Accessibility links

ҰҚК Қазақстаннан заңсыз жанармай әкету бойынша 411 фактінің алдын алған

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) шекара қызметі тамыздың алғашқы он күні Қазақстаннан шетке заңсыз жанар-жағармай мен тауар әкетуге қатысты 511 фактінің алдын алдық деп мәлімдеді. Бұл тауарлардың жалпы құны 1 миллиард теңгеден асады дейді шекара қызметі.

ҰҚК мәліметінше Қазақстаннан шетке жанар-жағармайды заңсыз шығару бойынша 411 факт тіркелген, ал қалған 140 факт халық тұтынатын тауарлар әкетуге қатысты болған.

"Кінәлі адамдар Қазақстан заңына сай жауапқа тартылды" дейді шекара қызметі.

Украина Ресейдің мұнай зауыттарына шабуылынан соң Ресейде жанар-жағармай тапшылығы болған. Осыдан соң ресейліктер Қазақстанға келіп, жанар-жағармай сатып ала бастаған. Бұған қоса, Ресейдің бензиніне тәуелді Қырғызстанда да шілдеде бензин тапшылығы сезіле бастаған еді.

Осыдан соң Қазақстан энергетика министрлігі шетелден кіретін көліктерге шектеу қойған. Бұл шектеуге сай, шетелдік кез келген көлік Қазақстанға тәулігіне бір реттен артық кіріп-шыға алмайды.

Бұған қоса, Қазақстан ішкі істер министрлігі елден жанар-жағармайды заңсыз әкету әрекеттерін алдын алу үшін шекара бойына 59 пост қойып, көліктерде қосымша бак бар-жоғын тексере бастаған.

ҰҚК шілденің алғашқы үш аптасында Қазақстан аумағынан жанар-жағармай әкету бойынша 1300-ден аса заңсыз әрекеттің алдын алғанын хабарлаған еді.

XS
SM
MD
LG