Accessibility links

Лесби жұп сүйіскен фильмге тыйым Абаев отставкасы туралы талапқа ұласты


АҚШ-тың Disney және Pixar компаниялары жасап шығарған "Базз Лайтер" мультфильмінен көрініс. Сурет www.pixar.com/lightyear сайтынан алынды.
АҚШ-тың Disney және Pixar компаниялары жасап шығарған "Базз Лайтер" мультфильмінен көрініс. Сурет www.pixar.com/lightyear сайтынан алынды.

Лесби кейіпкері бар америкалық мультфильм Қазақстан кинотеатрларында көрсетілмейтін болды. Туындыны "ЛГБТ пропагандасы" деп айыптап, билікке сұрау салған топ бұл жаңалықты қуана қабылдады. Азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар мұны "цензура" дейді.

"Базз Лайтер" мультфильмі прокатқа шығарылмайтынын Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев 14 шілдеде Facebook парақшасында хабарлады. Министр мұндай шешімге не себеп болғанын жазбаған. Тек "ел азаматтары мен БАҚ өкілдерінен көп сұрақ түскенін" атап өткен.

Министрдің постына пікір жазғандардың көбі бұл шешімді сынайды.

"Мультфильм көрсетіліміне тыйым салу – Қазақстан Конституциясында тыйым салынған цензура", "Абаев ақыры цензор екенін мойындады", "Гомофобия Қазақстанның ресми позициясы ма?" деген пікірлер ұшырасады.

Сонымен бірге министрдің шешімін қолдап жатқандар да бар. "Барлық затты, әсіресе қазақи қоғамның рухани құндылықтарына қарама қайшы келетін заттарды фильтрсіз көрсете беруге болмайды" дейді қолданушының бірі.

ПЕТИЦИЯ МЕН АКТЕР ҮНДЕУІ

"Базз Лайтер" мультфильмі – америкалық "Дисней" және "Пиксар" студияларының бірлескен картинасы. Әлем кинотеатрларында биыл маусым айының ортасынан көрсетіле бастаған фильмде жас ғарышкердің хикаясы баяндалады. Қазақстанда 14 шілдеде көрсетілуге тиіс еді.

Мультфильмдегі бір көріністе негізгі әйел кейіпкер бала көтеріп тұрған екінші бір әйелді сүйеді. Бірер секундқа созылған бұл сәт Қазақстанда қызу талқыға түсті.

25 маусымда Иман Қуанышқызы есімді қолданушы "Қазақстандағы ЛГБТ пропагандасына қарсы" петиция бастады. Авторы "ислам дініндегі тыйымдарға" сүйенген үндеуге қазірге дейін 37 мыңнан астам адам қол қойған.

Қазақстандық актер әрі режиссер Нұртай Адамбай Facebook парақшасындағы жазбасында "Базз Лайтер" мультфильмін көрсетуге тыйым салуға шақырды.
Қазақстандық актер әрі режиссер Нұртай Адамбай Facebook парақшасындағы жазбасында "Базз Лайтер" мультфильмін көрсетуге тыйым салуға шақырды.

Маусым айының аяғында танымал актер, режиссер Нұртас Адамбай Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Instagram-дағы ресми парақшасын белгілеп, үндеу жасады. Ол мультфильмді көрсетуге тыйым салуды "ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі маңызды мәселе" деп сипаттайды. Адамбай "мұндай фильмдерге тыйым салатын заң керегін" де жазған.

Заң қабылдау ұсынысына әзірге жауап болмағанымен, үндеуі жерде қалмады. Адамбай "Базз Лайтер" мультфильмін көрсетуге тыйым салған жаңалықты ризашылықпен қабылдады.

– Мультфильмге тыйым салғанына қуаныштымын, әрине. Мұны цензура деп ойламаймын. Бұл – балаларымызды қорғау. Олардың көретін нәрсесіне біз жауаптымыз, – деді актер Азаттыққа.

Нұртас Адамбай көп жыл бойы "Сабина келін" сияқты фильмдерде әйел бейнесін сомдаған әртіс ретінде танылған. Кейінгі жылдары мұндай рөлдерден бас тартып, парақшаларында діни мазмұндағы жазбаларды жиі жариялап жүр. ЛГБТ көрінісі бар мультфильмге тыйым салу бастамасына қарсы азаматтар Адамбайға әртіс кезіндегі образдарын еске салып жатты.

– Ақылды адам актердің рөл сомдап жатқанын ажырата алады деп ойлаймын. Ол фильмдерде мен жыныстық ориентациясы түсініксіз адамды емес, әйелді ойнадым, – дейді Адамбай. – Онда мұндай дүниелердің пропагандасы жоқ.

АБАЕВТЫҢ "МАНИПУЛЯЦИЯСЫ"

1998 жылдан бері Қазақстанда адамдар арасындағы ерікті гомосексуал қарым-қатынас қылмыс болып саналмайды. Бірақ ЛГБТ өкілдері физикалық не психологиялық қысым мен шабуылға жиі тап болатынын айтады.

Еуропарламент 2021 жылы қабылдаған қарарында Қазақстанда ЛГБТ азаматтарды "әлі күнге дейін алалайтыны" жазылған. Құқық қорғаушылар бұған алаңдайтынын айтып, жекелеген жайттар бойынша Нұр-Сұлтанды адам құқығының сақталуын бақылауға үндеген.

Қазірге дейін "Базз Лайтер" мультфильмін көрсетуге Таяу Шығыс пен Азияның кемінде 14 мұсылман мемлекеті тыйым салған. Оның ішінде Сауд Арабиясы, Ирак, Cирия, Біріккен Араб Әмірліктері, Египет, Индонезия, Малайзия мен Ливан бар.

Енді бұл тізімге Қазақстанның да кіруі тосын көрінді. Себебі ел заңнамаларында ЛГБТ көрінісі бар әлдебір медиаконтентке тыйым салу туралы норма жоқ. Азаттық министр Абаевқа бұл шешімді қандай заңға сүйеніп қабылдағанын түсіндіріп беруін сұрап хат жолдады. Мақала жарияланғанға дейін жауап келген жоқ.

Абаев бұл мәлімдемесінен соң қатты сынға қалды. 14 шілдеде alash.online сайтында "Базз Лайтер" мультфильмі бойынша және бір петицияға қол жинау басталды. Артур Бабидов есімді азамат фильм прокатына салынған тыйымды алып тастауды, ал министр Абаевты отставка жіберуді талап етеді.

Петиция авторы "Қазақстан Конституциясының 20-бабында цензураға тыйым салынған. Бірақ Дәурен Абаев фильмге тыйым салып, цензураны жақтап отыр" деп жазды. Петиция жарияланғаннан кейін бір күнде оған қол қойғандар саны алты мыңнан асқан.

– Қазақстанда билік популистік және кімнің даусы қатты шықса, соның жетегінде кететінге ұқсайды. Бұл – алаңдататын нәрсе, – дейді ЛГБТ белсендісі Әмір Шәйкежанов. – Демек шағын, бірақ шулы топтарға реакция танытудан басқа мемлекеттің өз даму линиясы болмағаны ғой?

Шәйкежанов мұндай билік ертең заң мен халықаралық нормаға қайшы болса да, ақылға сыймайтын түрлі нәрсеге шектеу қоя береді деп қауіптенеді.

– Шенеуніктерге бәрі бақылауда деген иллюзия үшін даусы қатты шығатын әлгіндей топтың ығына жығылып, солардың аузын жапса болғаны, – дейді ол.

ЛБК (лесби, бисексуал, квир) қауымының құқығын қорғаумен айналысатын Feminita ұйымы жетекшілерінің бірі Гүлзада Сержан министр Дәурен Абаевтың фильм прокатына "көптің сұрауына" сілтеп тыйым салуын манипуляцияға жатқызады.

– Көпті тыңдағыш болса осы уақытқа дейін Қаңтар қырғыны құрбандарының тізімі шығар еді, көп балалы отбасыларға үй берілер еді, пенсия жасымызды түсір деп жүрген әйелдердің даусын естір еді. Халықты бір-бірімен қырқыстырып, қай жеңгенің менікі деп отырған бұл адамдар мемлекетіміздің дамуына, өркендеуіне, бақытты-баянды бейбіт өмір сүруімізге ешқандай кепілдік бере алмайды. Бұл елдегі саяси, экономикалық кризистерді осылай ЛГБТ қауымға қастық ұйымдастырып жұбатып отырған түрлері ғой, – дейді Сержан.

P.S. Сайтымызда осы материал жарияланғаннан кейін көп ұзамай Азаттыққа Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінен хат келді. Онда редакция сауалына жауап ретінде министр Дәурен Абаевтың 15 шілдеде Facebook-парақшасына жариялаған жазбасына сілтеме берілген. Абаев "Постымда тыйым туралы сөз жоқ. Бұл картина елде прокатқа шықпайтынын айттым" деп жазған. Бұған қоса даулы фильм жайлы ол "Министрлік ретінде мұндай сюжет желісіне, егер олар заңға қайшы келмесе, этика тұрғысынан баға бермейміз, алайда қоғам пікірін де елеусіз қалдыра алмаймыз" деп пікір білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG