Accessibility links

Еуроодаққа мүше 22 ел Испанияны Сеутадағы оқиға үшін сынға алды

Испания полиция Сеутадан шығып бара жатқан бір топ мигрантты сүйемелдеп барады. 1 тамыз.
Испания полиция Сеутадан шығып бара жатқан бір топ мигрантты сүйемелдеп барады. 1 тамыз.

Сенбі, 1 тамыз күні Еуроодаққа мүше 22 елдің басшылары Еурокомиссия мен Еуропа кеңесінің және Еуроодаққа төрағалық етіп отырған Ирландияның жетекшілігіне хат жолдап, Испания билігін Сеутадағы ахуал үшін сынға алды. Содан бір-екі күн бұрын Мароккодан мыңдаған мигрант Испанияның осы анклавына лап берген. Бұл туралы Politico басылымы жазды.

Испания билігінің мәліметінше, шекараны заңсыз кесіп өткендердің басым бөлігі Мароккоға қайтқан және олардың ешқайсысы Еуропа құрлығына өте алмаған. Соған қарамастан, Германия канцлері Фридрих Мерц, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони, сондай-ақ Бельгияның, Нидерландының және Скандинавия, Балтық, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің басшылары оқиғаны Еуроодақ деңгейінде талқылауды талап етті.

Олар Испания үкіметінің 1,2 миллионға дейін мигранттың мәртебесін заңдастыруға мүмкіндік беретін жуырдағы шешімін қазіргі дағдарысқа әкелген факторлардың бірі деп атады. Испания Шенген аймағына кіреді, сол себепті бұл елдің азаматтары Еуроодақ аумағында визасыз жүре алады.

Хатта Еуроодақтың бірыңғай миграциялық саясат ұстанып, заңсыз көші-қонмен қатаң күресуі керектігі айтылған. Авторлардың пікірінше, Еуроодақ аумағына заңсыз жолмен кірген адамдар кейін өз мәртебесін заңдастыра алады деген әсер қалыптастыруға болмайды. Сондай-ақ құжатта қажет болған жағдайда елдердің ішкі шекаралардағы бақылауды қайта енгізуі мүмкін екені көрсетілген.

Хат авторлары Еуроодаққа мүше елдердің ішкі істер министрлерінің шұғыл бейнеконференциясын өткізуді ұсынды. Ирландия мұндай кездесуді сейсенбі күні ұйымдастырмақ.

Хатқа Франция президенті Эммануэль Макрон және Испанияны есептемегенде тағы үш елдің басшылары қол қойған жоқ. Еуроодаққа барлығы 27 ел мүше.

Испания билігі, оның ішінде премьер-министр Педро Санчес бұл сынмен келіспей, еуропалық серіктестерін "өзімшілдікке бой алдырды, ынтымақ танытпады" деп айыптады.

Испания сыртқы істер министрлігі мигранттарды заңдастыру бағдарламасының Сеутадағы оқиғаларға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, Сеутаға кіргендердің ешқайсысы бұл бағдарламаға қатыса алмаған, өйткені өтініш қабылдау мерзімі әлдеқашан аяқталған және бағдарламаның өзі бірқатар шектеулермен жүзеге асырылған.

Педро Санчес өз кезегінде Еуроодақ басшыларына жолдаған хатында Испанияның Шенген келісімдеріне қатысуын тоқтатуды ұсынған саясаткерлерге наразылық білдірді. Ол сондай-ақ Испания заңсыз мигранттарды қабылдау көлемі бойынша бірінші орында емес екенін айтып, "қазіргі халықаралық жағдайда Еуроодақ мұндай өзімшіл, қоғамды жікке бөлетін әрі заңға қайшы әрекеттерге жол бере алмайды" деді.

Бұған дейін Испания билігін АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі де сынаған. Трамптың өзі Сеутадағы жағдайды қатаң миграциялық саясаттың дұрыстығының дәлелі ретінде атап, демократтарды Испания билігі сияқты шекараны ашып жіберер еді деп айыптады.

Испанияның Сеута анклавына мигранттардың жаппай ағылуы 30 шілдеде басталды. Жергілікті биліктің мәліметінше, шекараны 60 мың адам кесіп өткен. Олардың басым бөлігі – Марокко азаматтары. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, шекараны жаппай бұзып өту кезінде 67 адам қаза тапқан.

Испания премьер-министрі Педро Санчес бұл оқиғаны "шабуыл" әрі "Испанияның аумақтық тұтастығын бұзу" деп бағалады. Ол жауапкершілікті адамдарды заңсыз тасымалдаумен айналысатын қылмыстық топтарға жүктеді.

Сенбі күні Испания билігі қоғамдық тәртіп пен шекаралық бақылау толық қалпына келтірілгенін және мигранттардың жаппай Мароккоға қайтып жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ билік теңіз жағалауындағы қоршау бойына ұзындығы 500 метр болатын қосымша қорғаныс бөгеті орнатылғанын мәлімдеді.

Сеута – Испанияның Солтүстік Африкадағы егемен аумағы. Ол Еуроодақтың сыртқы шекарасына жатады. Сеутадан Испанияның құрлықтағы негізгі аумағына өткен кезде құжаттар тексеріледі. Сондықтан Сеутаға рұқсатсыз кірген мигранттар Еуропа құрлығына өте алмайды. Дегенмен олар Испаниядан баспана сұрап, бірден депортацияланудан уақытша қорғана алады.

XS
SM
MD
LG