Accessibility links

Мәскеуде украин дрондарының шабуылынан кейін жанармай күрт қымбаттады

Мәскеу аймағында жанармай күрт қымбаттады деп хабарлады "ОМТ-Консалт" деректеріне сүйенген "Коммерсант" басылымы. Бір аптада АИ-95 маркалы бензин Мәскеуде екі рубльге қымбаттап, бір литрі 75 рубльден асқан. Ал Мәскеу түбінде үш рубльге дейін өскен. АИ-92 және дизель отынына қатысты да жағдай осыған ұқсас.

Нарық қатысушыларының айтуынша, бұған бірінші кезекте украин дрондарының мұнай өңдеу зауыттарына тұрақты түрде соққы беруі себеп. Мамырда 16 мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасалып, осы саладағы ең ірі саналатын он кәсіпорынның сегізіне соққы жасалған.

16 маусымға қараған түні украин дрондары Капотнядағы Мәскеу мұнай өңдеу зауытының қондырғысын зақымдаған. Ол зауыт қуатының жартысынан астамын қамтамасыз еткен, ал екі күннен кейін кәсіпорынға тағы соққы жасалып, нысан жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Мәскеу мұнау өңдеу зауыты аймақта өңделетін мұнайдың шамамен 40 пайызын қамтамасыз етеді.

Жанармай тапшылығы тұсында Ресей және аннексияланған Қырымдағы кейбір жанармай станция желілері бензин мен дизельді сатуға шектеу қойған. Кейбір аймақтарда канистрмен жанармай сатуға тыйым салынған немесе көліктердің жанармай алуына шек белгіленген.

Федералдық монополияға қарсы қызмет бірқатар ірі жанармай станцияларынан жанармай бағасын күрт өсіру себебін түсіндіруді талап еткен. Сарапшылардың айтуынша, отын тапшылығы өзге аймақтарға жайылуы мүмкін, ал отын дағдарысы жылдың екінші бөлігінде инфляцияны жылдамдататын факторлардың біріне айналуы ықтимал.

Айдар
XS
SM
MD
LG