Accessibility links

Ресейдегі жанармай тапшылығы Орталық Азияның энергетикалық тәуелділігін әшкере етті

Жанармай станциясындағы кезекке қарап тұрған ер адам. Ресей, 2026 жыл.
Жанармай станциясындағы кезекке қарап тұрған ер адам. Ресей, 2026 жыл.

Украинаның Ресейдегі мұнай кешендерін дронмен шабуылдауы Ресей жанармай жүйесін тығырыққа тіреді. Мәскеу мұнай өнімдерінің экспортын шектеп, салдарынан Ресей жанармайы мен тасымал жолдарына тәуелді елдер жапа шеге бастады. Мұның әсерін Орталық Азия елдері бірден байқады: бензин бағасы артып, авиация жанармайының тапшылығы сезілді.

Ресей энергетика жүйесіндегі дағдарысты бірінші болып қырғыз көлік жүргізушілері байқады.

Азаттықтың Қырғыз қызметі сөйлескен такси жүргізушісі Азат жанармайдың қымбаттауы күнделік табысын азайтып жатқанын айтты.

"Шыны керек, өте қиын болып барады. Табысымыз шақ келмей жатыр. Автогаз литрі 45 сомға жетті. Бұрын дәл осы жолға 1200 сом кетсе, қазір 1700 сом жұмсаймыз. Қалада кептеліс көп. Кейде шығынымызды да өтей алмай, қарызға батып жатырмыз".

Өткен айда Қырғызстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Данияр Амангелдиев журналистерге жаһандық геосаяси құбылмалылық жағдайында жанармай бағасының өсуіне жол бермеу мүмкін емес екенін айтқан.

"Бағаны күрт көтермей, әрбір екі апта сайын бір сомнан біртіндеп өсіруге мүмкіндік бар" деді Амангелдиев. "Егер әлемдік биржаларда баға төмендесе, Монополияны реттеу агенттігі жанармай импорттаушы компаниялармен бірлесіп, бағаны түсіруге тырысады".

Бішкектегі жанармай станцияларының бірі.
Бішкектегі жанармай станцияларының бірі.

Қырғыз шенеуніктері елде әзірге Ресейдің кейбір аймақтарындағыдай қатты тапшылық жоғын айтады. Қырғызстанның мұнай трейдерлері қауымдастығының басшысы Қанат Ешатов жанармай алдыруда тұрақтылық барын, ел резервтеріндегі қор жеткілікті екенін атап өтті.

"Жағдай тұрақты. Барлығы жеткізіліп жатыр. Бізде бір жарым айдан астам уақытқа жететін қор бар" деді Ешатов. "Мұнай өнімдерін өңдейтін зауыттар дрон шабуылдарына ұшырады, соның салдарынан кейбіреулері уақытша жұмыс істемей тұр".

Тәжікстанда тапшылық қаттырақ байқалды

Орталық Азия елдері ішінде Тәжікстан бұл мәселеде ең осал ел болуы мүмкін. Монополияға қарсы қызметтің мәліметінше, 2025 жылы елге импортталған мұнай өнімдерінің 84 пайызы Ресейден келген.

Қожанттағы такси жүргізушісі Әбдужаббор 25 маусым күні Азаттықтың Тәжік қызметіне дизель бағасы күрт артқанын айтты.

"Бұған дейін дизельдің литрі 9 сомони 60 дирам болатын. Қазір олар оны 13 сомони 50 дирамнан сатып жатыр" деді Әбдужаббор. "Әсері қатты байқалып жатыр, себебі табысымыз азайып қалды. Дизель бағасы неге өсті? Білмеймін. Жанар-жағармай бекетіндегілер дизель барлық жерде қымбаттағанын айтады, бірақ мұның себебі не екенін ешкім түсіндіріп жатқан жоқ".

Тәжік билігі жанармай бағасының қымбаттауы "сыртқы факторларға" байланысты деп бірнеше рет айтқанымен, Ресейді тікелей атаудан тартынып отыр. Тапшылықты елдің ішкі саясаты да ушықтырып отыр. Тәжік үкіметі импортталатын бензин мен дизельдің әр тоннасына 30 еуро көлемінде экологиялық алым енгізген. Бұл онсыз да тығырыққа тірелген нарыққа қосымша шығын болды.

Тапшылық Өзбекстанда да байқалды

Жанармай жеткізу жүйесінің бүлінуі Өзбекстанға да әсер етіп отыр. Авиация керосині тапшы болып, әуе рейстері шегеріліп жатыр. Uzbekistan Airways әуе компаниясы жуырда жанармай тапшылығына сілтеп, Ресей бағытындағы бірнеше рейсті тоқтатты.

Өзбекстандық экономист Отабек Бәкіров Өзбекстандағы қысымның артуын елдің Ресей энергетикасы импортына тәуелділігінің тереңдеуімен тікелей байланыстырды. Бәкіров өзінің Telegram-арнасында былай деп жазды:

"Ресейден келетін импортқа тәуелді болып, сол себепті бағаның шарықтауына тап болған Өзбекстан көршілес әрі бауырлас елдер арқылы бензин мен басқа да жанармай түрлерінің (пропан және дизель) балама және тұрақты көздерін табуға шұғыл түрде назар аударып, бұл мәселеде нақты іс-қимылға көшуі қажет".

Балама көздерді іздеу

Азаттық радиосының Қырғыз қызметіне берген сұхбатында қырғызстандық экономист Елдар Абакиров бұл дағдарыс жалғыз көзге тәуелді болудың қаншалық қауіпті екенін көрсетті дейді.

"Бензин бағасы жөніндегі мәселені шешу үшін үкімет бір елге тәуелді болып қалмай, тәуекелге баруы қажет" деді Абакиров. "Қазақстан, Әзербайжан және Иран сияқты елдермен келісім жасасу керек".

Тағы бір қырғыз экономисі Ерлан Қамалов ел үкіметтері ұзақ мерзімде дәстүрлі жанармайдан балама энергия көздеріне көшуді қарастыруға тиіс екенін айтады.

"Мұнай биржада саудаланатын тауар болғандықтан, оның бағасы саяси және геосаяси факторларға байланысты" дейді Қамалов. "Бұл — таусылатын, қайта қалпына келмейтін ресурс. Сондықтан оның бағасы жылдан-жылға өсе береді".

Қазақстандағы энергетикалық дилемма

Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдеріне қарағанда, Қазақстан әзірге жанармай тапшылығына ұшырап отырған жоқ. Ресейдегі жағдайға қарамастан, елдегі мұнай өңдеу зауыттары мен жанармай қорлары бекеттердің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отыр. Соған қарамастан, Қазақстан да ішкі нарықты қорғау үшін мұнай өнімдерін экспорттауға шектеу қойды.

Орталық Азияны мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған Ресей енді Қазақстан көмегіне зәру болып қалды.

Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Мәскеу Астанаға жүгініп, Ресейдегі тапшылықтың әсерін азайту үшін Қазақстаннан АИ-92 бензинін беруде сұраған.

25 маусым күні сенаттағы баспасөз мәслихатында ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин Ресеймен жанармай келісімі әлі талқы күйінде қалып отырғанын айтты.

"Нақты шешім жоқ қой әлі. Бұл – жай ғана ұсыныс. Нақты шешім болғанда, сізге жауап береміз" деді ол сұрақ қоюшы журналиске.

Ал сауда және интеграция вице-министрі Жәнел Күшікова үкімет ішкі нарықты қорғауға басымдық беріп отырғанын айтты.

"Жанармайдың басты жеткізушісі әрдайым Ресей Федерациясы болатын" деді Күшікова. "Мұның қисыны бар, себебі Ресей жақын орналасқан және оның белгілі бір ресурстық әлеуеті бар. Алайда біз қазіргі жағдайда үшінші елдерден, соның ішінде бірінші кезекте Қытайдан жанармай импортын ынталандыру үшін Еуразиялық экономикалық комиссия аясында кедендік алымдарды азайту бойынша шешім қабылдап жатырмыз".

Вице-министр үкіметтің негізгі мақсаты ішкі қажеттілікті өтеу екенін атап өтті.

Сенат депутаты, жоғары палатадағы экономикалық саясат комитетінің жетекшісі Сүйіндік Алдашев Азаттыққа айтқан сөзінде Ресейдің өтініші туралы естігенін, бірақ Қазақстан ең алдымен өз қажеттілігіне басымдық беретінін айтты.

"Оны мен де естідім. Беру туралы. Біз енді бірінші өзіміздің жағдайымызға қараймыз" деді ол. "Ешкім бізді міндеттемейді: анау елге бер, мынау елге бер деп. Әр мемлекет оны түсінеді. Ол тек қана бензинге байланысты емес. Дизель отыны, керосин. Білесіз, әуе керосинінің өзі қазір бізде дефицит. Сондықтан ешкім міндеттемейді. Біріншіден, біз оны талқылаған жоқпыз, екіншіден әзірге береміз-бермейміз деген жоспарымыз да жоқ".

Алайда 26 маусым күні парламентте энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресейден ресми өтініш түспегенін, ондай өтініш түссе, Астана оны қарастыратынын мәлім етті.

Қазақстан жанармай мәселесін шеше алғанымен Ресейге басқа жағынан әлі де тәуелді болып отыр. Елдің энергетика жүйесі Ресей инфрақұрылымына байланған. Оның ішінде газ өңдеу де, мұнай тасымалы да бар. Украинаның Новороссийскідегі портына шабуылдары және соның салдарынан мұнай тасымалының тежелуі сыртқы инфрақұрылымдарға тәуелді болудың қаупін көрсетті.

Қазақстандық энергетика сарапшысы Олжас Байділдинов Ресейдің Орынбор газ өңдеу зауытына да шабуыл жасалатын болса, ол Қазақстанға тікелей әсер етпек.

"Біздегі "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" жобасы шикі газды Орынбордағы "Газпромның зауытына жібереді" дейді Байділдинов. "Ол газ сол жерде өңделіп, Қазақстанға коммерциялық табиғи газ және сұйытылған газ күйінде оралады".

Орынбор газ өңдеу зауыты.
Орынбор газ өңдеу зауыты.

Байділдиновтің айтуынша, Қазақстан жыл сайын 30 млрд текше метр коммерциялық газ шығарса, соның 9 млрд текше метрі, яғни үштен бірге жуығы Орынбор зауыты арқылы өтеді.

"Осыған дейін Орынбор зауыты істен шыққанда ҚПО-дағы мұнай өндіру 30 пайызға төмендеген, бірақ Ресейдің қамтамасыз етуінің арқасында газ тапшылығы болған жоқ".

Бұл жолы Ресей көмекке келе алмауы ықтимал. Мәскеу өз еліндегі тапшылықпен күресіп, Қазақстаннан қор сұрап отыр. Осылайша, Астананың Ресей инфрақұрылымына тәуелді болуы қауіп көзі болып қала беру мүмкін. Сөйтіп, Қазақстан тағы бір ірі көршісі Қытайға жүгініп, бір тәуелділікті басқа тәуелділікпен алмастыруы ықтимал.

Айдар
XS
SM
MD
LG