Accessibility links

Ұлттық құндылық, ЛГБТ құқығы һәм "Еуропарламент алдында ақталу". Әйелдер маршын қоғам қалай бағалады?


Әйелдер шеруіне қатысушы "Өз өмірім, өз таңдауым, өз еркіндігім" деген жазу ұстап тұр. Алматы, 8 наурыз 2021 жыл.
Әйелдер шеруіне қатысушы "Өз өмірім, өз таңдауым, өз еркіндігім" деген жазу ұстап тұр. Алматы, 8 наурыз 2021 жыл.

Дүйсенбі күні Алматыда гендер теңдігі мәселесі бойынша жүздеген адам қатысқан митинг өтті. Жергілікті әкімдіктің келісімімен өткен жиында Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылық және әйел теңдігі мәселелері қозғалып, әйелдердің, сексуалдық азшылықтың құқықтары қорғалмайтыны туралы түрлі пікір айтылды. Полицияның бақылауымен еркін өткен митингіде айтылған пікірлер әлеуметтік желідегі талқыға ұласты. Шерушілерге қарсы топ "ұлттық құндылықтарды қорғау керек" десе, оларды жақтағандар "адам құқықтарын" алға тартты, кей сарапшылар шеруді "демократияның көрінісі ретінде билік әдейі ұйымдастырып отыр" деген пікірде.

"БАТЫС ТА, ШЫҒЫС ТА КҮНДЕЛІКТІ ДАҒДЫСЫН ДОГМАҒА АЙНАЛДЫРҒАН"

БҰҰ-ның әйелдер жөнінде құрылымының Орталық Азия және Еуропа офисі азаматтық қоғам комитетінің мүшесі, гендер теңдігі жөнінде зерттеуші Молдияр Ергебековтің сөзінше, қоғам қашан да консерватив көзқараста болады.

– Батыс қоғамы да, Шығыс қоғамы да күнделікті дағдысын догмаға айналдырады да, тіпті дәл сол мәселеден зардап шексе де, [одан] айырылғысы келмейді. Гендер теңдігі жайлы жиынға байланысты даудан осыны көріп отырмын. Қоғамда әйел құқығы өрескел бұзылатын кез көп. Тіпті, митинг кезінде "әйелдердің зорлық-зомбылықтан өлгені" жайлы айтылып жатыр. Қарсы пікірдегілер ең болмаса осыған назар аудару орнына, "ата-бабамыз қызға тек қана төрден орын берген" деген популистік риторикаға ұрынып отыр. Бұлар – дәстүрлі патриархалдар. "Әйел мен ер ешқашан тең бола алмайды, әйел – ақымақ" дейтіндер де бар. Осы екі топтың қоғамда айтарлықтай көзқарас қалыптастырып отырғаны аңғарылады, – дейді ол.

Молдияр Ергебековтің сөзінше, мұндай пікір үстемдігіне постколониалдық түсінік әсер етіп отыр. Отаршылдықтан шыға бастаған қоғам бұрынғы, тіпті антигуманистік салт-дәстүдің өзін қайта орнықтырғысы келеді. Бірақ олар осы заманның техникасы мен технологиясын пайдаланады. "Бұл – күн тұтылғаны секілді сана тұтылғанының белгісі, қараңғылық көлеңкесі".

Зерттеуші әйел теңдігі жайлы ұғымды қолдай отыра, гендер теңдігі жайлы жиынға келген ЛГБТ өкілдерін айыптаушыларға да кінә қояды.

– Демократия дегеніміз – ең әуелі адам құқығы. Діні, жынысы бөлек адамды қолдамауыңыз мүмкін, бірақ олардың да дәл сіз сияқты көп алдында ой-пікірін айтуға құқығы бар екенін мойындауға міндеттісіз, – дейді ол.

Әйелдер шеруіне қатысушы "Әйел әркез өзіне ғана емес, барлық әйелге араша түседі" деген жазу ұстап тұр. Алматы, 8 наурыз 2021 жыл.
Әйелдер шеруіне қатысушы "Әйел әркез өзіне ғана емес, барлық әйелге араша түседі" деген жазу ұстап тұр. Алматы, 8 наурыз 2021 жыл.

Журналист Елнұр Әлімова да осыған ұқсас пікір білдірді: "Әйел құқықтары, феминизм деген не екенін түсіну үшін қазаққа әлі бір ғасыр керек сияқты. "Қазір әйелдердің дауыс беріп жүргені, ерлермен саясатқа қатар араласуы – феминизм арқасы. Феминизм деген – ғылымда үлкен бағыт. Оны құбыжық қылып көрсетудің қажеті жоқ. Келінді күң көретін дәстүр әлі бар. Әйел біреудің күңі емес".

"МӘСЕЛЕНІҢ ТАМЫРЫ ТЕРЕҢДЕ"

Шеруге қолдау білдіргендердің көбі Қазақстан қоғамында әйел құқығы шектелетінін, бұған кейде консервативтік қазақ қоғамы әдейі жол беретінін айтады. Дегенмен жұрттың көбі "қазақы салт-дәстүр мен қоғамдағы олқылықтарды шатастырмау керек" деген пікірді жақтайды.

WhatsApp-тағы чаттарда Қазақстанның әр түкпірінен мыңға жуық әйелге тұрақты заң кеңесін беріп жүрген құқық қорғаушы Айна Шорманбаева әйел құқығы мәселесінің тамыры тым тереңде дейді.

– Әйел құқығы мәселесін жеңіл-желпі нәрсе сияқты санайтындар шын мәнісінде оны өз басынан өткізбеген болуы мүмкін. Әсіресе, ауылды жерде тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдер өте көп екенін байқадым. Полиция жұмыс істемесе, мемлекеттік қызмет орындарына қолжетімсіз жерлерде зәбір көрген әйелдер қайда барарын білмейді. Қазір сот шешімі болса да алимент ала алмай жүрген әйелдер, декретке шықса да ақшасын ала алмай, декреттен қайта жұмысқа кіре алмай жүрген әйелдер көп екенін күнделікті көріп отырмын. Осының бәрі әйел құқығының қорғалмайтыны емес пе? – дейді ол.

Әйелдер шеруіне қатысушы "Бізге гүл емес, қауіпсіздік керек!" деген жазу ұстап келе жатыр. Алматы, 8 наурыз 2021 жыл.
Әйелдер шеруіне қатысушы "Бізге гүл емес, қауіпсіздік керек!" деген жазу ұстап келе жатыр. Алматы, 8 наурыз 2021 жыл.

Қазақстан президенті жанындағы ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек "Әйел құқығы" мен "жатыр құқығын" араластырмаған жөн" деп санайды және әйел құқығы жиі бұзылатынын айтады.

"Өз қызын зорлаған әкелерді, туған қарындасын қорлаған ағаларды көріп те, естіп те жүрміз. "Ұят болады", "Үндеме", "Қыздығың орнына келмейді" деген сөздерді қою керек! Оған қоса теріс діни ағымдағылар, әйелдер білім алмауы керек, үйде отыруы керек деген шектеулер де қазақ әйелдеріне деген қысымды күшейтіп отыр" деп санайды Айгүл Орынбек.

Facebook желісін қолданушы Мөлдір Махмудаеваның сөзінше, гендер теңдігі жайлы жиын сирек өтетіндіктен, қоғамның оларға үрке қарауы заңды. Ал сынаушылар, көбіне "жатыр мәселесіне", "бір жынысты неке" мәселесіне назар аударып, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа мән беруге дайын емес екенін көрсеткен".

"Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар" деп баласыз отбасыларды табаласа, ұлы жоқ отбасыларды да кемсітеді. "Қыз мұраты – кету" деген сөз де аңғара білгенге қызды шеттету. Бұл – кейде қыздың тұрмысқа мәжбүрлі түрде шығуына әкеледі" дейді ол.

"ҚАЗАҚЫ ҰСТАНЫМДАРДЫ ТАЛҚАНДАУ"

Халықаралық әйелдер күні өткен шеруге қарсы шыққандардың көбі "ұлттық құндылықтар", "қазақы тәрбие" және "жиіркенішті әлемдік құбылыстар" туралы айтты.

Бұрынғы айтыскер ақын, қазір діни телеарна басшысы Мұхамеджан Тазабек шараға қатысушыларды ұлттық құндылықтарға қарсы адамдар деп суреттеп, қазақ халқы ежелден "қыз абыройы мен ана қасиетін, әйел орны мен жар мәртебесін" жоғары қойғанын айтты.

Феминистер маршына қарсылық білдіргендер шерушілердің қазақ дәстүр-салтына қайшы ұрандар көтергенін айтып, бұған кейіс білдірді. "Олар қазақы ұстанымдарды талқандайды", "ұлттық кодты жояды" деген пікірлер көп айтылды.

Феминист ұйымдар белсенділері Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдында өткен митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 8 наурыз 2021 жыл.
Феминист ұйымдар белсенділері Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдында өткен митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 8 наурыз 2021 жыл.

Кей жастардың митингіге "Өз жатырым – өз ережем" деген плакат ұстап шыққаны да әлеуметтік желіде жиі талқыланды. Ержан Шардарбекұлы бұл ұранды аборт жасауға толық құқық беруге шақыру деп түсініп, олар "ұрпағымен ойнап жатыр" деп жазды.

Жазушы, журналист Марат Тоқашбаев – гендер теңдігі жиынындағы ұрандардың бәрін бірдей қолдауға болмайды деп санайтындардың бірі. Оның сөзінше, "Қазақстанда әйел құқығы заңмен қорғалған. Жоғары қызметте отырған әйелдер де бар. Отбасындағы ұрыс-керістің барлығын зорлық-зомбылық деп санау да дұрыс болмауы мүмкін. Өйткені әрбір жайттың астарына жеке үңілу керек".

– Біз мұсылман, Шығыс мемлекетіміз. Біз ұлттық құндылықтарымызды насихаттауымыз керек. Сондықтан кешегі жиындағы ұрандарды жұрттың бәрі бірдей қабылдай қоймауы заңды, – дейді ол.

"БҰЛ ЖИЫНДЫ БИЛІК ӨЗІ БАСҚАРЫП ОТЫРДЫ"

Акцияға шыққандар арасында Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") бойынша үстінен іс қозғалып, айып тағылған белсенді әйелдердің суретін ұстап, оларды қудалауды доғаруды талап еткендер де болды. Бірақ бұл шарада билікке қарсы саяси ұран көп айтылған жоқ.

Қазақстанда "Тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу" (405-бап) айыбымен үстінен іс қозғалып, жауапқа тартылған белсенді әйелдердің суретін ұстап тұрған адамдар. Алматы, 8 наурыз 2021 жыл..
Қазақстанда "Тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу" (405-бап) айыбымен үстінен іс қозғалып, жауапқа тартылған белсенді әйелдердің суретін ұстап тұрған адамдар. Алматы, 8 наурыз 2021 жыл..

Консерваторлар арасында да, оппозиция өкілдері ішінде де бұл жиынға билік әдейі рұқсат берді деп санайтындар бар. Олардың айтуынша, билік режимнің өзін, оның саясатын тікелей сынайтын жиындарды өткізбеуге тырысады да, мұндай шараларды "демократия көрінісі" деп дәріптеуге күш салады.

Жақында парламент мәжілісіне депутат болып сайланған ақын әрі журналист Қазыбек Исаның сөзінше, "Ақ жол" партиясы мемлекеттік тілді қорғау жайлы шеруге шықпақ болғанда билік рұқсат бермеген. "Тіл шеруіне жол жоқ – жын шеруіне жол көп болып тұр" дейді ол.

Гендер теңдігі жайлы жиынға биліктің рұқсат бергеніне саясаттанушы Қазбек Бейсебаев та назар аударған. Ол әйелдер мәселесі бар екенін растай отырып, билік бұл жиынды "Қазақстанда адам құқығы, бейбіт жиынға шығу құқығы бұзылады" деп жүргендерге көрсету үшін пайдалана алатын болды деп жазған.

Оппозицияшыл журналист Гүлжан Ерғалиеваның сөзінше, "билік бұл жиынға кедергі келтірмек түгілі, өзі басқарып отырды".

"Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығы жайлы қарары мен кейбір шенеуніктерге санкция салу мүмкіндігі әсер етті. Оппозиция митингісіне жасаған кейінгі кеттлингтен (демонстранттарды полиция құрсауында сағаттап ұстап тұру – ред.) соң ушыққан жағдайды реттеу керек болды. Бүгін сөйтіп "қазақ демократиясын" әдемі ұйымдастырып, паш етті" деп жазды Ерғалиева.

Биыл 11 ақпанда Еуропа парламенті Қазақстандағы адам құқығының ахуалы туралы қарар қабылдаған. Құжатта елде сөз еркіндігі, бейбіт жиын бостандығы шектеліп, адам құқығы тапталатыны айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG