Қазақстан энергетика министрлігінің баспасөз қызметі Ресей үкіметінен отын сатып алу жөнінде ресми өтініш әзірге түспегенін айтты. Өтініш болған жағдайда Қазақстан "өзара тиімді коммерциялық шарттар негізінде жанар-жағармай материалдарын жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын" деді министрлік.
"Қазақстанның ішкі нарығын толық әрі үздіксіз қамтамасыз ету – сөзсіз басымдық болып қала береді. Экспорттық жеткізілімдер азаматтар мен ел экономикасының қажетін қамтамасыз етуге қауіп төнбеген жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін", – деп жазылған 2 шілде күні министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Бұған дейін Reuters агенттігі саладағы төрт дереккөзге сүйеніп, Қазақстан шілде-тамыз айыларында Ресейге 50 мың тонна бензинді гуманитарлық көмек ретінде жеткізуге келісті деп жазған еді.
Қазақстанның энергетика министрлігі ақпарат агенттігіне Ресей үкіметінен жанармайды гуманитарлық көмек ретінде жеткізу туралы ресми сұраныс түспегенін айтқан.
Дегенмен министрлік Ресейдің "Татнефть" мұнай компаниясы жеткізетін нафтаны (тікелей айдалған бензинді) өңдейтін Батыс Қазақстан облысындағы "Конденсат" зауытынан жанармай жеткізілуі мүмкін екенін жоққа шығармаған.
"Конденсат" ЖШС өндіретін автокөлік бензинін жақын арада Ресейге жеткізу мүмкіндігі Қазақстанның ішкі нарығындағы мұнай өнімдерінің жеткіліктілігіне байланысты болмақ. Мұндай жеткізу жүзеге асатын болса, автокөлік бензині Ресейдің "Татнефть" компаниясы беретін шикізаттан өндіріледі", – делінген агенттікке берілген жауапта.
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, АИ-95 және АИ-92 маркалы бензиндер Батыс Қазақстан облысындағы "Конденсат" зауытынан және Павлодардағы мұнай өңдеу зауытынан жөнелтілуі тиіс.