Үш жыл күткен шешім
«Қазақстан Ресейді шеттетті», «Қазақстандағы ЖЭО-ларды Ресейдің орнына Сингапур салады», «Сингапур Қазақстанға ЖЭО салуға көмектеседі» — елдегі БАҚ-тардың тақырыптары осындай. Бұған 7 сәуірде үкіметте өткен отырыс пен баспасөз брифингі себеп болды. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов пен «Самұрық-Энерго» компаниясының басшысы Қайрат Мақсұтов көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО құрылысының жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді.
Өткен жылдар ішінде бұл жобалар ұзақ жолдан өтті: алдымен Ресеймен үкіметаралық келісім жасалды, кейін беймәлім бір консорциуммен уағда жасалды.
Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш ЖЭО құрылысы Ресейдің қатысуымен жүретіні 2023 жылы жарияланған. Тараптар меморандумға қол қойып, мердігер ретінде «Интер РАО» энергетика компаниясы аталды.
Сол кезде ЖЭО-лардың көмірмен жұмыс істейтіні белгілі болды. Сол тұстағы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, дәл осы себепті басқа инвесторларды тарту мүмкін болмаған.
«Халықаралық қаржы институттарының қаржыландыруға дайын болмауына себеп болып отырған жайт – оның көмірмен жұмыс істейтіні», — деген еді Сәтқалиев.
Ел ішіндегі реакция әртүрлі болды.
Бір жағынан, Қазақстанның энергия жүйесіне шұғыл көмек керек. Ресми мәліметтер бойынша, электр станцияларының басым бөлігі ең аз дегенде 60–70 пайызға тозған. Елдің солтүстігі мен шығысы — металлургия, өндіруші сала және ірі қалалар шоғырланған өнеркәсіп аймағы, бұл өңірге көп энергия керек. Оны тұтыну жылдан жылға артып, бұл аймақтарда әсіресе қыс мезгілінде энергия тапшылығы ұлғайып, апат болған кездер көп.
Жобаға қарсы шыққандар Украинадағы соғысқа байланысты Батыстың санкцияларына іліккен Ресейді тарту арқылы Қазақстан үлкен тәуекелге баратынын және оған экономикалық тұрғыда одан сайын тәуелді бола түсетінін айтты. Сондай-ақ, жаһанда климаттың өзгеруі, ЖЭО салынады деген өнеркәсіптік қалалардағы ауа сапасының онсыз да нашар болуы наразылық тудырды.
«Дәл Өскеменде көмір пайдаланатын орталық салуға болмайды. Кейінгі бірнеше жылда қаланың үстінен үнемі қара түтін төніп тұратын болған. Әсіресе қыста», — деген еді жергілікті эколог Роман Честных 2023 жылы Азаттыққа сұхбатында.
Бірақ көп ұзамай құрылыс тез арада басталады деп қауіптенудің қажеті жоқ екені түсінікті болды. Өткен жылдар ішінде жобалар алға жылжымады. Ресми деректер бойынша, тараптар қаржылық модельді келісе алмаған: «Интер РАО» қолайлы несиелеу шарттарын қамтамасыз ете алмады.
Бір жылдай бұрын Қазақстан Көкшетаудағы ЖЭО-ны «Самұрық-Энерго» ұлттық компаниясы арқылы өз бетінше салатынын хабарлады. Ресми бағалау бойынша, қуаты 240 МВт станция 350 млрд теңгеге түседі, ал іске қосу 2029 жылдың басына жоспарланған.
Бірақ Астана қалған екі станция бойынша Ресейді соңғы сәтке дейін тізімнен шығармаған сияқты.
«Ресейлік әріптестерімізден қаржыландыру бойынша ұсыныстар алсақ, "Самұрық-Энерго" оларды серіктес ретінде таңдауы мүмкін. Мұнда ешқандай кедергі болмайды», — деп мәлімдеген вице-премьер Роман Скляр 2025 жылғы шілдеде.
Бір кездері Ресей энергетика вице-министрі болған ресейлік экономист Владимир Милов журналист Вадим Борейконың «Гиперборей» Youtube-арнасына берген сұхбатында Қазақстан жеңілдетілген қаржыландыру идеясына «алданып», қиын жағдайда қалды деген пікір білдірді.
«Бұл сағым екені белгілі болды. Соғыс пен санкциялар қыспағында ғайып болды. Түсінгенім, бұл жоба [Қазақстандағы ЖЭО] — соның құрбандарының бірі. Бұл — Ресей қаржы министрлігі "Біз үшін бұл басымдық емес. Біздің басымдығымыз — соғыс, инфляция бойынша төлемдерді индекстеу, қалғанының бәрін қысқартамыз" деп кесіп тастаған сала», — деді Милов.
Өткені белгісіз серіктес
Семей мен Өскемендегі қалған екі станцияның ендігі тағдыры жаңа мердігерге байланысты.
Әрқайсысының қуаты шамамен 360 МВт, ал құны 400 млрд теңге болатын екі орталықты қазақстандық-сингапурлық консорциум салады. Мұнда Қазақстан атынан «Самұрық-Энерго» қатысады.
Энергетика вице-министрі Есімхановтың айтуынша, EPC-келісімшарттарға («дайын күйінде тапсыру» шарттарына) 2026 жылдың қаңтарында қол қойылған. «Самұрық-Энерго» басшысы Мақсұтов отырыста жұмыс барысы туралы жалпылама мәлімдеме жасаумен шектелді.
«2026 жылдың мамырында мердігер негізгі жабдықтарды дайындау үшін зауыттарға тапсырыс бере бастайды. Осы айда инженерлік-геологиялық және топографиялық зерттеу жүргізіліп, алаң мен инфрақұрылымды дайындау басталады. Негізгі жабдықтарды жеткізу 2027 жылдың 3-тоқсанынан басталады. Станцияларды пайдалануға беру 2029 жылдың 4-тоқсанына жоспарланған», — деді ол.
Энергетика вице-министрі Есімханов та жобаға қатысты негізгі жайттарды ашық айтпады. Жабдық жеткізушілер кім, қаржы көзі қандай, ол жағы анық емес.
«Меніңше, "Самұрық-Энерго" мамандары көшеден келген компанияны алмайды. Бұл — тәжірибесі мен технологияларға қолжетімділігі бар мердігерлер. Мұндай жобалар үшін жеке жауапкершілік бар», — деді ол.
Есімханов сингапурлық компанияны «шартты компания» деп атады.
«Қазақстандық, яғни шартты түрде сингапурлық компания тіркелген, бірақ онда технологиялардың бәрі заманауи, қытайлық болады, экологиялық талаптар бойынша бәрі сәйкес келеді», — деді вице-министр үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Жаңа серіктестердің «көшеден келді» ме, жоқ па,анықтап көрейік.
Консорциумның артында нақты кім тұрғаны әлі де белгісіз. Сингапур шетелде көмір генерациясын салуда ірі ойыншы ретінде танымал емес. Елдегі электр энергиясының 90 пайыздан астамы газдан өндіріледі. Оның үстіне, өткен жылдың күзінде Сингапурдың 2028 жылға қарай жалғыз көмір станциясын биомассаға — өсімдік немесе жануар шикізатынан алынатын отынға көшіруді жоспарлап отырғаны белгілі болған.
Осы әңгіме шыққанда қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушылары арасында «сингапурлық қабықтың» артында Қытайдың энергетикалық компаниялары тұруы мүмкін деген болжам тарай бастады. Бұған ресми дәлел жоқ. Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Энерго» журналистердің сауалдарына жауап бермеді.
Дегенмен, соңғы жылдары Қазақстанның энергетика жобаларында Ресейдің орнын қытайлық технологиялар жиі басып жатқаны шындық. Мәселен, наурыз айында Екібастұз ГРЭС-2-нің үшінші энергия блогы үшін ресейлік жеткізушілердің орнына қытайлық Harbin Electric International таңдалғаны хабарланды. Сондай-ақ, болашақ АЭС құрылысында негізгі серіктес ретінде Ресейден гөрі Қытайдың орны басым. Астана алғашқы атом станциясын салуды «Росатомға» сеніп тапсырғанымен, жоспарланған үш АЭС-тің қалған екеуін Қытай салмақ.
Қазақстандағы энергетика нысаны — Екібастұздағы ГРЭС-3 құрылысына Қазақстан-Қытай бірлестігі қатысып жатқанына тағы бір дәлел бар. Келісімшартты қытайлық GCL Holdings компаниясы мен кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі қазақстандық Integra Construction KZ консорциумы жасасты (бұрын көп таныла қоймаған бұл кәсіпкердің бизнесі соңғы уақытта қарқынды дамып келеді).
Ақшаны кім төлейді?
Қаржы жағы да қоғам назарынан тыс қалып отыр. Жаңа мердігер ЖЭО-ны қандай шарттармен салуға келісті, инвестор кім және салынған қаражаттың қайтарымы қалай қамтамасыз етіледі — бұл да нақтыланбаған.
Экономист Владимир Милов журналист Вадим Борейкоға берген сұхбатында бірінші кезекте жобаның өзін-өзі ақтау мәселесі туындайтынын атап өтті.
«Қазақстан әлденені өзі қаржыландырып, оған ақша іздегісі келсе, онда инвесторлар үшін өте нақты қаржылық база және өндірген электр энергиясы сатып алынатынына, ақша мен сұраныстың бар екеніне мықты кепілдік керек. Сұраныс болатынына кепілдік берілгенде ғана құрылыс жүреді», — деді ол сұхбатында.
Қазақстандық энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев та осындай пікірде. Ол жоба мемлекеттік институттар арқылы қаржыландырылуы мүмкін деп болжайды:
«Сірә, Ұлттық қор немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қаражатын пайдалана отырып, Қазақстанның даму банкінен қаржы тартылатын шығар», — дейді Наурызбаев.
Наурызбаев мердігерлер мен олармен жасалған мәміленің жай-жапсары туралы ақпарат жоқтығына таңғалмайды. Ақыр соңында шығынды тұтынушы көтереді дейді ол.
«Ашықтықтың жоқтығы — жалпы біздің экономиканың, әсіресе энергетика саласының негізгі сипаты. Бұл салада тұтынушылардың нарықтық емес мәмілелер үшін кімге артық ақша төлеп жатқанын түсінуіне мүдделі емес ірі ойыншылар әрекет етеді. Тұтынушылар артық ақша төлейді, бірақ нақты кімге төленетінін жариялауға ешкім мүдделі емес».