20 шілдеге қараған түні Украина ауқымды дрон шабуылын жасаған Мәскеу облысында Подольск, Домодедово және Одинцово аудандары зардап шеккен. Мұны облыс губернаторы Андрей Воробьев мәлімдеді.
Ресми дерек бойынша, Одинцовода көлік пен жеке үй, Подольскіде азаматтық инфрақұрылым нысандары және тұрғын үй зақымданған. Домодедовода өртенген үй мен М-4 тас жолында екі адам жараланған.
Дрондардың бірі Домодедоводағы көпқабатты тұрғын үйге түскен деп хабарлады ASTRA басылымы. Ал Домодедово ауруханасы жарықшақтан зардап шеккен алты адам жеткізілгенін, олардың үшеуі шетел азаматы екенін мәлімдеді.
ASTRA дерегінше, Подольскіде мұнай базасы нысанаға алынған. Украиналық OSINT арналары Колединодағы Wildberries қоймасы мен Домодедоводағы "Южные врата" логистика паркіне де шабуыл жасалғанын хабарлады.
Wildberries компаниясы Колединодағы кешен қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр деп мәлімдеді. Бұған дейін қызметкерлер қауіпсіз жерге көшірілген.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин жексенбі сағат 20:30-дан таңғы 5-ке дейінгі аралықта Мәскеу өңіріне бет алған 400-ден астам украиналық дрон атып түсірілген деп хабарлады.
Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Wildberries логистика орталықтарында ұшқышсыз аппараттарға арналған бөлшектер сақталған деп мәлімдеген.