Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына Украина күштері жасаған әуе шабуылдарынан кейін 53 аймақта бензин тапшылығы сезіліп отыр, деп жазды The Bell. Мәселен, 12 маусым күні Нижнекамскідегі мұнай өңдеу зауытына жасалған украин дрондарының шабуылынан кейін "Татнефть" компаниясы бір қолға 20 литр бензин мен 40 литр дизель отынынан артық сатуға уақытша шектеу енгізген. Алайда 17 маусымда бұл шектеу жойылды деген ақпарат тараған.
Reuters агенттігі Ресей отын дағдарысына байланысты шетелден бензин сатып алуды жоспарлап отыр деп жазды. Агенттік дереккөздерінің мәліметіне қарағанда, жанар-жағармайды Азияның әлдебір елінен (атауы аталмайды) Ресейдің батысындағы портына жөнелтіу көзделіп отыр. Reuters дереккөздерінің айтуынша, былтыр Ресей теңіз жолымен шетелден отын әкелу мүмкіндігін қарастырған, бірақ өз ішінде жеткізілетін өнім жеткілікті болып шыққан.
Мәскеу сондай-ақ Беларусь пен Қазақстаннан отын тасымалдады, бірақ агенттік дереккөздері атап өткендей, егер күрделі отын дағдарысы бола қалған жағдайда бұл екі елдің Ресейді отынмен қамтамасыз етуге жететіндей қоры жоқ.
Мәскеуде әзірге отын тапшылығы байқалмайды. Бірақ украин дрондары Мәскеудің Капотня ауданындағы мұнай өңдеу зауытына бірнеше рет, кейінгі жолы 18 маусымға қараған түні шабуыл жасады. Мәскеу өңірінде мұнайдың 40 пайызға жуығы өсы кәсіпорында өңделеді.
Оның алдында, 16 маусымға қараған түні жасалған дрон шабуылдары салдарынан Капотнядағы мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғанын Reuters агенттігі Ресейдің энергия саласындағы екі дереккөзге сүйеніп жазған.
Сол жолғы дрон шабуылы зауыт қуатының 53 пайызын беріп тұрған негізгі мұнай өңдейтін құрылғыны зақымдаған.
"Бұрын-соңды мұндай болмаған"
Беларусь елінен жеткізілетін өнімдер Ресейдің отын тапшылығын жаба ала ма? Ресей Азиядан бензин сатып алу үшін қандай схема қолданады? "Настоящее Время" телехабарының тікелей эфирінде осы сұрақты экономикалық шолушы Андрей Маховскийге қойдық.
Маховский Мәскеуде жанармай тапшы болады деп есептемейді. "Өйткені Мәскеу бензинсіз қалмайды" дейді ол. Алайда, Маховскийдің сөзінше, тіпті Ресей астанасында да "жанармай құю бекеттерінде отын жетпей қалып жатса, жаңа шектеулер енгізілуі мүмкін".
Сарапшының сөзінше, Беларусь елінен келетін жанармай Ресейде белең алып келе жатқан отын тапшылығын өтей алмайды, себебі "Беларусьтегі бензин өндірісі Ресей тұтынатын бензин көлемінің 10 пайызына да жетпейді".
"Дизель отынының жағдайы бұдан да жаман – Ресейдің тұтынатыны Беларусьте өндірілетін бүкіл дизель отыны көлемінен 15 есе көп", – деді ол.
Андрей Маховскийдің пікірінше, Азиядан жаңадан жеткізілетін өнімнің Ресейдің отын тапшылығын жабуы екіталай: "Логистика мәселелері бар, қымбатқа түсетіні тағы бар, бұл еш үмітсіз шара сияқты".
"Шын мәнінде, қазіргі отын дағдарысы бүкіл соғыс барысындағы ең ауыр нәрседей көрінеді. Біз Украина қарулы күштерінің Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына осыншалық көп және жүйелі түрде шабуыл жасағанын бұған дейін көрген емеспіз. Мамыр айында 16 мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасалды-ау деймін, ал ең ірі он зауыттың сегізі зақымдалды. Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш", - дейді Маховский.
"Украин дрондарының орташа тиімділігі 10-15%"
Украина күштерінің Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасаған дрон шабуылдарының соншалықты жойқын болуы неліктен? Ресейдің әуе қорғанысы жаңа дрондармен күресуге неге қауқарсыз болып отыр? Настоящее Время бағдарламасы бұл сауалды Украина қауіпсіздік қызметінің (СБУ) бұрынғы офицері және Жоғарғы Раданың Ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс және барлау комитетінің кеңесшісі Иван Ступакқа тікелей эфир кезінде қойды. Ступак қазір "Украинаның болашақ институтының" (Ukrainian Institute for the Future) талдау орталығында жұмыс істейді.
"Алдыңғы шабуылдардан кейін Украина қарулы күштері, тіпті күні кеше ғана қабылданған күшейтілген шараларға қарамастан, "Мәскеу мен Мәскеу облысының әуе қорғанысы" деп аталатын "құлыптың" кілтін тапқан болуы мүмкін, - дейді Ступак. - Меніңше, олар Капотня аймағына көше шамы бағанасын жөндеуге жұмысшы салып көтеретін "бесігі" бар жүк көліктерін қойып тастады, ал оларда пулеметшілер отырды. Сірә, одан нәтиже болмаған сияқты".
"Менде бар ақпаратқа қарағанда, украин дрондарының орташа тиімділігі шамамен 10-15 пайыз деңгейінде (яғни ұшырылған дрондардың аймаққа байланысты нысанаға жететіні), – дейді украиналық сарапшы. – Бірақ дрон – радар экранында оңай байқауға болатын металл сынығы емес қой. Олар жеңіл материалдардан: ағаш, кейде пенопласт, кейде қандай да бір полимерден жасалады. Олар өте төмен ұшады және "Панцирь" радарларына бұл нысананы табу және анықтау өте қиынға соғады".
"Дронмен күресудің жалғыз тиімді жолы – жердегі жедел ұрыс топтары мен ірі калибрлі пулеметтер, – деді Ступак. – Бірақ Мәскеу үлкен қала және де ондай топтарды әрбір ықшамауданға я кварталға қою мүмкін емес. Сондықтан біз әр жолы әуе шабуылдары мен әуе шабуылынан қорғаныс жүйесінің "тесілген" тұсы көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз".