Ресейлік Wildberries маркетплейсінің логистика орталықтары дрон шабуылдарынан көз ашпай жатқан шақта Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қазақстандық кәсіпкерлер мен тұтынушыларға отандық онлайн-сауда платформаларын пайдалануға кеңес берді.
– Барша кәсіпкер үшін басты кеңес – қазіргі жағдайда қауіп-қатерді саралай білу керек. Маркетплейсті таңдауға жауапкершілікпен қараған жөн. Қазақстанның сауда министрі ретінде айтарым – отандық маркетплейстерді пайдалану қажет. Біз экономикалық патриотизм дейміз. Қазір бізде өзіміздің отандық маркетплейстердің үлесі өте жоғары, сондықтан, әрине, өзімізде тапсырыс беруге тырысу керек. Және де сізге жеткізуге кепілдік бар өнімдерді. Ең бастысы осы, – деп мәлімдеді Шаққалиев 4 тамыз күні Астанада үкімет отырысынан кейін өткен брифингте.
Сауда министрі кәсіпкерлерді тауарларын қазақстандық платформалар арқылы сатуға басымдық беруге шақырды. Оның айтуынша, министрлікте Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдар салдарынан қазақстандық сатушылар нақты қанша шығын шеккені туралы дерек жоқ. Шаққалиев әлеуметтік желілердегі расталмаған алыпқашпа сөздерге сенбеуге кеңес берді.
Шілде айынан бері Украина қарулы күштерінің дрондары Ресейдегі Wildberries маркетплейсінің логистика орталықтарына үздіксіз шабуыл жасап келеді. Өткен аптада ресейлік "Коммерсант" басылымы RWB тобы (Wildberries компаниясын дамытушы) логистиканы әртараптандыру мақсатында Қазақстаннан шамамен 100 мың шаршы метр көлемінде ірі қойма алаңдарын іздеп жатыр деп хабарлаған.
Алайда 29 шілдеде Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі Wildberries компаниясынан қосымша қойма мәселесі жөнінде ресми өтініш түспегенін мәлімдеген еді.