Accessibility links

Украина соққыларынан қоймалары өртенген Wildberries Қазақстанға көз тікті: Астанаға қауіп бар ма?

Петербургтегі жанып жатқан Wildberries қоймасы. 24 шілде 2026 жыл.
Петербургтегі жанып жатқан Wildberries қоймасы. 24 шілде 2026 жыл.

Украина дрондарының Wildberries логистикалық орталықтарына шабуылдарынан соң, ресейлік маркетплейс Қазақстанға ден қойып отыр: шілденің аяғында ресейлік "Коммерсант" басылымы өз хабарында Wildberries Қазақстандағы бос қоймалардың бәрін алуға ниетті екенін айтқан. Ресми Астана Wildberries-тен ешқандай өтініш түспегенін мәлімдеді. Ресейлік компания логистикасын қайта құрып, қоймаларын көрші елге көшірсе, бұл Қазақстанға қандай да бір қауіп төндіре ме?

Wildberries маркетплейсін дамытатын RWB компаниясы украин дрондарының шабуылынан соң, Қазақстаннан қойма іздей бастады. Бұл туралы өткен аптада жылжымайтын мүлік саласындағы төрт дереккөзіне сілтеп ресейлік "Коммерсант" хабарлады. Бір дереккөз компания 100 мың шаршы метрлік қоймаларды қарастырып жатқанын айтса, тағы біреуі ресейлік маркетплейс ұсыныстың шектеулі екенін ескеріп, Қазақстандағы бос қойманың бәрін алғысы келетінін айтқан.

Қазақстан үкіметінің дерегінше, қазір Wildberries бүкіл ел аумағында 46 мың шаршы метр қойманы жалға алып отыр. Маркетплейс бұл елге 2014 жылы кіріп, содан бері жоспарланған жобаларын іске асырып жатыр. Мәселен, Wildberries қазір Астана және Алматы қалаларында ірі қоймалар соғып жатыр және олардың құрылысы Украина қарулы күштері Ресейдегі қоймаларға соққы жасауға кіріскенге дейін басталған. Бұл қоймалар іске қосылған кезде, олардың жалпы аумағы 260 мың шаршы метрден аспақ.

Мәскеудегі Wildberries тауар тарату кеңсесі. 2021 жылғы наурыз.
Мәскеудегі Wildberries тауар тарату кеңсесі. 2021 жылғы наурыз.

ДРОН ШАБУЫЛЫ ЖАСАЛМАЙДЫ ДЕЛІК. АЛ САНКЦИЯ ҚАУПІ БАР МА?

Қазақстандық экономист Айдар Әлібаевтың айтуынша, Wildberries-тің әскери қақтығысқа қатысы жоқ елден қойма іздегені қисынға келеді.

– Ресейліктер қоймаларын дәл іргесінде тұрған Қазақстанға орналастырып көбейтпегенде басқа не істейді? Мұнда орыс тілді орта қалыптасқан, экономикалық байланыстар өте тығыз. Меніңше, Қазақстан аумағындағы қоймалар Украина қарулы күштерінің шабуылына ұшырау ықтималдығы жоқ, 100 пайыз десе де болады. Бұл мүмкін емес, – дейді ол.

Бірақ Әлібаев мұндай қоймаларда қос мақсаттағы тауарлар сақталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

– Ол жерде қандай да бір қос мақсаттағы тауарлар болады: мұның бәрі Қазақстанды санкция астында қалуға итермелейді. Ертең Батыс Wildberries-тің бізді ресейлік әскерді жабдықтармен қамтамасыз етуге пайдаланып жатқанын біледі. Бізді алаң ретінде қолданады. Олар қазір кірер кезде мұның тек бейбіт бастама болатынын – балалар киімі мен бас киімдері сақталатын таза коммерциялық қойма болатынын айтады, – дейді экономист.

Қазақстан сауда және интеграция министрлігі 29 шілде күнгі мәлімдемесінде Ресей компанияларынан қосымша қойма жөнінде ресми өтініш түспегенін айтты.

"Егер мұндай ұсыныстар түссе, олар Қазақстанның ұлттық мүдделері мен қолданыстағы заңнама талаптары ескеріле отырып қаралады" деді министрлік.

4 тамыз күні Арман Шаққалиев қазақстандық сатушылар мен сатып алушыларды отандық маркетплейстерді пайдалануға шақырып, "экономикалық патриотизм" танытуға үндеді. Ресейдегі қоймаларға жасалған шабуылдар мен өрттерден кейін ол азаматтарға жағдайды саралап, тауарды уақытында жеткізуге кепілдік беретін платформаларды таңдауға кеңес берді.

– Барша кәсіпкер үшін басты кеңес – қазіргі жағдайда қауіп-қатерді саралай білу керек. Маркетплейсті таңдауға жауапкершілікпен қараған жөн. Қазақстанның сауда министрі ретінде айтарым – отандық маркетплейстерді пайдалану қажет. Біз экономикалық патриотизм дейміз. Қазір бізде өзіміздің отандық маркетплейстердің үлесі өте жоғары, сондықтан, әрине, өзімізде тапсырыс беруге тырысу керек, – деп мәлімдеді Шаққалиев сейсенбі күні Астанада үкімет отырысынан кейін өткен брифингте.

Осы брифингте Ресейдегі Wildberries қоймаларының өртенуінен қанша қазақстандық кәсіпкер жапа шеккенін мәлімдеді.

28 шілде күні "Интерфакс" басылымы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына сілтеп, қазақстандық кәсіпкерлер 1 млрд теңгеден (2,1 млн доллар) астам шығын көрді деп хабарлаған.

Шаққалиев бұл соманы растай да, терістей алмайтынын, министрлік маркетплейске сауал жолдағанын, соның жауабына қарай белгілі болатынын айтты.

УКРАИНА ШАБУЫЛДАРЫ

Украина қарулы күштері 18 шілдеден бері Ресейдегі Wildberries маркетплейсінің оннан астам ірі қоймасына соққы жасады. Шабуылға бірінші болып ұшыраған – Котовск және Электростальдегі қоймалар. Санаулы күннен соң Краснодар мен Невинномыскідегі қоймалар өртке оранды. Одан соң Воронеж, Санкт-Петербург, аннексияланған Қырымдағы Симферополь, Рязань, Пенза қалаларындағы шабуылға ұшырады. Соққы тіпті Удмуртиядағы қоймаға да жасалған. 30 шілде күні дрондар Пермь қаласындағы қоймаға түссе, келесі күні Волгоград пен Татарстандағы маркетплейстерді нысанаға алынды.

Украин дрондары жүздеген шақырымға ұшады. Пермьдегі шабуыл кезінде тіпті 1400 шақырым ұшқан.

"Коммерсанттың" жазуынша, дәл осы жағдай Wildberries-ті Қазақстаннан жаңа қойма іздеуді жеделдетуге мәжбүр еткен. Шабуылдар Ресейдегі қоймаларды жергілікті билік те, кәсіпкерлер де толық қорғай алмайтынын көрсетті.

Желіде маркетплейс қоймаларының өртенуінен шығынға батқан кәсіпкерлердің видеолары тарады.

"Санаулы сағат бұрын Wildberries-тің тағы қоймасы өртенгенін білдім. Онда болған менің тауарым да жанып кетті, минус 37 миллион рубль" деді бір сатушы Instagram-да жарияланған видеода.

Wildberries шабуылдардан кейін логистикалық тізбектерін өзгерткенін, тауарларды басқа қоймалар арасында қайта бөлгенін және тапсырыстарды қалыпты режимде орындауды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде өртеніп жатқан Wildberries қоймаларының видеолары көбейді.

Новосемейкинодағы Wildberries қоймасының өртенуі. Самара облысы, 2 тамыз 2026 жыл.
Новосемейкинодағы Wildberries қоймасының өртенуі. Самара облысы, 2 тамыз 2026 жыл.

"Біз қатты жарылыстардан ояндық. Қазір менен екі-үш шақырым жерде Wildberries қоймасы өртеніп жатыр" дейді Instagram қолданушысы.

21 шілдеде Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жағдайды "күрделі" деп атады. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Украинаны азаматтық нысандарға әдейі шабуыл жасады деп айыптады. Ал Ресей президенті Владимир Путин әзірге бұл жөнінде пікір білдірген жоқ.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл шабуылдардың әдейі жасалғанын айтты.

"Әңгіме Ресейдің әскери өнеркәсібіне навигациялық жүйелер, дрон өндірісіне арналған компоненттер және Ресей армиясына қажетті өзге де жүктерді жеткізген логистикалық нысандар, соның ішінде қоймалар туралы болып отыр. Ресейдің дипломатиялық жолды таңдап, агрессияны тоқтатуына бұрыннан мүмкіндігі болды. Соғыстың жалғасуына Ресей басшылығының осы мүмкіндіктен бас тартып, әскери әрекеттерді жалғастыруға ұмтылысы себеп" деді Зеленский.

Азаттық Азия редакциясы мақаласының ықшамдалған аудармасы.

Айдар
XS
SM
MD
LG