Accessibility links

Қазақстанда ЛГБТ-ға тыйым салу мәселесі қайта көтерілді. Ресейге еліктеу ме, қоғам назарын бұру ма?


"Мұндай заң қабылданса, мемлекет ЛГБТ+ адамдарды айыптап, стигмаға ұшырататын көзқарасын құжат жүзінде бекітеді. Онда адамның жеке өміріне қол сұқпау, әркімнің өмір сүру құқығы сияқты фундаментал принцип бұзылады" дейді құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль.
"Мұндай заң қабылданса, мемлекет ЛГБТ+ адамдарды айыптап, стигмаға ұшырататын көзқарасын құжат жүзінде бекітеді. Онда адамның жеке өміріне қол сұқпау, әркімнің өмір сүру құқығы сияқты фундаментал принцип бұзылады" дейді құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль.

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров елде "ЛГБТ пропагандасына" тыйым салуды ұсынды. Жастар арасынан сайланған депутат "ЛГБТ тақырыбындағы фильмдерді көрсетпеу керек" дейді. Бірнеше күн бұрын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы ресми сайтында біржынысты некені "арсыз", "азғындау" деп атады. Бұл пәтуа феминистік қозғалыстар өткізген әйелдер шеруі қарсаңында жарияланды.

"АРСЫЗ ҚҰНДЫЛЫҚТАР"

12 сәуірде мәжілісте өткен жалпы отырыста жаңадан сайланған депутат, бұрынғы спортшы Ардақ Назаров "ЛГБТ пропагандасына" тыйым салуды ұсынды.

– Кейінгі кезде ақпараттық кеңістікте біржынысты неке, жыныс ауыстыру мәселелері еркін насихатталып жүр. Бұл – дүниетанымымызға жат нәрсе. Оның артында Батыстың халықаралық ұйымдары тұрғанын білеміз. Қазір жекеменшік мектептерде, Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда гейлердің насихаты белсенді жүріп жатыр, – деді депутат.

Назаров жастар тәрбиесіне көңіл бөліп, жағдай ушықпай тұрғанда алдын алу шараларын ойластыруға үндеді.

– Эпидемия басталып кетті, ертең бармағымызды тістеп отырмас үшін мұны түп-тамырымен жою керек. Сондықтан дереу мынадай шаралар қолдануға шақырамын: митингіге келген балалардың ата-анасынан сұрау алынсын. Барлық платформада, соның ішінде әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетімізге сәйкес келмейтін фильмдер мен сериалдарды көрсетуге және насихаттауға тыйым салынсын, – деді Назаров.

Бұрынғы спортшы "митинг" деп, 8 сәуірде өткен феминистер шеруін меңзеп отыр. Шеруді дискриминацияға қарсы Myqty Women бастамасына қатысушылар ұйымдастырған. Астанада өткен шарада тұрмыста әйелдерге жасалатын зорлық мәселесі көтерілді. Бейбіт жиынға қатысушылар заң жүзінде зорлыққа қарсы шараларды күшейтіп, харассмент пен ұрып-cоғу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыруды талап етті. Шеруге 400-ге жуық адам жиналды.

Феминистік шерудің алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтында пәтуаның "жаңартылған" нұсқасы шықты. Мүфтият қоғамды "арсыз дүниелерден аулақ болуға" үндеп, кей адамдар "әйел құқығын қорғаймыз деген сылтаумен арсыз, азғындаушы, біржынысты қатынасты насихаттайды" деп жазды.

Мүфтият сайтында "Шариғатта лесби, гей, бисексуал және трансгендер болуға тыйым салынған. Бұл – адам табиғатына қарсы арсыздық. Өз табиғатына қарсы шығып, жынысын өзгерткен адам Құдайдың қарғысына ұшырайды. Ондай пенде шынайы тәубеге келіп, емделуі керек" делінген.

ТЫҢ БАСТАМА ЕМЕС

Құқық қорғаушы және адам құқықтары бойынша кеңесші Татьяна Чернобиль "Назаровтың бастамасы – Қазақстан үшін жаңалық емес" дейді. Әр жылдары "ЛГБТ насихатына тыйым салу" туралы түрлі ұсыныс айтылған.

Құқық қорғаушы және адам құқықтары бойынша кеңесші Татьяна Чернобиль.
Құқық қорғаушы және адам құқықтары бойынша кеңесші Татьяна Чернобиль.

2015 жылы "Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы" заң қабылданды. Онда балаларға дәстүрлі емес жыныстық ориентацияны насихаттайтын ақпарат көрсетуге тыйым салынған. Заңға президент қол қоймай тұрып, Конституциялық кеңес бұл жоба негізгі заңға сай келмейді деп тапты.

2018 жылы ақпарат және коммуникация министрлігі "Ақпараттық өнімдердің жас ерекшелігін анықтау әдістері мен ережелері" деп аталатын заң жобасын ұсынды. Онда "18 жасқа толмаған балаларға ЛГБТ мәдениетін көрсетуге болмайды" деген бап бар.

– Құқық қорғаушылар, журналистер, азаматтық белсенділер мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарының бірлескен жұмысының арқасында бұл норманы алғызып тастадық, – дейді Татьяна Чернобиль.

2021 жылы мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан 8 наурыз қарсаңында өткен феминистік шеруді меңзеп, "Қазақстан аумағындағы азшылық топтардың насихатына тыйым салуды" ұсынған.

2022 жылы бұрын әйелдің рөлін сомдап келген актер әрі режиссер Нұртас Адамбай "ұлттық құндылықтарымызға қайшы келеді" деген себеппен "Базз Лайтер" мультфильміне тыйым салуға үндеді. Мәдениет министрлігі актердің ұсынысын қолдап, мультфильмді көрсетілімнен алып тастады.

– Мультфильмнің көрсетіліміне жауапты кәсіпкерлер журналистерге берген сұхбатында министрлік тым болмаса жастар санатын 18-ге дейін көтеруді ұсынбағанын түсінбей жатты. Прокат иелеріне министрлік кеңесінен кейін көрсетілімнің ықтимал салдарынан қорқып, мультфильмді алып тастауға бел буған, – дейді Татьяна Чернобиль.

ЛГБТ-қауымдастық өкілдері де Назаровтың ұсынысына таңғалмайды. Ресейде де осындай заң қабылданып, қолданысқа енген.

– Бізге мұндай заң – жаңалық емес: Ресейдегі ЛГБТ-қауымдастықтың жағдайына қарап, бұрыннан алаңдап келеміз. Мәселеден хабарымыз бар. Мұндай заңдар биліктің беделіне нұқсан келтіреді. Жыныстық тақырыптарда сексолог, психолог, психотерапевт сияқты мамандар ғана сөйлей алады. Ал заңды спортшылар мен актерлер қабылдайды. Өздері түсінбейтін мәселе туралы заң қабылдауға олардың қандай құқығы бар? – дейді гей екенін жасырын ұстайтын Дәурен.

"Пропаганда дегеніміз не? Ол үшін "пропаганда" сөзіне нақты анықтама берілуі керек. Әзірге адамдардың көбі бұл сөзді телеарнадан айтылған еркін интерпретацияда ғана түсінеді" дейді ол.

– Менің түсінігімде пропаганда деген плакатқа "ЛГБТ-ға қош келдіңіздер!" деп жазып алып, адамдарға қант мақтасын тарату. "Қатарымызға қосылсаңдар, қант мақтасын жейсіңдер, өміріміз тамаша, тегін тамақ береді, көңіл көтергеннен басқа ештеңе білмейміз, денеге жабысып тұратын киім киіп, қауырсын тағынып, сұлуланып жүреміз, бізге еріңдер!" деу. Міне, пропаганда деген – осы, – дейді ол.​

"ҚОҒАМ НАЗАРЫН ӨТКІР МӘСЕЛЕЛЕРДЕН БАСҚАҒА АУДАРУҒА ТАЛПЫНЫС"

– Мұндай заң қабылданса, мемлекет ЛГБТ+ адамдарды сынап, стигмаға ұшырататын көзқарасын ашық білдіріп, құжат жүзінде бекітеді. Бұл, әрине, адамдардың өміріне әсер етеді. Адам құқықтарының дискриминация жасамау, жеке өмірге қол сұқпау, әркімнің қалағанынша жүріп-тұруы, ақпарат алу, бірлесу еркіндігі, әлеуметтік-экономикалық, ар-ождан мен өмір сүру құқығы сияқты фундаментал принципі бұзылады. Ресейде мұндай заңның қабылдануы ЛГБТ адамдарға жеккөрініш негізінде жасалған қылмыстардың өршуіне алып келді, – дейді Татьяна Чернобиль.

Құқық қорғаушы, трансгендер адамдардың құқықтары бойынша сарапшы Виктория Примак та осы пікірге қосылады. Ол Қазақстан сияқты өркениетті елде дискриминацияның кез келген түріне тыйым салынғанын ескертеді.

Құқық қорғаушы, трансгендер адамдардың құқықтары бойынша сарапшы Виктория Примак.
Құқық қорғаушы, трансгендер адамдардың құқықтары бойынша сарапшы Виктория Примак.

– Бұл заң Қазақстан адам құқықтары сақталатын өркениетті, демократиялық ел дегенге күмән туғызады. Бізді ә дегеннен аутсайдер елдердің қатарына қосып, мемлекеттің беделіне кері әсер етеді. Қазақстан БҰҰ-ның барлық декларациясы мен конвенциясын ратификациялаған. Онда адам құқықтары қорғалуы керегі айқын жазылған, – дейді Виктория Примак.

Сарапшы Примак Назаровтың бастамасы бұрыннан көтеріліп жүрген тақырып екенін, қоғам да елдегі шынайы мәселелер тұрғанда, мұндай мәлімдемелерге назар аударуды қойғанын айтады.

– Біреу тағы да ұпай жинап, қоғам назарын көкейкесті мәселелерден басқа арнаға аударғысы келді. Бірақ Қазақстан қоғамы өзгеріп жатыр, халық шаршады, енді "бәріне ЛГБТ адамдар кінәлі" дегенге сенбейді. Бізде кезек күттірмей шешілсе, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартатын әлеуметтік мәселе көп, – дейді ол.

ЛГБТ-белсенді Әмір Шайкежановтың пікірінше, бұл заң жекелеген адамдар тобының құқығын бұзып, Қазақстан қоғамын бөліп-жарады, мемлекеттің әлемдік қауымдастық алдындағы беделіне нұқсан келтіреді.

– Мұндай заң қабылданса, азаматтардың бәріне әсер етеді. Ең әуелі Қазақстанның беделі мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына нұқсан келеді. Инвесторлар адам құқықтары жиі бұзылатын мемлекетке ақшасын сеніп тапсырмайды. Өйткені бұл олардың активтерінің қорғалуына тікелей әсер етеді. Адам құқықтарын жоғары қоятын елдермен дипломатиялық қатынасымыз қиындауы мүмкін, – дейді ол.

Шайкежанов талқыға түсіп жатқан заң ЛГБТ адамдарға қарсы қылмыстың жиілеуіне және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюіне әкелуі мүмкін деп алаңдайды.

– Аталған заңның дискриминациялық сипаты бар және Конституцияға, оның ішінде 14-бапқа қайшы келеді. Бұл адам құқықтарын бұзуға жатады, – дейді Шайкежанов.

ҚАЗАҚСТАНДА ГЕЙ БОЛУ ДЕГЕН НЕ?

Дәуреннің айтуынша, Қазақстанда және постсоветтік елдерде гей болып өмір сүру қиын. Басқаларға ұқсамайтыныңды қабылдау қиын, жақындарың мен туыстарыңа айту қорқынышты. Өйткені балаларды кішкентай кезінен еркін өсіріп, эмоциясын жасырмай айтуға үйретпейді.

– Зорлық, есірткі және алкоголь пропагандасына тыйым салуға келісемін. Бұл адамның денсаулығына кері әсер етеді, зияны көп. Соған қарамастан, мұндай сахналар көрсетіледі. Ал "ЛГБТ пропагандасына тыйым салу" деген не? Бұл – халық назарын жөнделмеген жол, қымбатшылық сияқты әлеуметтік мәселелерден басқа арнаға аударуға талпыныс қой. Сонша мәселе тұрғанда, "ЛГБТ пропагандасына тыйым саламыз" дейді. Бұл қалай болғаны? Ресейге еліктегені ме? – дейді Дәуреннің серігі Самат.

Қазақстандағы ЛГБТ-қауымдастық ресми тыйымсыз-ақ қысым мен буллингіге ұшырап жүр. Мұндай жағдайда жеке әрі жыныстық өмірді ашық талқылау қауіпті. "Бізде ЛГБТ-қауымдастықты қорқытып-үркітіп тастағаны соншалық, оларды мүлде көрмейсіз. Пропаганда онсыз да жоқ" дейді Самат.

Көп қалада ЛГБТ өкілдері бар. Бірақ олар жұрт көзінен таса жүруге тырысады.

– Гей болу/болмау мүмкін емес! Адам өздігінен біреуге айналып кетпейді. Бұл – адамның болмысында бар нәрсе. Әдетте жасөспірім кезінде байқап көреді. Бірақ бейімі болмаса, жігіт жігітті сүйіп алған күннің өзінде, ЛГБТ – жұқпалы ауру емес, – дейді ол.

Дәурен мен Самат ЛГБТ-ға тыйым салу жағдайды одан әрі ушықтырады деп есетпейді. ЛГБТ-қауымдастық өкілдері өз құқықтарын талап ете бастайды. Бұл наразылық, шерулер мен митингілерден көрінеді.

– Ешкімді емдеудің қажеті жоқ. Бұл – ауру емес! Бізге өмірде бастысы біреуді сүю және өзіңді сүйетін адамды табу деп үйретпейді. Ол өзара келісіммен болуы керек. Зорлық болмауы керек: біреуді бірдеңеге мәжбүрлесең, зорлық болады. Ондайды тоқтату керек. Ал екі адам бірін-бірі таңдап, сүйіп тұрса, онда ешқандай күнә не тыйым жоқ. Емдеуге келмейді. Негіз жоқ. Бұл – ауру емес! – дейді Самат.

Дәурен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы гомосексуалдықты аурулар санатынан әлдеқашан шығарып тастағанын айтады. Жыныстық арсыз әрекеттер тізімінде де бұл ұғым жоқ. Кейіпкерлердің пікірінше, ЛГБТ-қауымдастық өкілдерін насихаттауға болмайтын бөлек санатқа кіргізу адам құқықтарын бұзуға жатады.

– Танысу клубтарын құрып, көмектеспей-ақ қойыңдар. Жайымызға қалдырсаңдар да, жетеді. Әрбір гей жұмысына барып, үйіне тыныш қайтсын. Тимеңдер. Тым болмаса, базалық құқықтарымыз болсын. Саябақта жұрт көзінше сүйісу, АХАЖ бөліміне барып, некемізді тіркеу құқығын талап етіп жатқан жоқпын. Бірақ отбасылық мәселеммен психологқа барғанда, "Сізге көмектесе алмаймын, бұл заңға қайшы" деген жауап естігім келмейді. Маған тым болмаса базалық құқықтарымды қалдырыңдар! – дейді Дәурен.

Депутат Назаровтың жазбасының астында пікір жазған көп адам "ЛГБТ пропагандасына тыйым салу керек" деген ұсынысты қолдаған.

– Бұл көп адам сауатсыз екенін көрсетеді. Гей деген Гитлер заманында еврей болғанмен тең, – дейді Самат.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG