Accessibility links

КҚК жабылған соң Қазақстан күнделікті өндіретін мұнай көлемін екі есе азайтқан – Reuters

Каспий құбыр консорциумы
Каспий құбыр консорциумы

Қазақстан Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жабылған соң тәулігіне өндіретін мұнай көлемін екі есеге азайтқан. Бұл туралы мұнай саласындағы дереккөздеріне сілтеп Reuters агенттігі хабарлады.

Дереккөздердің айтуынша, жексенбі, 26 шілдеде Қазақстанда мұнай-газ конденсатын өндіру маусым айымен салыстырғанда екі есе азайған. Яғни, Қазақстан маусым айында күніне 2,16 млн баррель мұнай өндіріп келсе, 26 шілдеде бұл 1 млн баррелье түскен.

23 шілдеде Қазақстан тарабы Қара теңізде мұнай тиеу операцияларын тоқтатқанын және мұнай өндіруді уақытша төмендеткенін мәлімдеген.

Өткен аптада Ресейдің Новороссийск портында және сол маңда жүрген танкерлерге Украина дрондары шабуылдап, КҚК Қазақстан мұнайын қабылдауды тоқтатқан еді. 1500 шақырымдық құбыр Қазақстанның батысында өндірілген мұнайды Қара теңіздегі Новороссийск портына жеткізеді.

Ал бүгін, 27 шілдеде Қазақстан энергетика министрлігі КҚК арқылы мұнай тасымалдау қайта басталғанын хабарлады. Министрліктің ақпаратынша, КҚК-жа "Теңізшевроил" компаниясының мұнайы SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне тиеліп жатыр.

Қазақстан мұнайының 80 пайызы КҚК арқылы тасымалданады.

XS
SM
MD
LG