған мәлімдемесінде "балалардың қауіпсіз ақпараттық кеңістікте өсіп-жетілуі мен дамуы аса маңызды" деген.

Әйтсе де құқық қорғаушылар азшылық өкілдерінің балаларға кері ықпалы туралы бірде-бір дәлел жоқ дейді. Атап айтқанда, заң жобасы Мәжілістегі жұмыс тобы қарастырып отырғанда Feminita ұйымының жетекшісі Жанар Секербаева "бүгінге дейін ЛГБТ өкілдерінің әрекеті зорлық-зомбылықтың артуына немесе қандай да бір әлеуметтік қауіп-қатерлерге әкелетінін дәлелдейтін еш дерек жоқ" деген еді.

Мәжілісте "ЛГБТ пропагандасына қарсы" толықтыруларды талқылау кезінде депутат Никита Шаталов халықаралық ұйымдар медиа арқылы Қазақстан парламентіне өз көзқарасын таңуға тырысып жатыр, бұл ақылға қонбайтын нәрсе деген.

Заң шығарушы Шаталов 9 заңға "дәстүрлі емес сексуалдық бағдар насихатын шектеуді" енгізу бастамасын көтерген 18 депутаттың бірі. Ол шетелдік ұйымдардың бұл өзгертуге қатысты сынын өз көзқарасын тықпалау деді. Бірақ, айта кеткен жөн, демократия институттарының жұмысы ілгері елдерде халықаралық ұйымдар сыны орынды болса, ескеріледі. Ұйымдар да адам құқықтары мен сөз бостандығы шектелмеуі үшін ұсыныстарын жариялап отырады.

Сөз бостандығын қорғау ұйымының өкілі Диана Окремова ЛГБТ пропагандасына қарсы заңның жылдам мақұлдануына АҚШ-та Трамптың билікке келгені белгілі бір деңгейде әсер етті дейді. Естеріңізде болса, Трамп билікке келген күні "тек екі жыныс бар" деп бұйрық шығарып еді. Биыл наурыз айында президент Тоқаев халықаралық үкіметтік емес ұйымдар елдің ішкі мәселелеріне араласып жатыр деді. Көп өтпей депутат Ирина Смирнова оларды реттеу керек деген бастама көтеріп, "шетел агенті" туралы заң қабылдауды ұсынды.

"Менің ойымша, "ЛГБТ пропагандасына" қатысты бастамалар, үкіметтік емес ұйымдарды шетелдік институттардың қаржыландыруын қатаңдату, интернет кеңістігін бақылауды күшейту – бәрі бір үлкен жоспардың бөлігі. Бұлардың мақсаты да ортақ: мемлекеттің ықпалын күшейту, қоғам еркіндігін одан әрі шектеу. Мұнда көршіміздің ықпалы да анық байқалады. Себебі Ресейде, менің білуімше, былтыр ЛГБТ қауымдастығымен байланысты ұйымдар тіпті экстремистік деп танылды" деді Диана Окремова.

Заңға толықтырулар Сенат қабырғасында бекітілерде Ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов адам құқықтарының басты негіздері талқы кезінде ескерілгенін айтып, құқықтық тұрғыда жүзеге асыру кезінде де ашықтық танытамыз деді. Яғни, бұл заңдар іс жүзінде адам құқықтарын шектеуге жетелесе, оны талқылау үдерісі жүретінін алға тартып отыр.

"Біз қазірдің өзінде бұл мәселелерді ашық талқылаудың қажет екенін көріп отырмыз. Өйткені заңның іс жүзінде қалай қолданылатынына қатысты сұрақтар бар. Осы талқылаулардың барынша ашық өтетініне сендіргім келеді. Егер онлайн платформалармен, онлайн кинотеатрлармен осы нормаларды енгізу және олардың қолданылуын талқылайтын болсақ, әр кезеңде бұл тақырыппен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар мен құқық қорғаушылар қатысады" деді вице-министр.

Бірақ Қазақстан билігі әзірге осы толықтырулар іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынын, яғни жаңа заңдар шеңберінде қай контент заңға қайшы екенін кім анықтайтыны, оның сөз бостандығы мен адам құқықтарын шектемейтініне қалай көз жеткізілетініне қатысты анық бағдар айтпады.

Қазақ парламенті "ЛГБТ пропагандасына" тыйым салды. Бұл нені білдіреді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:13:01 0:00

Ал Қазақстан президенті түзетулерді бекіткен соң "ЛГБТ насихатын" жүргізді деген күдікке ілінген азаматтардың ісі заңға қайшы контент тарату деп бағаланып, оған жаза қарастырылады. Әуелі 20 АЕК, яғни, 80 мың теңгедей айыппұл, ал "заң бұзу" бір жыл ішінде тағы қайталанса, айыппұл ұлғаяды не 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы берілуі мүмкін.

XS
SM
MD
LG