"Жаттығу жасаңыз, кітап оқыңыз..."
"...Жаңалықтардан айтар болсам, кеше "Қазмырышта" жарылыс болды. Жалпы бәрі баяғыша: баға өсіп жатыр, адамдардың бәрі ашулы, ашушаң боп кетті. Бостандыққа шыққанда адамдарды танымай қалатын шығарсыз...".
Алматы тұрғыны Бота Шәріпжанның құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған адамдарға хаты осылай басталады.
Ол бүгін тағы бір хатын аяқтап, поштамен жіберуге әзірлеп қойды.
"Сәлеметсіз бе, Әйгерім! Бұл – Бота Шәріпжан. Сізге хатты мерекелер қарсаңында, 6 мамыр күні жазып отырмын... Вадим Борейконың есепшоттары бұғатталды, дін қызметкері Яков Воронцовты тергеу изоляторына қамады, Мұхтар Шаханов қайтыс болды. Тағы бір жаңалық – "Айран медиа" жабылды. Оған Санжар Боқаев пен Гүлнәр Баженованың қамалғанын қосқанда, медиа алаңды тазарту жүріп жатқандай әсер қалдырады. Тәуелсіз медиа қалмай бара жатыр. Ал біз, қарапайым адамдар, өмір сүруді жалғастыра береміз…".
Бұл – Ботаның Алматы облысындағы Жауғашты түрмесіне жіберетін хаты. Онда отырған азаматтық белсенді, журналист Әйгерім Тілеужанға бұған дейін жіберген хатымда есеп жоқ дейді. Тілеужанды Алматының Наурызбай аудандық соты 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде “әуежайды басып алуға қатысты” деген айыппен 4 жылға түрмеге қамаған. Бота Айгерімді саяси тұтқын санайды.
Ол Әйгерім Тілеужанды жігерлендіріп, қамқорлық танытуға тырысады.
"Жаттығу жасаңыз, кітап оқыңыз, бостандықтың алыс емес екенін ұмытпаңыз. Қолыңыздан келгенше мықты болыңыз. Сабыр түбі – сары алтын. Жазуым үшін кешірім сұраймын. Сәлеммен, Бота".
"Қазіргі билік не президент туралы тым өткір нәрсе жаза алмаймын"
– Ол жақта тек "Хабар", "Еларна" сияқты қазақстандық арналар көрсетіледі. Әрине, ондағы айтқанның бәрі қатты сүзгіден өткен мемлекеттік жаңалықтар ғой. Мысалы, футболдан не мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан алтын медаль алды десе, ондайды білуі мүмкін. [Олимпиада чемпионы] Михаил Шайдоров туралы естіген шығар. Бірақ басқа саяси тұтқындардың басында не болып жатқанын олар теледидардан көрмейді. Ондай нәрселерді мен хат арқылы жаза аламын. Сондықтан шамам келгенше оларға тәуелсіздеу жаңалықтар жіберуге тырысамын. Қызық болады-ау деген дүниелерді жазамын, – дейді Бота Азаттыққа сұхбатында.
Дегенмен ол хатында саясат туралы көп жазбауға тырысады, өйткені хаттарды күзеттегілер оқитынын біледі.
– Бәрі сүзгіден өтеді. Мысалы, телефон нөмірін жазуға болмайды, оны бірден сызып тастайды, "шифр" деп ойлайды. Бұл ескі совет кезінен қалған ереже сияқты. Сондықтан абай болу керек: қазіргі билік немесе президент туралы тым өткір нәрсе жаза алмаймын. Бірақ өзім де оның артық екенін түсінемін. Менің басты мақсатым – ақпарат жеткізу, – дейді ол.
"Олар өз таңдауы үшін өкінбегенін қалаймын"
Түрмедегі адам ақпаратқа қаншалық мұқтаж болатынын Ботаның өзі де жақсы біледі. 2023 жыл 16 желтоқсанда ол тіркелмеген Oyan, Qazaqstan қозғалысындағы қыз-жігіттермен бірге 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында қаза тапқан балалардың суреттерін ұстап, есімдерін атап, Желтоқсан, Жаңаөзен және Қаңтар оқиғаларын еске алып, Алматы көшесімен жүріп өткен. Артынша ол "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деп айыпталып, 15 тәулікке қамалған. Ол жаңа жылды абақтыда қарсы алған. Сонда ол бәрінен бұрын жаңалық оқығысы келген.
– Әлеуметтік желіге үйреніп қалған адам үшін кәдімгідей қиын болады екен. Төрт қабырғаның ішінде өзіңді басқа планетаға түсіп қалғандай сезінесің, – дейді Бота.
Бота экстремистік баптармен сотталған екі азамат – Қызылорда түрмесінде жатқан журналист Думан Мұхамедкәрімге, Степногорскідегі абақтыда отырған марафоншы Марат Жыланбаевқа және Ресейден қашып, Қазақстанда ұсталған белсенділерге де хат жазған. Алайда бүгінге дейін ешбірінен жауап келмепті.
Достары Ботадан "Мұны не үшін істейсің, олардан жауап та алмайсың ғой?" деп жиі сұрайды. Оның берер жауабы дайын:
– Хатты ең әуелі олар өзін жалғыз сезінбесін деп жазамын. "Біз бекер отырған жоқпыз, нақты идея үшін отырмыз" деп сезінсе деймін. Сол үшін хаттарымда "ештеңе бекер емес", "сендер жастарға үлгі болып жатырсыңдар", "болашақ ұрпақ сендерді біледі", "бостандыққа шыққанда бәрі жақсы болады" деп жазамын. Оларды қолдағым келеді. Өйткені ең қиын сәттерде олар "осымен неге айналыстым?" деп өкінуі мүмкін деп ойлаймын. Бірақ олар өз таңдауы үшін өкінбегенін қалаймын. Өйткені олар өмірінің, жастығының ең жақсы жылдарын түрмеде өткізіп жатыр. Маған олардың "бекер қамалған жоқпын" деп сезінгені маңызды.
"Белсенді көп адамның қолдауына ие бола бастаған сәтте саяси тұтқынға айналады"
Қазақстан билігі елде саяси тұтқын жоқ деп санайды. 2024 жылы "Егемен Қазақстан" газетінің журналисі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа: "Билікті сынап жүргендер, оның ішінде Батыстың өкілдері де, Қазақстанда әлі күнге дейін саяси тұтқындар бар деп жатады. Бұған не дейсіз?" деп сұрақ қойған.
Сонда ол:
– Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалаушы органдар болуы керек. Қазіргі Қазақстанда мұның ешқайсысы жоқ. Біздің заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ, – деп жауап берген.
Бота Шәріпжан бұл пікірге келіспейді. "Билік қоғамдық пікірге ықпал ете алатын адамдардан қауіп көреді" дейді. Оның ойынша, "экстремистік ұйым жұмысына араласты, оны қаржыландырды" деген айыппен 2023 жылы 7 жылға сотталған Марат Жыланбаев – "елдегі ең танымал саяси тұтқын".
Сот ұйғарымы бойынша, "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі болған белгілі марафоншы әрі белсенді Марат Жыланбаев "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан" деп көрсетілген.
– Меніңше, белсенді көп адамның қолдауына ие бола бастаған сәтте саяси тұтқынға айналады. Билік Марат Жыланбаевтан болашақ оппозиция көшбасшысын көріп, қорықты деп ойлаймын, – дейді Бота.
Оның айтуынша, Қазақстанда соңғы жылдары еркін ойлайтын адамдарға қысым күшейіп барады. Мұны ол өзі белсенді түрде қатысқан "Оян, Қазақстаннан" біледі.
– Қорқытып, жұмыс орындарына түрлі адамдар келіп, ата-аналары арқылы қысым жасай бастады. Мен де қатты қорқамын. Бұл туралы жиі ойлаймын. Бірақ қолымнан келетін нәрсені заң аясында жасауға тырысып жүрмін, – дейді Бота Шәріпжан.
Оның түрмедегілерге хат жазуға кіріскені де содан. Бұған заң жүзінде тыйым жоқ, бірақ бұл – саяси күрес әдістерінің бірі. "Бұл жерден мені айыптайтындай ештеңе таба алмайды" дейді ол.
"Азаматтық қоғам осындай кішкентай қолдаудан басталады"
Бота Шәріпжан хаттары Марат Жыланбаевқа жеткен-жетпегенін білмейді. Бірақ сонда да хат жазуын тоқтатпайды.
– Мекенжайын әрдайым дұрыс жазамын. Бірақ бәрі күзетшінің көңіл-күйіне байланысты болуы мүмкін. Егер сол күні көңіл хошы болмаса, хатты оған өткізбеуі мүмкін. Тұтқынмен арасы нашар болса да солай. Түрме – мүлде басқа ережемен өмір сүретін жер. Ол жақтан логика іздеудің қажеті жоқ, – дейді ол.
Оның айтуынша, абақтыда бар билік түрме қызметкерінің қолында.
– Оларда "сен бұл жерге бекер түскен жоқсың, бірдеңе бүлдіргенсің" деген көзқарас бар. Сондықтан кейбірі тұтқынға қалай болса солай қарауға болады деп есептейді, – дейді ол.
Бота Шәріпжан Алматыдағы пошта бөлімшесіне келіп, кезекті хаттарын өткізді. Хаттарды қабылдап алған қызметкер Әйгерім Тілеужанды біледі екен.
– Әйелдер колониясындағы Әйгерім Тілеужан ба?
– Иә. Қазақтың батыр қызы ғой. Өзім екі рет жібердім. Тағы бір әйел келіп тұрады, мекемедегі қыздарға да жібереді, бірінші рет емес.
Бота Шәріпжан "Қазпошта" бөлімшесіне араға уақыт салып тағы келеді. Ол Әйгерім және түрмедегі өзге де белсенділер бостандыққа шыққанша хат жазуды тоқтатпаймын дейді.
Ол Қазақстанда көпшіліктің саясатқа бей-жай қарайтынын қалыпты құбылыс деп санайды.
– Адамның тамақ, су, ақша, жақсы жұмыс, жалақы сияқты базалық қажеттіліктері өтелмесе, отбасы жайлы өмір сүрмесе, басқалардың жағдайын ойлауға шамасы жете бермейді. Бұл – кәдімгі Маслоу пирамидасы. Қазақстанда халықтың жартысы кедей өмір сүреді. Демек олардың көбі үйіндегі мәселесін шешумен басын қатырып жүр, азын-аулақ ақша тауып, баласын мектепке дайындап, күнкөріс қамымен жүр. Ал басқа дүниелерге мұршасы жете бермейді. Бұл үшін ешкімді кінәлағым келмейді, мұнымен біреуді ұялтқым да жоқ, – дейді Бота.
Оның айтуынша, азаматтық қоғам осындай көзге көрінбейтін елеусіз қадамдардан тұрады.
– Қандай да бір өзгеріске жақсы нәрсе арқылы келу керек деп ойлаймын. Ал саяси тұтқындарға қолдау білдіріп, оларға осындай жылы сөздермен хат жазу – мен үшін позитив. Меніңше, азаматтық қоғам да осындай кішкентай қолдаудан басталады, – дейді ол.