Accessibility links

Wildberries қоймаларының бір бөлігін "Қазақстан, Өзбекстан және Беларуське көшірмек"

Украина дрондарының шабуылынан шығынға ұшыраған ресейлік Wildberries компаниясы тауарларын Өзбекстан, Беларусь және Қазақстанда сақтамақ. Бұл туралы компания өкілдерінің саудагерлермен кездесуіне сілтеп, The Moscow Times басылымы жазды.

"Тауарларды ұзақ сақтайтын қоймалар енді Беларусь, Қазақстан және Өзбекстанда болады деп айтты. Бұл бағаға, жеткізу уақытына қалай әсер ететінін, тауарларды ол жаққа қалай жеткізетінін кейін айтпақ" дейді жиынға қатысқандардың бірі басылымға.

The Moscow Times сөйлескен адам тауарлардың бір бөлігін шетелдегі қоймаларға әкете бастағанын айтады. Дегенмен ірі сатушылар тауарларды шетелде сақтау жеткізу уақыты мен құнына теріс әсер етіп, қиындықтар туғызады деп алаңдайды.

Wildberries & Russ компаниясы "Коммерсант" басылымына "жоспарлы түрде шетелдегі логистикалық инфрақұрылымды дамытып жатқанын, бірақ негізгі логистика Ресей аумағында қалатынын" мәлімдеген.

Шілдеде "Коммерсант" дереккөздеріне сілтеп, Қазақстаннан қойма іздей бастағанын жазған. Басылымның дерегінше, компания Қазақстанда 46 мың шаршы метр қойманы жалға алып отыр, алда бұл аумақты 260 мың шаршы метрге үлкейтуді жоспарлайды. Ал Қазақстан сауда және интеграция министрлігі басында Wildberries компаниясы ресми түрде қайырылмағанын, егер ұсыныс түссе "ұлттық мүдде мен заңға сай қаралатынын" хабарлаған.

4 тамызда сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Wildberries Алматы мен Астанада аумағы 260 мың шаршы метрден асатын қойма салып жатқанын мәлімдеген. Министр бұл жобалар бірнеше жыл бұрын басталғанын, оған дрон шабуылдарының қатысы жоғын айтқан.

Украина шабуылы басталмай тұрып Wildberries & Russ компаниясының атқарушы директоры Роберт Мирзоян Ташкент облысында қойма хаб ашылатынын айтқан. Бұған қоса, Wildberries Минскіде де 140 мың шаршы метрлік қойма салатынын хабарлаған.

Украина Ресейдегі Wildberries қоймаларына 18 шілдеде шабуылдай бастаған. Қазірге дейін Ресейдің әр аймағындағы оннан астам қоймаға соққы жасалды. Шабуылдан компанияның бірнеше қызметкері қаза тауып, жүзге жуық адам жараланған.

Украина президенті Владимир Зеленский Wildberries қойаларында "Ресей әскеріне жіберілетін тауарлар сақталған" дейді.

XS
SM
MD
LG