Украинаның дрон шабуылдарынан соң ресейлік Wildberries электронды сауда алаңы өз сайтынан "АӘО-ға керектің бәрі" деген бөлімді алып тастады, алайда әскери мақсаттағы тауарлар платформада басқа санаттар арқылы сатылып жатыр. Бұл туралы The Moscow Times жазды.
Басылым мәліметінше, беренді кеудешелер мен қорғаныс шлемдері "Спорт" бөлімінде, ал FPV-дрондар мен олардың бөлшектері тұрмыста қолданылатын электроника заттары қатарына қойылған. Кейбір тауарда әлі де "АӘО-да тексерілген" немесе "АӘО аймағында қолданылады" деген белгі сақталған. (АӘО, арнаулы әскери операция, орысша - СВО, Ресей билігі Украинаға қарсы соғысын осылай атайды – ред.)
Мұндай өзгерістер Украина дрондары Ресейдің бірнеше өңіріндегі Wildberries логистика орталықтарына шабуыл жасағаннан кейін болып жатыр. Компания жекелеген қоймалардың жұмысын уақытша тоқтатып, логистика бағыттарын қайта ұйымдастырған.
Бұған қоса ресейлік Wildberries, Ozon, "Яндекс Маркет" және "Мегамаркет" электронды сауда алаңдары (маркетплейс) сатушылармен жұмыс істеу шарттарын жаңартты. 8 тамыздан бастап маркетплейстер әскери іс-қимылдар, дрон шабуылдары, атыс немесе жарылыстар салдарынан жойылған я бүлінген тауарлар үшін өтемақы төлеу міндетін мойнына алмайды.
Бұған дейін келісімшарттарда тек форс-мажор туралы жалпы ережелер болған. Жаңа талаптар әскери іс-қимылдан болатын қауіп-қатерді жеке санат ретінде бекітеді.
Wildberries қоймаларына жасалған дрон шабуылдарынан кейін бірқатар сатушылар төленген өтемақы жойылған тауарлардың құнын жаппағанын айтып, маркетплейс ұсынған қолдау шараларын жеткіліксіз болды деп бағалаған.
Ресей билігі украиналық дрондардың Wildberries қоймаларына жасаған шабуылдарын айыптап, "террорлық әрекет" деп атаған. Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Wildberries логистика орталықтарында Ресей армиясы Украинаға қарсы соғыста қолданатын ұшқышсыз аппараттарға арналған бөлшектер сақталған деп мәлімдеген.