Accessibility links

Газсыз, жарықсыз, туриссіз. Ресей басып алған Қырымдағы қазіргі ахуал

Феодосиядағы қаңыраған жағажай. Шілде, 2026 жыл.
Феодосиядағы қаңыраған жағажай. Шілде, 2026 жыл.

Ресей қосып алған Қырым түбегі кейінгі кезде Украинаның дрон шабуылының астында қалды. Құрлықпен көлік қатынасы үзілді, ал теңіз кемелері шабуылға ұшырап жатыр. 2014 жылы Ресей түбекті басып алғаннан кейін президент Владимир Путин бұл жерді "ерекше маңызы бар аймақ" деп атаған, бірақ қазір онда өмір сүру күннен-күнге нашарлап барады.

Кейінгі күндері Украинаның ұшқышсыз ұшақтары Қырымға апаратын көпірдің бәрін дерлік атқылады. Кемелер де жаппай шабуылға ұшырап жатыр. Соның салдарынан аймаққа жанармай жеткізу мүмкін болмай қалды. Жазғы маусымның қызған шағында туристік сала мүлдем тоқтап қалуға шақ тұр.

11 шілдеге қараған түні Украина күштері Азов теңізіндегі Таганрог шығанағында төрт кемені атақылады. Бұл жөнінде Ресейдің ресми орындары хабарлады.

Башқұртстанға шабуыл, санкция және Батыстың коалициясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:55 0:00

"Жанармай көзден бұл-бұл ұшты. Тіпті жоқ десе болады. Тыққан аздаған қор болған сияқты, соны астыртын сатып жатты, кейде жанармай бекеттерінде де бірдеңе болып қалатын", — дейді 2014 жылы Ресей аймақты басып алғанға дейін үкіметте жұмыс істеген Қырымның бұрынғы курорттар және туризм министрі Александр Лиев.

"Мысалы, кейбір TES жанармай бекеттерінде кейде өте қымбат бағамен жанармай кездесіп қалатын. Кейінгі тәулікте тіпті аспандап кеткен бағаға да еш жерден жанармай таппайсың. Астыртын сататындар да көріндейді", — деді ол "Настоящее время" арнасына 10 шілдеде.

Туристер эвакуациялауды сұрайды

Украинаның мұнай өңдеу зауыттарына жасаған соққыларынан кейін жанармай дағдарысы Ресейдің түрлі аймақтарын да шарпыды, жанар-жағармай сатуға шек қойылды.

Ал Қырымда тек бензин ғана емес, электр қуаты мен байланыс та үзіліп, тіпті азық-түлік пен судың өзі жетіспей жатыр.

Феодосиядағы жағалау. Қырым. 1 шілде, 2026 жыл.
Феодосиядағы жағалау. Қырым. 1 шілде, 2026 жыл.

Жазғы маусымда Қара теңізде суға шомылып, жағажайда күнге қыздырынуға ағылатын жұрт енді табиғаты сұлу Қырымнан эвакуациялуды сұрап жатыр.

Пойыздар шығыстағы Керчь бұғазы арқылы өтетін миллиардтаған долларға салынған авто және теміржол көпірімен жүріп жатыр. Бірақ кейбір турист демалысқа өз көлігімен келгендіктен, қайтайын десе машинасына жанармай құя алмай отыр.

Бұл дағдарыс бірнеше аптадан бері ушығып келеді. Маусым айының басында пойызға шабуыл жасалған соң Ресей көпірмен пойыз қозғалысын тоқтатуға мәжбүр болды. Көп ұзамай, жанармай тапшылығы басталып, шабуыл жиілеген кезде, ресейлік блогер демалушыларды Қырымға бармауға шақырды.

"Аса қажет болмаса, дәл қазір Қырымға баруға болмайды. Мысалы менің баруым керек, бірақ сонда да аттап баспаймын. Ол жақта бензин атымен жоқ. Мүлде жоқ. Ол ол ма, құрлық жолы жабық, оны бомбалап тастаған, цистерналарды атқылап жатыр", — деді Оксана есімді блогер. Өз айтуынша, оның әкесі Қырымда тұрады.

Қаңыраған жағажай

Осы аптада қырымдық видеоблогер Феодосиядағы қаңырап бос қалған жағажайды көрсетті.

"Қаңырап жатыр деуге болады. Сіздерге адамдарды көрсеткім келіп еді, бірақ, өкінішке қарай, олар өте аз. Тіпті бір тірі жан көре алмайтын сияқтымыз", — деді ол.

Феодосия жағалауында турист жоқтың қасы.
Феодосия жағалауында турист жоқтың қасы.

Бұрынғы министр Александр Лиевтің айтуынша, қонақүйлердегі жеңілдіктер тек Қырымның басқа аудандарынан келген жергілікті тұрғындарды ғана қызықтырады.

"Қонақүйлерді Қырымның басқа аймақтарында тұратын қырымдықтардың өздері брондап жатыр. Бүгін ғана Ялтадағы қонақүйлердің бірінің жетекшісі айтты. Олардың өзі туризм саласында жұмыс істеген, қазір шаруасы тоқырап қалған адамдар. Ақшасы болған соң енді өздері демалып жатқанға ұқсайды".

Ресейліктер Қырымға бару үшін өмірбаян деректерін тексертеді әрі шенеуніктермен сұхбаттан өтеді.

Ресей президенті Владимир Путин Қырымды басып алуды өз билігінің басты жетістігіне балаған. 2014 жылы ол бұл түбекті Иерусалимдегі "Қасиетті мекенге" теңеген.

Ресейдің оккупациясы үшін жергілікті тұрғындар жапа шегіп жатыр.

"Бүгін шілденің 6-сы. Оянсам, жарық өшіп қалыпты. Судак пен Новый Светтің еш жерінде жарық жоқ. Бүкіл Қырымда жоқ дейді", — деп жазды Судак деген елдімекен тұрғыны.

"Жарық жоқ, байланыс жоқ, интернет жоқ. Қоңырау шалып, хабарлама жіберуге болатын еді, бірақ мобильді интернет те істемейді десе болады. Тек хабарландырулар келіп тұрды, бірақ мессенджердің ешбіріне кіре алмадым", — деп кейіді ол.

Қырымның батысындағы Черноморское қаласында тұратын видеоблогер Татьяна да осыған ұқсас жағдайды сипаттап видео жариялады. Ол саябақта жергілікті билік генератордың көмегімен орнатқан розеткадан телефонын қуаттап жатқанын көрсетті.

"Төрт жарым күн ішінде жарық бар болғаны бес-ақ сағат болды. Мұздатқыш суық жинап үлгермеді, ол жерде ештеңе сақтай алмайсың, — деді ол жақында шыққан видеоларының бірінде. — Күйеуім суды құдықтан шелектеп тасып жүр, үйде электр жарығы мен байланыс бірде бар, бірде жоқ".

Феодосия, шілде, 2026 жыл.
Феодосия, шілде, 2026 жыл.

Татьяна жазылушыларынан генератор сатып алу үшін қаржылай қолдау көрсетуді сұрады.

Жергілікті телеарна тұрғындарға "халыққа жәрдемдесу орталықтарына" барыңдар деп хабарлады. Ол жерде стационарлық телефонмен қоңырау шалуға немесе тоңазытқышқа дәрі-дәрмек сақтауға болады.

Жарнамалардың бірінде: "Шұғыл қоңырау шалып, мессенджермен хат жазу керек пе? Қала тұрғындарына жәрдемдесу орталығында енді ұялы телефонды қуаттап, стационарлық телефонды пайдалана аласыз", — делінген.

Бұл қыстыгүні Ресей Украинаның энергетика инфрақұрылымын қиратып жатқанда украиндар жылыну үшін баратын "мызғымастық орталықтарын" еске салды.

Дегенмен қазір Қырымда жаз мезгілі, кондиционер қоса алмайтының ғана болмаса, ауа райы тамаша.

Шарықтаған баға

Жарықтың өшуі шағын бизнеске қатты соққы болып тиді. "Кейбір дүкендер мүлдем жұмыс істемей тұр, кейбірі қолма-қол ақша ғана алады. Бүгін пошта да жұмыс істемей қалыпты", — деді ялталық youtube-блогер.

Ірі сауда желілері ашық тұр, бірақ онда баға шарықтап кеткен. "Пармалат" лактозасыз сүті 179 рубль еді, 307 болды. Мына сүт бұрын қанша тұрғанын білмеймін, бірақ қазіргі бағасы — 356 рубль. "Пармалат" лактозасыз сүзбесі — 291 рубль, шамамен 180 рубль болатын. Одан да сорақысы - кассадағы баға тауарда жазылғанынан да жоғары болып шықты, барлық жерде тауар бағасын қайта есептеп жатқанын, нақты баға кассада анықталатынын айтқан хабарландыру тұр. Міне, жағдай осындай", — дейді дүкенде түсірілген видеода Қырым тұрғыны.

Ресейде бензин тапшы. Орталық Азияға әсер ете ме? Ресейде бензин тапшы. Орталық Азияға әсер ете ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

Сарапшылар логистикадағы кедергілер азық-түлік бағасының өсуіне басты себеп дейді. Бензин тапшылығы өз алдына, кей жүргізуші дрон шабуылынан қауіптеніп, Қырымға бармайтын болған.

Украина дрон жүйелері күштерінің қолбасшысы Роберт Бровди ("Мадияр" деген лақап атымен танымал) жанармай тасымалдайтын жүк көліктері украин әскерінің заңды нысанасы деп мәлімдеп, ресейлік сондай көліктерге жасалған дрон шабуылдарының видеосын жариялады.

Ресейдің оккупациялық билігі мәселе екі апта ішінде шешіліп, бензин бағасы тұрақтанады деп уәде берді. Бірақ олар мұны соғыс жүріп жатқанда қалай жүзеге асыратыны белгісіз.

Айдар
XS
SM
MD
LG