Accessibility links

"Энергетика державасы" болудан дәмелі Қазақстан неге көмірге иек артады?

Қарағанды мен Теміртау қалалары арасындағы жоғары вольтті электр бағандары. Көрнекі сурет
Қарағанды мен Теміртау қалалары арасындағы жоғары вольтті электр бағандары. Көрнекі сурет

Кейінгі жылдары Қазақстан көмір мен газға көп жүгіне бастады. Тозған инфрақұрылымды жаңартып, ұлғайып жатқан сұранысты қамтамасыз ету үшін жаңа станциялар салынып жатыр. Бірақ "энергетика державасы" атануға бұл жеткілікті ме? Оның әлемдік рейтингтегі орны қандай?

Смартфоннан бастап елдің қауіпсіздігіне дейін энергияға тәуелді. Қазақстанда энергия көзі көп, мұнай-газ бен көмірді былай қойғанда жел мен күннің, судың әлеуеті орасан зор. Бірақ жарық көп өшіп, станцияларда апат жиі болады. Энергия тапшылығы туралы бәрі айтады. Әлемдік рейтингтерде Қазақстанның орны жоғары емес. Неге? Осыған жауап іздеп көрейік.

Британиялық World Energy Council институты "Энергия үштағаны индексін" әзірледі. Зерттеушілер мен сала мамандары әлемнің 99 елін энергетикалық қауіпсіздік, энергияны теңдей тарата алу және экологиялық зиянды азайту сияқты өлшемдермен бағалаған.

Қазақстанның энергия өндіру саласындағы көрсеткіші орташа. 99 мемлекеттің ортасы – 51-орында тұр.

АҚШ, Германия сияқты энергетика державаларының тізім басында тұрғаны түсінікті. Энергия көздерін импорттайтын Австрия, Жапония сияқты елдер алға озған. Ресей, Түркия, Қытай олардан төмен. Қазақстан ортада. Үндістан, Африка елдері тіпті көш соңында. Бұл нені білдіреді? Энергия көзіне бай Қазақстан өз мүмкіндігін пайдалана алмай отыр деген сөз. Былтыр желтоқсанда энергетика саласы мамандарын марапаттаған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: "Біздің еліміз экспорт әлеуеті үлкен энергетика державасына айнала алады", – деген еді. Ал әлемдік рейтингтегі орны бұған ертерек екенін көрсетеді.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

Мұнай мен газ, уран мен көмірдің көптігігі – Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігінің күшті жағы. Осал жағы да аз емес дейді World Energy Council институты.

Энергетикалық қауіпсіздік – мемлекеттің энергияға деген қазіргі және болашақ сұранысты ойдағыдай қамтамасыз етуі, жүйедегі тұрақсыздықтарға төтеп беріп, жылдам бейімделуі, өндірістің үзілмеуі және оның қоршаған ортаға зиянының барынша аз болуы.

Басты мәселе – болашақта да өзін өзі энергиямен қамтамасыз ету. Қазір Қазақстанның өзі өндірген энергия өзіне жетеді десе болады. Дефицит көп емес. Бірақ энергия тапшылығы бар дегенді мамандар да, билік те жиі айтады. Президент Тоқаев энергия дефициті туралы әр жолдауында ескертеді, тіпті АЭС салу бастамасына да осы тапшылық негіз болды. Сонда мәселе неде?

ЕСКІРГЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Қазақстан тәуелсіздік алған кезде энергияны қажетінен артық өндіріп жатты. Оның тапшылығы 2010 жылдары байқалып, 2021 жылы шарықтау шегіне жетті. Бұған Қытайдан көшкен майнинг фермалары мен тозығы жеткен станциялардың істен шыға бастауы негіз болды.

Көп өтпей майнинг нарығы реттелді. 1960-80 жылдары салынған жылу электр станцияларын жаңартуға көбірек ден қоя бастады. Десе де, оған көп уақыт пен қаражат қажет екені белгілі болды. Үкімет ЖЭС-тердің ескісін қайта жөндеумен қатар, жаңасын салуға да тырысып жатыр. Оңтүстікте газбен энергия өндіретін, ал солтүстікте көмір отынына негізделген станциялар сала бастады.

Екібастұз неге жылусыз қалды? Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:32 0:00

2026 жылы жаңа жылу электр станцияларын іске қосу және ескілерін жаңғырту жоспарланған. Соның ішінде Алматыдағы екі станция газға көшіріледі.

– Бұл жерде тек газға көшу емес, қолданыстағы станциялардың жанынан қуаттылығы жоғарырақ екі жаңа станциялар салынып жатыр деуге болады: бұрын 300 МВт болса, енді қуаты 500 МВт-қа жетеді. Сонымен қатар, бүкіл Қазақстан бойынша, мәселен, Кентау және Атыраудағы жылу электр станцияларында жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұл модернизация жоспарлары жалпы алғанда 5,5 ГВт қосымша қуатты қамтиды. Энергетика министрлігі бұл шаралардың нәтижесінде станциялардың орташа тозу көрсеткішін тағы 3 пайызға төмендетуді көздеп отыр. Бұл тағы 8 станция "қызыл аймақтан" шығып, "сары аймаққа" өтуі тиіс екенін білдіреді, – дейді энергетика сарапшысы Марат Қалменов.

Сарапшы айтып отырған қызыл аймаққа әдетте апатқа ұшырау қаупі бар электр станциялары кіреді. Былтыр энергетика министрлігі елдегі станциялардың жартысы қызыл аймақта екенін айтқан. Өткен айда Семей, Теміртау, Петропавл, Ақтау, Павлодар, Степногорск, Орал, Қылыорда, Арқалық және Тараз қалаларындағы жылу электр станциялары күрделі жөндеуді қажет ететіні айтылған.

ЖАҢА СТАНЦИЯЛАРДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ

Қазақстанның солтүстігінде энергия, ал оңтүстігінде халық көп. Энергияның 75 пайызы солтүстіктегі станцияларда өндіріледі. Жалпы өндірістің 40 пайызы бір ғана Павлодар облысында шоғырланған. Ал оңтүстіктегі Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарында керісінше тұтыну көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Нақтырақ айтсақ, бұл облыстар өзіне қажет қуаттың небәрі 55 пайызын өндіреді.

Бұл сәйкессіздік кейінгі 30 жылда реттелмей келді. Қазақ үкіметі мұны реттеу үшін Қызылорда, Түркістан және Алматыда газға негізделген электр станцияларын салып жатыр.

Үкімет бұл мәселеге оптимизммен қарайды:

– Жыл соңына дейін біз 2,6 ГВатт дәстүрлі және жаңартылатын энергия қуаттылығы бар нысандарды іске қосамыз. Бұл келесі жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін жалпы Қазақстандағы энергетика тапшылығын толық жабатын болады. Бұған қоса, 2029 жылы республика бойынша электр энергиясының профицитіне әкеледі, – дейді Қазақстанның энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.

Одан бөлек, Балқаш маңына атом электр станциясын да салмақ. АЭС құрылысын Қазақстан Ресеймен бірігіп салуды жоспарлағаны белгілі. Ал оңтүстіктегі газ электр станцияларын ұлттық "Самұрық-Қазына" меншігіндегі компаниялар салып жатыр. Ресми дерекке сөйкес, 2,6 гигаватт сағат инфрақұрылым құрылысы биыл бітуге тиіс.

Бұған қоса, Қазақстан Ресеймен бірігіп, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмірмен жанатын жылу электр станцияларын салуды жоспарлаған. Бірақ Ресей тиімді қаржыландыру жолын ұсына алмай, оларды Сингапурмен бірігіп салу жоспары жақында белгілі болды.

Қазақстан-Сингапур консорциумы, ондағы тараптардың міндетемелері туралы ашық мәлімет жоқ. Тек Көкшетаудағы станцияға 356 миллиард теңге инвестиция салынатыны анық. Бірақ кім қанша қаражат құятыны, инвестицияны кейін қайтару үдерісі ашық айтылмады.

– Ондағы консорциум "Самұрық-Энерго" қол қойған келісімшартқа негізделген. Оған жобалаушы, жабдықты жеткізуші және құрылысты жүргізуші ретінде компания тағайындалған. Бұл — қазақстандық-сингапурлық консорциум. Ол бекітілген сомалар шеңберінде тиісті келісімшартқа ие болды және алдағы уақытта осы жұмыстарды атқарады, – дейді энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

Энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев Сингапурдан келетін қаражат Қазақстанның өз ақшасы болуы мүмкін деп топшылайды.

– Сингапур – кішкентай ел, онда ірі энергетикалық компания құру мүмкін емес. Сингапурдың бұл жерде пайда болуының себебі, онда біздің өте көп ақшамыздың сақталуында болуы әбден мүмкін. Бұл өзіміздің қазақстандық ақшалар шығар. Формалды түрде сингапурлық заңды тұлға ретінде көрінгенімен, іс жүзінде генерацияны өзіміз салып жатырмыз, – дейді Әсет Наурызбаев.

Қазақстан-Сингапур консорциумында Қазақстан тарапынан "Самұрық-Энерго" қатысады. Ол – тапсырыс беруші. Ал келісімшарт бойынша жобаны үйлестіріп, қажет технологиялық құрылғыларды Қытайдан жеткізіп, құрылысын істеу міндетін сингапурлық компания алып отыр. Азаттық "Самұрық-Энерго" баспасөз қызметіне "Консорциумдағы Сингапур тарапынан қатысатын заңды тұлға кім? Шартқа Сингапур үкіметі қатысты ма әлде бұл Сингапурдағы жеке компаниямен жасалған келісімшарт па?" деп сауал жолдады. Әзірге жауап келмеді.

"ТАЗА КӨМІР" ТЕХНОЛОГИЯСЫ

World Energy Council-дің әлемдік энергетика индексіндегі Қазақстанның ең осал тұсы – қоршаған ортаны қорғау жағы. Үш өлшемнің қалған екеуінде Қазақстан “B”, яғни "жақсы" деген баға алса, табиғатқа зиянсыз энергия өндіруден “D”, яғни "өте нашар" деп бағаланған. Сарапшылар әсіресе көмірге тәуелділікті "үлкен сын-қатер" деп атаған. Бірақ, бізде әзірге көмірге балама аз сияқты.

Жоғарыда аталған үш қаладағы және Екібастұздағы салынып жатқан жылу электр станцияларының негізгі отыны көмір болмақ. Кейінгі үкімет отырысында премьер-министр Қазақстанның балама энергия көздеріне өту уәдесін ескере отырып, "таза көмір" технологиясын қолданатынын айтты. "Самұрық-Энерго" басшысы "Таза көмір" технологиясымен жұмыс істейтін станцияда заманауи жүйелер қолданыладыд дейді.

– Атап айтқанда,эмиссиясы төмен оттықтар қазандық ішінде азот оксиді шығынын төмендетуге мүмкіндік береді. Яғни азот оксиді шығынын төмендетуге арналған SCR катализаторлар орнатылатын болады. Күлді ұстау үшін электростатикалық және сорғы фильтрлері болады. Сонымен бірге әрбір қазандық ішінде жеке күкірт тазарту реакторлары орнатылады, – дейді "Самұрық Энерго" басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов.

Елдегі негізгі энергия инфрақұрылымдарын салатын және басқаратын компания басшысы бұл жүйе экология талаптарына сай келеді дейді. Қазақстан 2016 жылы климаттың жылынуына қарсы Париж келісімін ратификациялап, 2060 жылға дейін көміртегінен толық арылуға уәде берген.

Ал энерегия өндіруде көмірді отын ретінде пайдалану бәрібір ауаны ластайтын ескі әдіс саналады. Дамыған елдер бұл секторға инвестиция салуды доғара бастады. Энергетика сарапшысы Марат Қалменов көмірге негізделген станциялар 2030 жылдан кейін салынбайды, ал оның қазіргі стандарты, тіпті ескі станцияларды модернизациялау үдерісі экология талаптарына сай дейді.

– Шетелдік серіктестеріміз бен халықаралық ұйымдар "Иә, Қазақстанның көміртегінен арылу жоспарын білеміз, бірақ көмір станцияларын салуды қашан тоқтататындарыңызды естімедік" деп жиі сұрайтын. Міне, бүгін оларға нақты жауап берілді: біз қазір қанша станция салуға дайын екенімізді айттық, бірақ "таза көмір" технологиялары қолданылады немесе зиянды қалдықтарды ұстап қалуды қамтамасыз етеміз деген ескерту жасадық. Әрине, көміртегін ұстап қалатын бұл жүйелер өте қымбат, дейді Марат Қалменов.

Париж келісіміне сәйкес, дамыған елдер балама энергия көздерін ұлғайтуға алдымен субсидия бөліп, дәстүрлі энергия өндіру әдістеріне бәсекелес бола алатын деңгейге жеткізуге тырысып келеді. Қазақстан климаттың жылынуымен күрестің 9 критерийінің әзірге төртеуін орындап отыр. Сарапшы Әсет Наурызбаев биліктің энергия өндіруге қатысты шешімдері балама әдістерге көшуді кешіктіретіні анық дейді.

– Жеріміздің жартысы – шөл және шөлейт аймақ, онда күн мен жел электр станцияларын салудан басқа ештеңе істей алмайсың. Соған қарамастан, үкімет неге екені белгісіз, ешкім өндірмейтін көмір генерациясына жабысып алды. Олар бұл құрылғыларды шығаратын өндірушілерді қайдан табады? Алдағы 30-40 жыл бойы бұл агрегаттарды техникалық қолдаумен кім қамтамасыз етеді? – деп сауал тастайды сарапшы.

"Барлығы электровозға көшкен кезде біз әлі де паровозды сақтап қалғымыз келеді" дейді Әсет Наурызбаев.

Үкімет елде көмір ресурсы жеткілік, бұдан әзірге бас тарту жөнсіз деп отыр. Оған қоса, көмірді отын ретінде пайдаланып, энергия өндіру кезінде ауаны ластайтын көміртегін тазартуға ден қойып жатқанын айтады.

– "Таза көмір" технологиясы дегеніміз, бұл – фильтлер, яғни сүзгілер. Жаңа жылу электр станцияларында осындай жаңа қондырғылар орнатылады. Бұл қоршаған ортаға көмірдің зиянын азайтуға мүмкіндік береді, – дейді энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы Тимур Әбдірешов.

ЭНЕРГЕТИКА НАРЫҒЫ

Қазақстанда әсіресе ауылдық жер тұрғындарының тапқан-таянғанның көбі жарық пен жылуға кетеді. Яғнии табысы аз отбасылардың энергияны сатып алу мүмкіндігі төмен.

Ал бұл мәселені шешу үшін бұл салаға нарықтық қатынастарды енгізуді бастау керек дейді сарапшы. Оның айтуынша, кейінгі екі жылда Қазақстан бұл реформалар бойынша "кері кеткен".

– ТМД елдерінің арасында Қазақстан осы реформаларды, яғни бағаны еркіне жіберуді алғашқылардың бірі болып жүргізіп, бәсеке мен нарықты жоспарлау тетіктерін қалыптастыра бастаған еді. Мұнда экономикаға негізделген мемлекеттік жоспарлауды және энергияның қашан және қанша мөлшерде қажет болатынын анықтайтын дәліздерді есепке алу қажет. Ал оны жүзеге асыру үшін нарықтық қатынастарды пайдалану керек, – дейді сарапшы Марат Қалменов.

Электр қуатының бағасы – тағы бір үлкен мәселе. Коммуналдық қызмет бағасы кейінгі екі жылда айтарлықтай өскені белгілі. Былтыр инфляция көрсеткішін азайту үшін үкімет тарифті өсіруге де мораторий жариялаған. Сарапшылар нарықта еркін баға саясаты болмағандықтан инвестиция тарту да, бағаны реттеу де қиын дейді.

Мемлекеттің көмекқаржысы бағаны ауыздықтай алмай отыр. Салаға жеке инвесторлардың келуіне де кедергі осы дейді World Energy Council сарапшылары. Мұны отандық мамандар да мойындайды.

– Әрине, бағаны төмендетуге бағытталған тендерлер емес, мемлекет пен энергетика министрлігі тарапынан "қолмен басқару" және түрлі манипуляциялар жүзеге асқанда, баға әрдайым өте жоғары болады. Мысалы, бізде жаңартылатын энергия көздері өндіретін бір киловатт-сағаттың нарықтық бағасы 2 центке дейін түскен, қазір ол шамамен 2,5 цент. Ал мемлекет тікелей қол қоятын келісімшарттар 5 центтен басталады, яғни нарықтық бағадан екі есе қымбат, – дейді сарапшы Әсет Наурызбаев.

Украина, одан соң Таяу Шығыстағы соғыс жаһандық энергетика нарығын шайқап жіберді. Энергетика индексінде көш басында тұрған елдер көбіне жел, күн, су энергиясы сияқты орны толатын энергия көздеріне толық не ішінара көшкен. Геосаяси тартыс ондағы ішкі ахуалға көп әсер ете қойған жоқ. Бұл оқиғалар Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздік стратегиясына да өзгеріс әкелуі мүмкін. Бірақ әзірге нақты шешімдер аз, рейтингтегі балы орташа, ал энергетикада мұнай-газ бен көмір үстемдік етіп тұр.

  • 16x9 Image

    Жолдас ӨРІСБАЙ

    Азаттық тілшісі, пропаганда және биліктің қоғамдық пікірді бақылауға талпынуына қатысты зерттеулер жасайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бакалавр дәрежесін алған. АҚШ-тағы Мичиган штаты университетінде журналистика бойынша магистратураны тәмамдаған. Мақалалары халықаралық Eurasianet, The Diplomat басылымдарында және АҚШ-тың Мичиган штатындағы жергілікті газеттерде жарық көрді.

    «Тәуелсіз журналист биліктің жасырғысы келгенін әшкере етеді. Бірақ шындықты іздеу миссиясы қоғамдық мүддеге сай болмаса, оның да астарына үңілу керек. Себебі журналист үшін қоғамдық мүдде бәрінен жоғары. Әйтпесе, жақсы қоғам құру мүмкін емес».

    Email: OrisbayevZ@rferl.org

XS
SM
MD
LG