Accessibility links

Медиа: Украинаның әуе дрондарынан ығыр болған Wildberries Қазақстаннан қоймалар қарап жатыр

Украина күштерінің дрон шабуылынан өртеніп жатқан Wildberries орталығы. Ресей, Рязань облысы, 29 шілде, 2026 жыл.
Украина күштерінің дрон шабуылынан өртеніп жатқан Wildberries орталығы. Ресей, Рязань облысы, 29 шілде, 2026 жыл.

29 шілдеге қараған түні украиналық әскери дрондар Ресейдің Рязань облысындағы мұнай өңдеу зауыты мен Wildberries қоймасына шабуыл жасады. Мұны ресейлік және украиналық мониторинг телеграм-арналары хабарлады.

Astra арнасының дерегінше, Рязань муниципалдық ауданына қарасты Тюшево ауылы аумағындағы өндірістік паркте орналасқан Wildberries сұрыптау кешені нысанаға алынған. Компания қоймадағы қызметкерлер қауіпсіздік талаптарына сай эвакуация жасағанын хабарлады. Тауар қоймаларына шабуылдан миллиардтаған рубль зиян келген деп бағаланып отыр.

Украина Рязаньдағы мұнай зауыты мен Wildberries қоймасына шабуылдады Украина Рязаньдағы мұнай зауыты мен Wildberries қоймасына шабуылдады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:06 0:00

18 шілдеден бері украиналық дрондар Ресейдегі Wildberries нысандарына күн құрғатпай шабуыл жасап жатыр. Украина қарулы күштері кейінгі аптада Ресей тылындағы басқа ешбір нысанға дәл осылай жиі соққы берген емес деп жазды "Агентство".

Қазірге дейін Мәскеу өңірінде, Тамбов, Ленинград пен Воронеж облыстарында, Краснодар және Ставрополь өлкелерінде, Санкт-Петербург, Симферополь мен Екатеринбургтегі логистика орталықтарына әуе шабуылдары жасалды.

Дрон шабуылынан ығыр болған ресейлік Wildberries сауда алаңдарына (маркетплейсіне) иелік ететін RWB тобы Қазақстан аумағынан қоймалар қарай бастағанын жылжымайтын нарық саласындағы төрт дереккөздің сөзіне сүйеніп ресейлік "Коммерсантъ" басылымы жазды.

Дереккөздердің бірі компания 100 мың шаршы метрге дейінгі көлемде алаңды жалға алу мүмкіндігін қарастырып жатыр дейді. Тағы бір дереккөздің айтуынша, компания Қазақстандағы саны шектеулі жалға берілетін қоймалардың бәрін алуға бейіл.

Басылым сөйлескен дереккөздер компанияға логистика құрылымының бір бөлігін Қазақстанда орналастыру тауарларын қауіп-қатерден сақтап қалуға мүмкіндік беретінін айтқан.

29 шілде күні Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі ресейлік Wildberries компаниясынан ел аумағында қосымша қоймалар орналастыру мәселесі жөнінде ресми өтініш түспегенін мәлімдеді. Егер ондай ұсыныс түссе, "ол Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін ескеріле отырып, заңнама талаптарына сәйкес қаралады" деді министрлік.

Министрлік халықаралық компаниялардың кез келген жобалары елдің ұлттық мүдделеріне сай, өзара тиімді негізде жүзеге асырылуы маңызды екенін айтқан. Ондай жобалар отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі тиіс деген сауда министрлігі.

RWB баспасөз қызметі өздері жұмыс істейтін елдердің бәрінде логистикалық нысандар желісін жоспарлы түрде дамытып жатқанын айтқан.

Қазақстанда қазір RWB екі ірі логистика кешенін – көлемі 100 мың шаршы метрден асатын нысанды Алматыда және 160 мың шаршы метр болатын тағы біреуін Астанада салып жатыр. Астанадағы нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Айдар
XS
SM
MD
LG