Accessibility links

"Күйеуім жазықсыз өлді, атқандар табылмады". Қаңтарда қаза тапқандардың жақындары қалай күн кешіп жатыр?


Қаңтарда қаза тапқан Әкімжан Бектұрғанның жесірі Шапағат Қадырова.
Қаңтарда қаза тапқан Әкімжан Бектұрғанның жесірі Шапағат Қадырова.

2022 жылғы қаңтардың алғашқы күндері Жаңаөзеннен басталған наразылық тәртіпсіздікке ұласты. Ахуал ушыққан тұста Қазақстан президенті ескертусіз оқ атуды бұйырды. "Азаттық Азия" асыраушысынан айырылған, бірақ қылмысқа кінәлілерді жауапқа тартқыза алмаған отбасылармен сөйлесті.

ДЕНЕНІ ТЕСІП ӨТКЕН ОҚ

"Әппақ болып жатыр екен. Желкесінен шұңқыр көрінеді". Дүрбелең күндері із-түзсіз жоғалған күйеуін шарқ ұрып іздеп, соңында Алматының мәйітханасынан тапқан Шапағат Қадырова төрт жыл бұрынғы оқиғаны осылай еске алды.

Әкімжан Бектұрған дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. 2022 жылғы 5 қаңтарда ол екі әріптесімен бірше қала орталығындағы алаңға барған. Сол күні алаңға мыңдаған адам жиналған еді. Жұмысшы жігіттер қалың нөпір ішінде бір-бірінен адасып қалады. Сол кезде бүкіл елде наразылық болып жатқан. Елдің батысында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсылықтан басталған шаралар басқа аймақтарға да жайылып, шерушілер үкіметтің саясатын, жемқорлық пен әлеуметтік мәселелерді ашық сынаған.

Алматыдағы жағдай жылдам өзгерді. Көп адам қала әкімдігіне барып, одан соң күзеті күшті президент резиденциясына басып кірді. Жүк көлігі қақпаны бұзып кіріп, жұрт ішке лап қойды, оларға оқ атылды. Әкімдік те, резиденция да қалың нөпірдің бақылауына өтіп, тоналып, өртенді. Қалада бейберекет болып жатты.

Шапағат күйеуін полиция бөлімшесі, тергеу изоляторы, аурухана сияқты мекемелерден іздеді.

"[Қаңтардың] 15-і күні мәйітханадан қоңырау шалып, "Әкімжен Бектұрған сіздің күйеуіңіз бе? Денесін алып кетіңіз" деді. Оның кім екенін саусақ іздері арқылы анықтаған. Қалтасында құжаттары болмаған. Ол 5 қаңтарда №34 болып түскен. Соншама уақыт мұздатқышта жатса керек, — деп еске алады ол.

Мәйітхана оған Әкімжан Бектұрған атылған оқтан қаза тапқан: оқ арқасы мен желкесіне тиіп, аузының астынан тесіп өткен деп жазылған медициналық анықтама берген.

ҚҰПИЯ ІС

Жас жігіттің өлімі бойынша "өкілетін асыра пайдалану" бабымен іс қозғалды, бірақ Шапағатты қандай да бір тергеу амалдарына шақырмаған.

"Күйеуімді жерлеп, бәрін басымнан өткеріп жүргенде депрессияға түстім. Көктем басталғанда [мекемелерге барып] қудалай бастадым. Маған ештеңе айтқан жоқ. Істі бермеді. Полицияға кіргенімде тіпті құжаттарды фотоға түсіруге мүмкіндік берген жоқ" дейді Шапағат.

Қаңтарда қаза болған басқалардың істері сияқты бұл істі де құпия еткен. Содан соң мүлде жауып тастаған.

"Прокурор маған: "Атқан – әскерилер, сіздің күйеуіңізді әскерилер өлтірді. Бұл – бұйрық, ал бұйрықты талқылауға болмайды, [атқан] адамды ашық айта алмаймыз. Іс құпия жүрді" деді. Ешкім жауап берген жоқ. Сөйтіп істі жауып тастады" дейді Шапағат Қадырова.

Үш баламен жесір қалған Шапағат күйеуінің өліміне кінәлілерді анықтап, асыраушысынан айырылғаны үшін өтемақы өндіруге тырысты. Тоқаевтың жарлығымен құрылған "Қазақстан халқына" қоры Қаңтарда мерт болған басқалардың отбасы сияқты оған да 7 миллион теңге (сол кездегі курспен 14 мың доллардай) ақша берді. Асыраушысынан айырылған отбасылардың көбі сияқты ол да бұл өтемақы мардымсыз деп санайды. Қаза тапқандардың жесірлері бұл мәселені көтеріп мемлекеттік мекемелердің талай есігін қаққан.

"Маған "күйеуіңіз жазықсыз, бірақ оны атқан адам табылмады" деді. "Қалаға 20 мың террорист кірді" деді. Кейін мұны жалған ақпарат деді. Сол жалған ақпарат кесірінен балаларым әкесіз қалып, асыраушысынан айырылды, мен жесір қалдым. Біздің үйіміз жоқ. Олар үнемі берген 7 миллионын айтады. Бұл – өтемақы емес, бір реттік көмек. 70 миллион беріп, содан соң міндетсініп айтсаңдар болады. Күйеуім ауырып өлсе не жол апатынан қайтса бұл жерде тұрмас едім". Былтыр мамыр айында Қаңтарда құрбан болған басқа адамдардың жақындарымен бірге Алматы қалалық әкімдігі ғимаратына келіп талап қойған Шапағат осылай деген еді.

Алматы қалалық әкімдігінің өртенген ғимараты. 10 қаңтар, 2022 жыл.
Алматы қалалық әкімдігінің өртенген ғимараты. 10 қаңтар, 2022 жыл.

Алматы әкімдігінен қайран болмаған соң былтыр желтоқсанда Шапағат Астанаға жаяу шықпақ болады. Екі қаланың арасына 1500 шақырымдай. Ол астанаға жете алмай, орта жолдан кері қайтты. Жолда бір адам көлігіне отырғызып, Алматыға қайтып әкелді.

"Қаңтарда күйеуі қаза болған басқа әйелдер қоңырау шалды. "Сені бақылап отыр, кері қайтпасаң, ұстап әкетіп қайтарады" деді. Әкімдіктен де хабарласып, кездесуге шақырды, мәселеңді шешіп береміз деді. Ертесінде әкімдікке күйеуімді өлтіргендерді тапсын, балаларыма үй берсін деген екі талаппен бардым. Әкімдіктегілер кінәлілерді іздеу құзырына кірмейтінін, ал үй мәселе қаралып жатқанын, сәл шыдау керегін айтты" дейді Шапағат.

АСЫРАУШЫСЫЗ ӨМІР

Баланың әкеге деген сағыныш көру ең ауыры дейді Шапағат. Оның үлкені — 13, ортаншысы — 9, ал кішісі — 6 жаста.

"Ол балаларды өте жақсы көретін. Өзі жақсы күйеу бола білді, — деп еске алады Шапағат. — Үлкені әкесінің енді жоқ екенін бірден түсінді, ол кезде он жаста еді. Екінші баламен қиын болды: жылап, сұрақ қоя берді. Не болғанын түсіндіре алмадым, тек "барлық адам өледі, бұл Алланың қалауымен болды" деп айттым. Ал ең кішісі ол кезде екі жарым жаста еді, ештеңе түсінбеді. Балалар жолдасымның суретін сүйіп жатқанын жиі көремін. Өзім де шындықтың түбіне жетпейінше, оны жібере алмай жүрмін. Бұрын күйеуім жанымда болғанда жайбарақат жүретін едім. Қазір қиындыққа тап болғанда: "Ол тірі болғанда, мұндай жағдай болмас еді" деп ойлаймын. Ағама қонаққа барып, оның балаларымен ойнап жүргенін көргенде, күйеуімнің балалармен қалай ойнағаны есіме түсіп, қатты қобалжимын".

Шапағаттың тұрақты жұмысы жоқ. Кездейсоқ табыс пен асыраушысынан айырылғанына байланысты берілетін 104 мың теңге жәрдемақысы тамақ пен жалдамалы баспана ақысын төлеуге әрең жетеді.

"Үнемі қарызға батып жүремін. Асыраушысынан айырылған басқа отбасылармен сөйлестім. Олар да балаларға қысқы аяқкиім алуға ақша жоқ дейді. Биыл маған балалар аяқкиіміне сертификат берді. Бірақ мұндай көмек әрдайым бола бермейді" дейді үш баланың анасы.

Шапағат Қадырова материалдық қиындыққа қарамастан, күйеуі қалай қаза болғанын анықтап, оқ атқандарды жазалату жолындағы күресті жалғастыратынын айтады.

"Соңына дейін барамын деп серт бердім. Прокуратурадан берілген қағазым бар, онда оқ атқандар мемлекеттік органдардың адамдары деп жазылған. Адвокат таптым, ісімді халықаралық инстанцияларға жібермек. Үміт тек соларда. Біз жеңуіміз керек", — дейді ол.

КЕШКІ АСҚА КҮЙЕУІН КҮТКЕН АҚТОТЫ

Ақтоты Кебекбаева да күйеуін 2022 жылғы қаңтарда жер қойнына берді. Досы екеуі кетіп бара жатқан көлікке қала орталығында оқ атқан. Рөлде отырған Ерлік Кебекбаев сол жерде жантәсілім еткен.

Ақтоты тамақ пісіріп кешкі асқа күйеуін күтіп отырған. Ал күйеуі жаңа жыл мерекесінде қала сыртындағы ата-әжесінің үйінде болған қызын алып, көлікке жанармай құйып қайтуға шығып кеткен. Алматы орталығындағы бүліктен соң 6 қаңтарда интернет өшіп, қала ақпараттық құрсауда қалған кез. Ермек досы екеуі Республика алаңы жаққа қарай барған. Содан кері қайтпаған.

Күйеуі кешіккен соң телефонына қоңырау шалғанда оның досы Ділшат Әбусаттаров жауап берген. Ол да оқ жарақатын алған, бірақ есі бар еді. Ділшат оған күйеуі мерт болғанын айтқан (2023 жылы ол Азаттыққа өздері мінген көлікті әскерилер қалай атқанын айтып берген еді).

Қаңтар оқиғасы кезінде Ермек Кебекбаев атып өлтірілген Mazda автокөлігі. Ол 2022 жылғы 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңы маңында көлік рөлінде оққа ұшқан.
Қаңтар оқиғасы кезінде Ермек Кебекбаев атып өлтірілген Mazda автокөлігі. Ол 2022 жылғы 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңы маңында көлік рөлінде оққа ұшқан.

Кешке қалада комендант сағаты орнайды. 7 қаңтар таң азанда Ақтоты мәйітханаға келді. Ол күйеуінің денесін ғимараттың ішінде ғана емес, аулада да жатқан көп мәйіттің арасынан тапқан.

"Есеңгіреп қалдым. Тіпті жылай алмадым. Мәйітті үйге әкелгенде ғана түсіне бастадым" деп еске алған еді Ақтоты сол сәттерді.

42 жастағы Ермек Кебекбаев оқ тиіп қаза тапты. Бір оқ басына, үшеуі кеудесіне тиген.

"Бастан атқан оқ қана тесіп өткен, бірақ бірде-бір оқты таба алмады. Қай жақтың оғы, кім атты, ештеңе айтпады. Бәлкім әсерилер, бәлкім жай адамдар атқан болар деді. Ешқандай қағаз берген жоқ, тіпті фотоға да түсірткізбеді. Тек оқуға берді де, бірден алып алды" дейді Ақтоты.

ТЕРГЕУГЕ ШАҚЫРУ

Жерлеуден екі апта өткен соң полиция эксгумация жасады. Ермек Кебекбаевқа тәртіпсіздікке қатысты деген айыпты өлген соң тақпақ болады. Полицейлер Ақтотыны тергеуге шақырады.

"Есік қағылса, балаларым қашады". Күйеуі қаңтарда оққа ұшқан әйел
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:11 0:00

"Маған қатты қысым көрсетті, есікті қағып, "ашпасаңыз жаман болады" деді. Балалар қорқып, жылайтын. Мен үйде жоқта есікті қағып, балаларды шошытты. Мен олардан "Әкесін жоғалтқалы балаларға онсыз да қиын, келетіндеріңді алдын ала ескертіңдер" деп өтіндім. Сонда да келіп жүрді. Көршілерден біз туралы сұрады. Үйге кіргізсең өте дөрекі сөйлеседі. "Өтірік айтсаң, түрмеге қамаймыз" деп қорқытты" деп еске алады Ақтоты.

2022 жылдың наурыз айында адвокат Елена Жанатова Азаттыққа Кебекбаевтың өлімі фактісі бойынша тергеу Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 15-тармағы ("Қылмыстық топ жасаған адам өлтіру, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде немесе жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру") бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Оған берілген жауапта Республика алаңында және Алматының басқа да бөліктерінде "анықталмаған адамдардың" "жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны", соның салдарынан "құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, сондай-ақ зорлықпен өлтіру белгілері бар басқа да азаматтар, оның ішінде Кебекбаев Ермек Жеңісұлы зардап шеккен" деп жазылған.

Актоты істің жабылған-жабылмағанын білмейді, өйткені үнемі күйзелісте жүргендіктен тергеу барысын қадағалауға шамасы болмаған:

"Бәрі немен аяқталғанын білмеймін. Істі жапқан сияқты. Анда-мұнда көп сүйреді. Тергеушілер үнемі ауысып отырды. Көмектескен заңгерлер болды, бірақ кейін олар да жоғалып кетті, ал өзімнің көп жайттан хабарым жоқ. Тіпті қадағалауды қойдым. Алдымен анамнан айырылдым, бес айдан соң күйеуім кетті. Жалғыз өзің, қолдаусыз шапқылап жүрсең, күш-қуат қалмайды екен" дейді ол.

"МАМА, КРЕДИТІҢДІ ЖАП"

Ақтотымен бір бөлмелі аядай пәтерде сөйлестік. Ол мұнда үш баласымен тұрады. Бұл да туыстарының үйі. Отбасының өз үйі жоқ, әзірге үйдің кезегінде тұр. Қаңтар құрбанының жесірі жұмыс істемейді, балаларға қарайды. Айына 100 мың теңге (200 доллардай) жәрдемақыға күнелтеді.

"Пәтерақы, коммуналдық төлемдер және азық-түлікке жеткізуге тырысамын. Қазір баға қандай екенін білесіздер. Кейде үй кезегін тексеріп қоямын. Жылжымайды" дейді ол.

Биыл қысқа балаларына түгел қыстық киімдері мен аяқкиім алды. Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен мұқтаж отбасыларға көмектесетін Erkinadamdar жобасының еріктілері жәрдемдесті.

Актоты күйеуі рөлінде отырып оққа ұшқан Mazda көлігін сату арқылы жағдайын сәл түзетемін деп үміттенген. Алайда, оның сөзінше, полиция көлікті қайтармаған.

Қаңтарда қаза тапқан Ермек Кебекбаевтың жесірі Ақтоты отбасы альбомындағы суреттерді көрсетіп отыр. Алматы, 28 желтоқсан, 2025 жыл.
Қаңтарда қаза тапқан Ермек Кебекбаевтың жесірі Ақтоты отбасы альбомындағы суреттерді көрсетіп отыр. Алматы, 28 желтоқсан, 2025 жыл.

"Көлік менің атыма тіркелген. Бірақ қай полиция басқармасына барсам да, бәрі "білмейміз" деп жауап берді. Қайтарып берсе, ең болмаса утилизацияға өткізіп, 200 мың теңгедей алсам, маған үлкен көмек болар еді. Балалар өсіп келеді, олардың дамуына керек, үйірмелерге барып, ағылшын тілін үйренуі қажет. Қайта-қайта ақша жоқ деп айтуға ұяламын. Ал тегін секциялар не үйден алыс, не орын жоқ" деп налиды ол.

Актоты "Қазақстан халқына" қорынан 7 миллион теңге алған. Оның айтуынша, бұл қаражат несие қарыздарын жабуға кеткен, ал бір бөлігін есепшоттарын бұғаттаған сот орындаушысы алып қойған.

"Маған мемлекеттен Қаңтар кезінде зардап шеккен адам ретінде бес миллион теңге көлемінде көмек берілуі тиіс еді. Тіркеу орным бойынша Талдықорғанға жіберді. Бірақ кейін "берілмейді" деді", — деп күрсінеді Ақтоты Кебекбаева.

Ақтоты отбасы фотоальбомындағы суреттерді парақтап көрсетіп отыр. Ермек екеуінің үйлену тойы. 2011 жыл.

"Арамызда 13 жыл жас айырмасы бар, бірақ оны аңғару қиын" дейді ол бірге түскен суреттерді көрсетіп.

Актоты Кебекбаева, вдова погибшего во время Кантара жителя Алматы, показывает семейный фотоальбом. 28 декабря 2025 года
Қаңтарда қаза тапқан Ермек Кебекбаевтың жесірі Ақтоты отбасы альбомындағы суреттерді көрсетіп отыр. Алматы, 28 желтоқсан, 2025 жыл.

Отбасы Талдықорғанда тұрған. Қаңтар оқиғасынан бір жыл бұрын ғана Алматыға көшіп келген. Ермектің шағын бизнесі болған, бірақ ол пандемиядан соң мүлде жүрмей қалыпты. Кейін ол таксимен жолаушы тасып, көлік бөлшектерін сатып күн көрген.

Альбомда отбасымен демалған сәттегі сурет көп.

"Балалар жылы сезіммен еске алады, бірақ сағынышы көздерінен білініп тұрады, – дейді ол. – Ермек олардың өмірінде ұзақ болмаса да жақсы тәрбие беріп кетті. Әсел – нағыз әкесінің қызы. Қатты сағынады. Осындай сәттерде оны еске аламын: "Егер сен болғанда…" деп бастаймын. Қандай қиын. Әкенің аты әке ғой. Жаңа жылдың алдында күйеуім үш баланы түгел салып алып базар, дүкен атаулыны аралайтын. Сыйлықтар, шыршаға әрлеуіштер алатын. Балалар мәз-мейрам болып келетін. Қазір жаңа жылды да қарсы алмаймыз. Ақша да жоқ, көңіл күй де бұрынғыдай емес" дейді ол.

Балалардың бәрі әкелері келмейтінін түсінеді. Олар жаназасына қатысқан, бейітіне де барып тұрады. Анасы өлім себебін балалардан жасырып-жабудың керегі жоқ дейді.

Ақтотының кішкене баласы Бекболат әкесінің машинасының суретін салыпты. Әкесін атып өлтірген Mazda көлігі. Суретті аукционға шығарған.

Суретті қарағандылық бір кісі 53 мың теңгеге сатып алды. Ұлым қатты қуанды. Өзіне бес мың теңгесін ғана қалдрып, қалғанын маған берді. "Мама, кредиттерді жап" деді, – деп еске алады Ақтоты.

ЖАБЫЛҒАН ІСТЕР

Қазақстандық құқық қорғаушылар 2023 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде адам құқықтары қалай бұзылғанын құжат жүзінде дәлелдейтін "Оқ ату бұйрығы" ("Стрелять на поражение") атты кітап шығарды. Олар Астананы тоқтатылған және құпияланған адам қазасына байланысты барлық істерді қайта жандандырып, "бейбіт халыққа қатысты заңсыз әрекеттерге қатысқан әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің барлығы жауапкершілікке тартылуы тиіс" екенін айтты.

Қанды қаңтар күндері адамдарға оқ атқаны үшін істі болып, жазаланған күштік құрылым өкілдері санаулы.

2022 жылы келісімшартпен істейтін әскери қызметші Марк Злуняев малшы Ерназар Қырықбаевтың қазасына байланысты іс бойынша алты жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Талдықорғанда әскери бөлімнің маңында атпен кетіп бара жатқан Қырықбаевқа оқ атып, оның өзін де, атын да атып өлтірген. 2023 жылы әскери қызметкер Данияр Егембаев Қаңтар кезінде Талдықорғанда ерлі-зайыпты Сейітқұловтар және олардың кәмелетке толмаған қызын атып өлтіргені үшін "билікті асыра пайдаланды" деген айыппен 7 жылға сотталды. 2023 жылы әскери қызметші Серікбол Мұратхан Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда 26 жастағы Елнар Қансейіттің қазасына байланысты "билікті асыра пайдаланды" деп танылып, 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Марқұм Елнар Қансейіт - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлы. 2025 жылы Ұлттық ұланның подполковнигі Айтжан Әубәкіров Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы Республика алаңында атып өлтірілген археолог Ерлан Жағыпаров пен алматылық Әуез Қапсалановтың қазасына қатысты іс бойынша 7 жылға сотталды.

"ОЙЫНА КЕЛГЕНДІ АЙТЫП ЖҮРГЕНДЕР"

Қаңтар қырғынына 4 жыл толған 2026 жылғы 5 қаңтарда Turkistan газетіне берген сұхбатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар туралы пікір таластыратындарды "сол кездегі дағдарыстың түпкі мә­­нін түсінуге еш пайдасы жоқ дүние­лер­­ді қазбалап кетеді" деп сынады әрі "ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салын­бау керек" деп кеңес берді.

"Алматыдағы аласапыран тура­­лы жиі айтылып жатады, мұны тү­сіну­ге де болады. Бірақ, зұлымның си­қыр­­лы таяқшасымен жасалғандай адам сен­­гісіз жағдайлар болғанын да естен шы­­ғармау керек. Нақтырақ айтқанда, бү­­лік­ті ұйымдастырушылардың әмірі­мен бір мезетте он екі қалада жаппай тәр­­­­тіпсіздік белең алды. Оның арты қас­­көйлердің көптеген облыс әкім­дік­тері мен құқық қорғау органдарының ғи­мараттарын басып алуына әкеп соқ­тырды" деді Тоқаев. Бірақ ол ешкімнің аты-жөнін атамады.

Ол билікті асыра пайдалану, төңкеріс жасауға әрекеттену және мемлекетке опасыздық жасау айыптарымен түрме жазасына кесілген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылығын меңзеген тәрізді.

"Қазір, арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адамдар мем­лекетіміздің елді құрдымға жібере жаз­даған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр" деді президент. Мұнда да ол кімді тұспалдап, қай пікірлерді меңзегенін ашық айтпады.

Ресми дерек бойынша, 2022 жылдың алғашқы күндері болған Қаңтар көтерілісі кезінде 238 адам қаза тапқан. Олардың басым бөлігі атқан оқтан мерт болған. Алты адам полиция бөлімшелері мен тергеу изоляторында азаптау салдарынан көз жұмды.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы 2023 жылы жариялаған есебінде Қаңтар оқиғасы кезінде адам құқықтары бұзылуына қатысты көп қылмыс жазасыз қалғанын атап өтті. Ұйым ел билігі наразылық пен зорлық-зомбылықтың өршуін басу үшін шектен тыс күш қолданғанын, соның салдарынан кісі өлімі көп болғанын, ал құқық қорғау ұйымдары істерді тергеуге халықаралық тәуелсіз сарапшыларды тарту туралы үндеуін ескермегенін атап өтті.

XS
SM
MD
LG