Accessibility links

Боқаевтың қамау мерзімі 18 тамызға дейін ұзарды

Cанжар Боқаев.
Cанжар Боқаев.

Алматының тергеу соты белсенді Cанжар Боқаевты қамауда ұстауды 18 тамызға дейін ұзартты. Бұл туралы адвокаты Радмир Өтепов 10 шілдеде хабарлады.

Алматылық белсенді Боқаев 18 наурыздан бері тергеу абақтысында қамауда отыр. Бас прокуратура Боқаев "аса ірі мөлшерде қаржыны алаяқтық жолмен жымқырды, жалған ақпарат таратты және қоғамды теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялады" деген күдікке ілінгенін хабарлаған.

Тергеу Боқаев ағаш кесуді өзі ұйымдастырып, оны қаржыландырған, ал оны орындауға әлеуметтік жағдайы төмен адамдарды тартқан деп санайды. Ал Боқаевқа қарсы іс "қолдан жасалған" деп санайтын жақтастары "істің астарында саясат жатуы мүмкін" деп мәлімдеген.

Боқаев кейінгі жылдары қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, желіде Қазақстандағы заңсыздықтарды әшкерелейтін видеолар жариялап көпке танылған. Ол бюджет қаржысы қандай мақсатқа, қалай жұмсалып жатқанына, қоғамда көптің наразылығын тудырған утильалым мәселесіне, Алматыдағы қоғамдық орындар мен көшелерін "жөндеу" жұмыстарындағы күмәнді жайттарға жұрт назарын аударған. Оның Алматыдағы қалпына келтіру жұмыстары мен құрылыс саласындағы мәселелер жайлы түсірген видеолары әлеуметтік желілерде көп көрілген.

Былтыр күзде шетелге кеткен Боқаев биыл ақпанда АҚШ-та бизнеспен айналысып жүргенін және қоғамдық белсенділікпен айналысуды қоятын ойы барын мәлімдеген еді. Содан кейін елге келген ол Алматыда ұсталып, қамауға алынды.

XS
SM
MD
LG