Accessibility links

"Тәулігіне бір-ақ рет". Энергетика вице-министрі Қазақстанға шеттен көліктердің кіріп-шығуына шектеу қойылғанын айтты

Қазақстан аумағына сырттан келетін жеңіл және жүк көліктерінің кіріп-шығу тәртібін реттейтін ереже енгізілді. Оған сәйкес, шетелдік кез келген көлік тәулігіне бір реттен артық кіріп-шыға алмайды. Мұны 7 шілде күні Астанада өткен үкімет брифингінде Қазақстанның энергетика министрінің орынбасары Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.

– Энергетика министрлігі өз тарапынан мүдделі мемлекеттік органдарымен бірге, мейлі жүк көліктері болсын, жеңіл көліктер болсын, бәріне біздің мемлекет аумағына тәулігіне бір реттен артық кіріп-шығуға рұқсат бермейтін ережені қабылдадық. Бұл шаралар біздің жанар-жағармай құю станцияларындағы отын қоры балансын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр, – деді Тұтқышбаев.

Өткен жұмада үкімет отырысында Қазақстанның қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мемлекеттік шекара маңындағы өткізу бекеттерінде кейінгі екі күнде "қосымша бактар мен канистрлерде 3 тоннадан астам жанар-жағармай материалдарын әкетпек болған 61 әрекет тоқтатылды" деп мәлімдеген еді. Алайда Біржанов жанармай алып өтпек болған көлік нақты қай елмен шекарада ұсталғанын айтпады.

6 шілде күні Ресейдің Қазақстанмен шектесетін Омбы облысындағы жанармай өңдейтін ірі зауыт Украина қарулы күштері әуе шабуылынан кейін өртке оранған.

Сейсенбі күні энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Қазақстанға сырттан келіп, жанар-жағармайды бақылаусыз алып кететіндер көбейіп, елде жанармай тапшылығы пайда болуы мүмкін деген бейресми ақпаратқа қатысты сұраққа да жауап берді.

– Омбы мұнай өңдеу зауытында болған жағдайға байланысты келесіні айтқым келіп отыр: біріншіден бұл жағдай біздің мұнай өңдеу зауыттарына ешқандай әсерін тигізбейді, сонымен қатар, энергетика министрлігі ұлттық компаниялармен бірге қазір ішкі жанар-жағармай қорын қалыптастырдық, яғни бұл біздің халықты [отынмен] тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр, – деді вице-министр Тұтқышбаев.

Шенеунік қазақстандық мұнай өңдейтін зауыттар әдеттегі режимде жұмыс істеп жатқанын айтып, "қазіргі таңда бізде ішкі нарықта қандай да бір жанар-жағармай дефициті болады деген сөз шындыққа жанаспайды, тек ресми ақпаратқа жүгінуді сұраймын", деді.

Бұған дейін баспасөзде Ресей мен Қырғызстан өздеріндегі тапшылығына байланысты Қазақстаннан көмек сұраған деген ақпарат болған. Тұтқышбаев Қырғызстанның Қазақстаннан жанар-жағармай сұрағаны және қазақ жағы ол мәселені қарап жатқаны жайлы ақпаратты растады, бірақ оның көлемін нақтыламады.

Энергетика вице-министрі Ресейден Қазақстанға ресми өтініш болмағанын, ал Қырғызстаннан ресми өтініш түскенін айтты.

Айдар
XS
SM
MD
LG