Accessibility links

Ресейлік шенеунік Мәскеу мен Астана маркетплейстерді біріктірмек дейді

Украин дрондарының шабуылынан өртеніп, бүлінген Wildberries компаниясының логистика орталығы. Электросталь, Мәскеу облысы, Ресей, 23 шілде, 2026 жыл.
Украин дрондарының шабуылынан өртеніп, бүлінген Wildberries компаниясының логистика орталығы. Электросталь, Мәскеу облысы, Ресей, 23 шілде, 2026 жыл.

Ресей мен Қазақстан сауда жасауға арналған онлайн-платформаларды біріктірмек. Бұл ақпаратты Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузиннің сөзіне сүйеніп ресейлік ТАСС агенттігі таратты. Ресейлік шенеунік мұны Ресей–Қазақстан үшінші медиафорумы кезінде агенттік тілшісіне берген сұхбатында айтқан.

Ресейлік дипломаттың сөзінше, бұл мәселе Ресей аумағындағы логистика инфрақұрылымдарына украин дрондары шабуылдамай тұрып-ақ талқыланған. Ресейлік компаниялардың Қазақстан аумағында қойма желісін дамыту жоспарына қатысты қойылған сұраққа Галузин осылай жауап берген.

Ресейлік вице-министр қазірдің өзінде қазақстандық жүздеген мың кәсіпкер өз өнімдерін Ozon және Wildberries платформалары арқылы сатып отыр дейді (Wildberries компаниясының мәліметінше, 2025 жылы оның онлайн-платформасында Қазақстаннан 120 мыңнан астам кәсіпкер тіркеуде болған).

Ресейлік Wildberries маркетплейсі Қазақстанның Алматы және Астана қалаларында жалпы аумағы 260 мың шаршы метрден асатын екі логистикалық орталық салып жатқанын Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 4 тамыз күні Астанада үкімет отырысынан кейін өткен брифингте мәлімдеді. Министр бұл жобалар бірнеше жыл бұрын жарияланғанын және Ресейдегі Wildberries қоймаларына жасалған дрон шабуылдарымен байланысты емес екенін айтты.

Шаққалиевтің сөзінше, Алматыдағы шамамен 160 мың шаршы метр аумақты қамтитын логистика орталығын 2027 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Астанада шамамен 100 мың шаршы метрлік қойма кешені салынып жатыр. Қазір Wildberries Қазақстанда 46 мың шаршы метрге жуық қойма алаңын жалға алып отыр деді министр.

18 шілдеден бері жалғасып келе жатқан Украина қарулы күштерінің дрон шабуылдары салдарынан Ресей өңірлерінде Wildberries компаниясының бірнеше логистика орталығы істен шығып, жұмысын тоқтатқан. Компанияның негізін қалаушы Татьяна Кимнің мәлімдеуінше, кемінде төрт ірі нысанның уақытша тоқтауы Ресейдегі ғана емес, көрші елдер мен басқа мемлекеттердегі серіктестердің жұмысына да кесірін тигізген.

Бұған дейін бірқатар БАҚ Ресейдегі ең ірі маркетплейс Қазақстан аумағынан қосымша қойма алаңдарын жалға алу немесе салу мүмкіндігін қарастырып жатыр деп хабарлаған. Алайда Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі ресейлік маркетплейстен ел аумағында қосымша қойма ашу жайлы ресми өтініш түспегенін мәлімдеген еді.

Қазақстан тарапы ресейлік дипломат айтқан маркетплейстерді біріктіру жөнінде бұған дейін ресми мәлімдеме жасаған емес.

Айдар
XS
SM
MD
LG