Accessibility links

Қытайдың технология алпауыты Kaspi акционері атанды. Пекиннің ықпалы арта ма?

Kaspi банк филиалдарының бірі. Алматы, 7 қазан, 2019 жыл.
Kaspi банк филиалдарының бірі. Алматы, 7 қазан, 2019 жыл.

Қытайдың Tencent атты алпауыт технологиялық компаниясы Қазақстандағы ең ірі цифрлық экожүйе әрі супер-қосымша — Kaspi-дің акциялар пакетін сатып алып, ел нарығына енді. Былтыр бұл компания Өзбекстанның жетекші финтех-жобасына да инвестиция құйған. Сарапшылардың пайымдауынша, Қытай компаниялары синофобия етек жайған Орталық Азияға ашық кірсе, мұның арты саяси және тұтынушылық қарсылыққа ұласуы мүмкін деп қауіптеніп, Tencent осындай "көрінбейтін" жолды таңдаған.

Сәуір айында Tencent Baring Fintech Venture Funds қорынан Kaspi акцияларының бір бөлігін сатып алды. Тараптар мәміленің нақты сомасын құпия сақтап отыр, алайда келісім жасалған сәттегі бір акция құны 85 доллар шамасында болғанын ескерсек, қытайлық компания алған акциялар пакетінің құны жарты миллиард доллардан асуы мүмкін.

Бұл — қытайлық алпауыттың Қазақстан нарығына жасаған алғашқы елеулі қадамы. Корпорация деңгейімен өлшесек, бұл мәміле аса ірі көрінбеуі мүмкін, бірақ сарапшылар оны айтулы оқиға деп бағалайды. Себебі, ол елдегі жетекші цифрлық экожүйеге және аймақтағы ең мықты финтех-брендтердің біріне кіріп отыр. Қазіргі таңда Kaspi.kz — Қазақстандағы ең танымал қосымша: бір интерфейсте банк, маркетплейс, жеткізу қызметі, хабарландырулар, билет сатып алу және тур брондау сияқты алуан түрлі қызмет түрі тоғысқан. Компания Қазақстан мен Түркияда жалпы саны 25 миллионға жуық пайдаланушыға қызмет көрсетеді. Түркияда ол Hepsiburada маркетплейсі акцияларының 86 пайызына иелік етеді.

Kaspi.kz-тің нарықтық капитализациясы шамамен 15,7 миллиард долларға бағаланады. Қазақстан азаматтары — Михаил Ломтадзе (23,04%) және Вячеслав Ким (20,75%) ең ірі акционерлер болып қала береді. Осы мәміледен кейін америкалық инвестор Майкл Калви негізін қалаған Baring Funds жеке капитал қорының иелігінде акциялардың 19 пайызы қалды; қор тағы 6 миллион америкалық депозитарлық акцияны (ADS) Tencent-ке сатты.

Жаңа ұзақмерзімді инвесторлардың қатарында Spice Expeditions, Washington University және University of Wisconsin Foundation сияқты ұйымдар да бар.

Мәміле туралы хабарлаған Kaspi басшысы Михаил Ломтадзе компанияның "Tencent Kaspi.kz-тің ірі акционері қатарына қосылғанына қуанышты" екенін жеткізді.

Tencent туралы не белгілі?

Tencent — Қытайдың жекеменшік инвестициялық холдинг компаниясы және әлемдегі ең ірі технологиялық алпауыттардың бірі. Компанияның негізін 1998 жылы қарашада Шэньчжэнь қаласында бес кәсіпкер — Ма Хуатэн (Пони Ма), Чжан Чжидун, Сюй Чэнье, Чэнь Идань және Цзэн Лицин қалаған.

2001 жылы миллиардер Коос Беккерге тиесілі оңтүстікафрикалық Naspers корпорациясы ол кезде көпшілікке белгісіз стартаптың 46,4 пайыз акциясын небәрі 32 миллион долларға сатып алған еді. Бүгінде бұл топ өзінің "еншілес" компаниясы Prosus арқылы Tencent акцияларының шамамен төрттен біріне иелік етеді.

Кейінгі жылдары Tencent мессенджер әзірлеушісінен көпсалалы цифрлық конгломератқа айналды. 2011 жылы компания WeChat сервисін іске қосты. Бұл жоба Қытайда төлем әмияны, такси, жеткізу қызметі, дүкендер, ойындар мен ондаған басқа да сервистерді біріктірген "супер-қосымшаға" айналды. Сонымен қатар, Tencent стартаптарға және әлемдік ойын индустриясының жетекші өкілдеріне белсенді түрде инвестиция құйып, 2017 жылға қарай капитализациясы бойынша әлемдегі ең қымбат компаниялардың қатарына кірді. Ал 2025 жылы америкалық Forbes журналының нұсқасы бойынша әлемдегі ең ірі 40 жария компанияның тізіміне енді.

2024 жылы Tencent қарқынды дамып келе жатқан жасанды интеллект (ЖИ) саласына басымдық берді: өз ЖИ шешімдерін дамытып, дерек өңдеу орталықтары мен арнайы AI-жобаларға және инфрақұрылымға инвестиция құя бастады.

Компания Орталық Азияға алғаш рет 2025 жылы келді: ол Өзбекстанның маркетплейс, цифрлық банк және жеткізу сервистерін біріктірген ең ірі финтех-экожүйесі — Uzum-ға қаржы салды. Өзбекстандық стартап Tencent пен VR Capital-дан (Ресей мен Украинадағы активтермен көп жылдар бойы жұмыс істеген америкалық инвестор Ричард Дейцтің құрылымы) 70 миллион доллар инвестиция тартты. Компания әзірге ашық сатылымға шықпады, акцияларын 2027 жылы биржаға (IPO) шығаруды жоспарлап отыр.

Бүгінде Өзбекстанның "алғашқы юникорны" (IT саласында нарықтық құны 1 миллиард доллардан асатын жеке стартаптарды осылай атайды) саналатын Uzum-ның құны наурыздағы инвестициялық кезеңнен кейін шамамен 2,3 миллиард долларға бағаланды (бір жыл бұрын 1,5 миллиард доллар болған). Жаңа инвесторлар келгеннен кейін Uzum өз қосымшасы арқылы тікелей Қытайдан тауар тапсырыс беру мүмкіндігін ашты, бұл қытайлық инфрақұрылымды елдің күнделікті тұтыну нарығына бұрынғыдан да тереңірек енгізе түсті.

Осы жылдар ішінде Tencent Қытай үкіметінің жіті бақылауында болды, ал WeChat цифрлық цензураның негізгі құралдарының біріне айналды.

2025 жылдың қаңтарында Tencent-ке АҚШ билігі де назар аударды: компания Пентагонның Қытайдың әскери секторымен байланысы бар құрылымдар тізіміне енді.

Tencent бұл тізімге енуін қателік деп атап, компанияның әскери секторға жатпайтынын және Қытай қарулы күштеріне қызмет көрсетпейтінін ресми түрде мәлімдеді.

Осы жағдайдан кейін компания акцияларының құны түскенімен, кейін қайта қалпына келді. Дегенмен, Батыста Tencent-ке де, басқа да ірі қытайлық технологиялық корпорацияларға да күмәнмен қарау тоқтамай тұр. Бұл ең алдымен деректер қауіпсіздігіне, цифрлық инфрақұрылымға және ірі жеке бизнестің Пекиннің мемлекеттік мүдделерімен ықтимал саяси байланысына қатысты қауіптерден туындап отыр.

"Бір белдеу – бір жол" бойындағы цифрлық дәліз

Kaspi-дің инвесторлармен байланыс бөлімінің жетекшісі Дэвид Фергюсон Tencent тарапынан стратегиялық инвестициядан гөрі қаржылық инвестициялар туралы көбірек әңгіме болып отырғанын, бірақ "бәрі өзгеруі мүмкін" екенін атап өтті.

Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы трансшекаралық төлем инфрақұрылымымен айналысатын 8B компаниясының негізін қалаушылардың бірі Дарья Кашуринаның айтуынша, Қазақстандағы Kaspi-дің акционері қатарына кіру — Tencent үшін кішкентай болғанымен, "стратегиялық бетбұрыс" тұрғысынан маңызды оқиға.

— Орталық Азияда қытайлық брендпен жеке супер-қосымшасын құруға тырысудың орнына, Tencent Қазақстандағы Kaspi және Өзбекстандағы Uzum сияқты қалыптасқан аймақтық көшбасшылардан стратегиялық миноритарлық үлес қоржынын жинақтап жатқан сияқты. Бұл мәдени, саяси және коммерциялық тұрғыдан алғанда анағұрлым ақылға қонымды стратегия Қытай туымен нарыққа тікелей кірген жағдайда болуы мүмкін саяси және тұтынушылық наразылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл Tencent-ке қарқынды дамып келе жатқан нарықтарға және басқа аймақтарда қолдануға болатын операциялық тәжірибеге жол ашады, — деп есептейді Кашурина.

Сарапшылар Қазақстан қоғамында да, көршілес елдерде де синофобия осы қалпы жоғары деңгейде қала береді деп болжайды. Аймақта Қытайға деген көзқарас негізінен біржақты, жұрт оның ықпалы күшейіп кете ме деп қауіптенеді.

Қытаймен арадағы визасыз режимге қарсы наразылық білдіріп тұрған адамдар. Алматы, 1 мамыр, 2023 жыл.
Қытаймен арадағы визасыз режимге қарсы наразылық білдіріп тұрған адамдар. Алматы, 1 мамыр, 2023 жыл.

Батыстағылар қытайлық инвестордың Қазақстан мен Өзбекстан нарығына келуін прагматикалық қадам ретінде бағалайды. Халықаралық Arthur D. Little компаниясының финтех бөлімінің жетекшісі Арджун Сингх өзінің LinkedIn парақшасында Tencent компаниясы Kaspi.kz-пен жасалған мәміле арқылы "Орталық Азиядағы супер-қосымшалар соғысында төрден орын алғанын" атап өтті. Бірақ мәселе тек мұнда ғана емес.

"Tencent енді Орталық Азиядағы ең маңызды екі супер-қосымша платформасының үлесіне иелік етеді: бірі Қазақстанда (халқы 20 миллион адам, Kaspi-дің Түркияны қоса алғанда 25 миллион қолданушысы бар), екіншісі Өзбекстанда (халқы 37 миллион адам, Uzum-ның ай сайынғы белсенді қолданушылары 17 миллионнан асады). Бұл қайырымдылық емес. Бұл — финтехті "жұмсақ инфрақұрылым" ретінде пайдалана отырып, Қытайдың "Бір белдеу — бір жол" бастамасының бойында цифрлық дәліз құруға бағытталған мақсатты стратегия", — деп жазды Сингх.

Сарапшы сонымен қатар Kaspi-дің "жаһандық аналогтармен салыстырғанда керемет арзан актив" екенін айтады.

"Бұл — WeChat-қа ұқсас, өзін дәлелдеген, табысты стратегияны Қытайдан тыс жерден басқа жерлердегіден арзан бағаға сатып алу", — деп толықтырды Сингх.

Сидней университетінің зерттеушілері де Tencent-ті, Baidu және Alibaba компанияларын Пекиннің амбициялық "Бір белдеу — бір жол" инфрақұрылым бағдарламасының қозғаушы күші ретінде қарастырады. Олар қытайлық IT-алыптардың үш құрлықтағы кемінде 1000 компанияға инвестиция салғанын атап өтеді.

"Tencent ережелер жеңіл болады деген үмітпен үкіметпен тығыз байланыс орнату үшін негізгі идеологиялық бағытты ұстанады", — деп жазады австралиялық зерттеушілер Чунмейдзи Су мен Терри Флю.

Қытай ықпалы арта ма?

Дарья Кашурина Қытай басшысы Си Цзиньпиннің 2026 жылдың басында елді "қаржылық державаға" айналдыру туралы жариялаған амбицияшыл жоспары көптеген бағытты қамтиды, сондықтан Tencent стратегиясы бұл жоспарлармен тікелей байланысты ма, жоқ па, ол жағын кесіп айту қиын деп санайды.

— Мұндағы тікелей емес, құрылымдық сәйкестік бар. Tencent нарығы және ережелері мүмкіндік беретін жерге барады, ал олар Қытайдың жалпы экономикалық экспансиясының бағыттарымен тұспа-тұс келіп жатады.

Қазақстан мен Қытай арасында экономикалық байланыстардың қарқын алып келеді.

Көрсеткіштер таңғалдырады: түрлі деректер бойынша, 2025 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты сауда көлемі Астананың есептеуінше 34 миллиард долларға, ал Пекиннің болжауынша, 48,7 миллиард долларға жеткен. Ал 2025 жылы Қытай азаматтарының қатысуымен құрылған компаниялар саны 56 пайызға артқан.

Тікелей шетелдік инвестициялар арқылы да Қытайдың қатысы артып келеді. Қытай Қазақстанның ірі инвесторларының бірі саналады, сондай-ақ қаржы нарығында да орны ұлғайып жатыр.

Tencent компаниясы Kaspi-ге инвестиция салғанға дейін Қазақстанның банк секторындағы қытай капиталының үлесі аз, шамамен 3-4 пайыз деңгейінде болған еді. Елде Қытай қатысатын төрт банк жұмыс істейді: Қытайдың сауда-өнеркәсіп банкі, акцияларының 60 пайызын Citic Bank сатып алған Altyn Bank, "Ситикбанк Қазақстан" және "Қазақстандағы Қытай банкі". Солардың біріншісі 2026 жылдың қаңтарында Қазақстанның бағалы қағаздар нарығында дилерлік қызметпен айналысуға лицензия алды.

Tencent Қазақстанға келгендіктен банк саласындағы Қытайдың үлесі арта түспек: Kaspi Bank активтері 9,5 триллион теңгеге бағаланады, бұл бүкіл банк секторы активтерінің шамамен 13 пайызына тең. Дегенмен, қытай капиталының үлесі дәл осындай көлемде өседі деу қате болар еді: Tencent банк құрамдас бөлігі саналатын цифрлық экожүйенің акциялар пакетін сатып алды. Сонымен қатар, акциялардың нақты пайызы жарияланған жоқ. Сарапшылардың шамалауынша, мәмілеге шамамен 6 миллион америкалық депозитарлық акциялар (ADS) қатысқан, бұл жалпы көлемнің 3 пайызға жуығы.

Бұған қоса, тек Қазақстанда ғана емес, тұтас Орталық Азия өңірінде Қытай валютасының рөлі де күшейіп келеді. Бұл процесс Қытай тарапы ұсынатын гранттар арқылы да жүріп жатыр. Мысалы, 2025 жылдың маусым айында Астанада өткен "Орталық Азия — Қытай" саммитінде Пекин аймақ елдеріне "халықтың әл-ауқатын арттыру үшін" 1,5 миллиард юань (шамамен 220 миллион доллар) көлемінде грант бөлетінін мәлімдеді.

Бірақ юаньның рөлін күшейтудің басты құралы — несиелеу. Қазақстанның ірі мемлекеттік компаниялары мен коммерциялық банктері юаньмен қарыз алып жатыр. Мысалы, "Самұрық-Қазына" қорының құрамына кіретін "Бәйтерек" холдингі өткен жылы Қытайдың сауда-өнеркәсіп банкінен юаньмен несие алды. Тамыз айында Forte Bank 750 миллион қытай юаніне синдикатталған қарыз рәсімдеп, мұны "ерекше мәміле" деп атады.

"Қазақстан іс жүзінде Қытаймен көбірек жұмыс істей бастады. Сондықтан бұл юаньға деген қажеттілікті арттырады деп ойлаймын, өйткені оның тек қаржыландыруда ғана емес, практикалық қолданыста да маңызы бар. Бұдан негізгі пайда көретін Қытай және "Бір белдеу — бір жол" сияқты бағдарламалар болмақ", — деді 2025 жылдың соңында Reuters агенттігіне берген сұхбатында Linklaters-тің капитал нарығы бойынша серіктесі Теренс Лау.

Гонконгтағы BNP Paribas Asset Management жаһандық нарық стратегі Чи Ло да соған ұқсас ой айтқан: "Қытай валюталық жүйелерді ауыстыру процесін даурықпа мәлімдемелер немесе долларға қарсы тұру арқылы емес, мыңдаған сатып алу және төлем шешімдері арқылы жүзеге асырып жатыр".

Айдар
XS
SM
MD
LG