Қазақстан президенті Қасымжомарт Тоқаев осы аптада ҰҚШҰ әскерін кіргізуді және тасымалдауды жеңілдететін хаттамаларды ратификациялау туралы заңға қол қойды.
Бұған дейін түзетулерді мәжіліс пен сенат қабылдаған. Ондағы маңызды өзгеріс – одақ әскерін бір елден екінші елге шұғыл тасымалдауды талап ететін “дағдарыс жағдайында” бюрократиялық процедураларды азайту. Яғни, заң әскерді тасымалдау мерзімін үш күннен бір күнге дейін азайтады.
Түзетулер сонымен бірге ҰҚШҰ келісіміне маңызды техникалық ұғымдарды ресми түрде бекітеді. Арасында транзит, әуежайды техникалық қолдау, аэронавигациялық қызмет және аэронавигациялық деректер де бар.
Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімі бойынша тасымалдау кезінде қабылдаушы немесе транзиттік тарап ұшақтардың келуі мен кетуін, олардың тұрағын, қауіпсіздігін және аэронавигациялық қызметтерді тегін ұсынуға міндетті. Дегенмен жанармай материалдары және арнайы сұйықтықтарды беру бұл міндеттемелерге кірмейді және өзге келісімдермен реттеледі.
Хаттамаға Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан басшылары 2024 жылы қарашада қол қойған.
2022 жылы Қазақстанда Қаңтар оқиғасы болған кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге "шетелде дайындықтан өткен мыңдаған террорист шабуылдады" деп мәлімдеп, ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Осылайша ҰҚШҰ әскері алғаш рет басқа елдің аумағына кірген.
ҰҚШҰ әскерін кіргізу және тасымалдау мерзімі үш күннен бір күнге дейін азайтылды
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ