Ұлыбритания ресейлік "Росатомның" еншілес үш компаниясына санкция салды. Лондонның санкциясына Ресейдің шетелдерде АЭС салу бойынша келісімдері себеп болған. Осы тұста Қазақстанда "Росатом" салып жатқан АЭС құрылысы кешікпей ме деген сауал туды. Ұлыбритания үкіметі Ресей осы АЭС жобалары арқылы қосымша табыс көздерін ашып, шығындарының орнын толтырып жатыр деп күдіктенеді.
САНКЦИЯ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?
"Росатомның" санкция салынған үш еншілесінің бірі – Rosatom Energy Projects акционерлік қоғамы. Бұл компания – Алматы облысы Үлкен ауылында салынатын "Балқаш" АЭС жобасын ұйымдастыру және салу жұмысына жауапты мердігер. "Росатом" халықаралық жобаларды осы компания арқылы іске асырады.
Санкцияға іліккен екінші еншілес компания – REIN Engineering. Ол АЭС-тің жобасын және инженерлік қызметін жүргізеді. Ал үшіншісі – Rusatom Overseas де – "Росатомның" шетелдегі жобаларға жауапты еншілес компаниясы.
Қазақстандағы АЭС те оның шетелдік жобалары қатарына кіреді. Бұл санкция арқылы Лондон Ресейдің "Росатом" құрылымдарының қызметіне шектеу қойғысы келеді.
Британия сыртқы істер министрлігі "Росатомға" қарасты үш компания Ресей үкіметінің қызметін қолдап, оған пайда әкелетін іс-әрекеттер жасаған, стратегиялық маңызды салада, атап айтқанда, Ресейдің энергетика секторында бизнес жүргізген, Ресей үкіметімен байланысы бар ұйым ретінде қызмет атқарған" деп мәлімдеді.
Енді бұл компаниялардың Ұлыбританиядағы активтері, яғни банк шоттары, мүліктері бұғатталады. Оны ешкім қолдана алмайды. Оларға тиесілі кемелер Ұлыбритания порттарына кіргізілмейді, ұшақтары Британия әуе кеңістігінде ұша да, қона да алмайды, техникалық көмек көрсетуге тыйым салынады.
"Росатом" – Қазақстандағы "Балқаш" АЭС құрылысы бойынша халықаралық консорциумның жетекшісі. АЭС жобасы бойынша алғашқы жұмыс былтыр жазда басталған. Ал негізгі станцияның құрылысы 2029 жылы басталуы мүмкін.
Азаттық "Росатомға" қарасты әрі Қазақстанмен серіктес ресейлік компанияларға салынған санкция елдегі АЭС құрылысына қалай әсер етпек деп әуелі Энергетика министрлігіне хабарласты. Баспасөз қызметі бұл мәселе Атом энергиясы жөніндегі агенттік құзырында деп, соларға сілтеді. Ал агенттіктің баспасөз қызметі "Росатомнан" ресми мәлімдеме күтіп отырмыз, жауап келсе, жариялаймыз" деді. Ондай мәлімдеме осы мақала жарияланған сәтте әлі шыққан жоқ.
Бұған дейін "Росатом" корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев "Еуроодақ санкциясына дайынбыз, атом энергетикасы саласында білігіміз жетеді, біз ел ішінде де, шетелде де жұмыссыз қалмаймыз" деп жауап берген.
"Росатом" уран өндіруде Қазақстанның "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының да серіктесі. Ұлттық компания былтыр қарашадағы мәлімдемесінде "Росатомға" санкция қаупі төнген жағдайда "теріс салдарын азайту үшін жоспар жасап, жағдайды бақылап отырамыз" деген.
САНКЦИЯ САЯСИ СИГНАЛ МА, ӘЛДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ШЕКТЕУ МЕ?
Азаттық Лондонның "Росатомның" үш еншілесіне салған санкциясы Қазақстандағы АЭС құрылысына қалай әсер етуі мүмкін екенін қазақстандық энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаевпен талқылады.
Азаттық: Ұлыбританияның "Росатомның" еншілес құрылымдарына қарсы санкциялары – оның халықаралық қызметін шектеу ме, әлде әзірге саяси сигнал ғана ма?
Әсет Наурызбаев: Мұнда сұрақ көп. Біріншіден, бұл – Ұлыбритания. Ол тіпті Еуропа одағы да емес. Менің білуімше, қазір консорциум құрамында британдық компаниялар жоқ және шешім қабылдаушылар қатарында да емес. Оның үстіне, ол құрылымдар әлі толық қалыптаспаған. Сондықтан егер бұл тек "Росатоммен" ынтымақтасатын компанияларға салынған санкциялар болса, олар британдық компанияларға ғана қатысты болады.
Ал егер екінші деңгейлі санкциялар енгізілсе, яғни "Росатоммен", соның ішінде басқа елдердің компанияларымен жұмыс істейтіндерге де санкция салынса, онда бұл әсер етіп, мысалы, "Қазатомөнеркәсіп" "Росатоммен" өзара іс-қимыл жасаса, санкция тізіміне ілігуі мүмкін. Мұның бәрі санкция режиміне байланысты. Қазір әңгіме тек британ компанияларына "Росатоммен" жұмыс істеуге тыйым салу туралы болып отыр.
Қазірдің өзінде "Росатомға" белгілі шектеулерге байланысты Еуроодақтан серіктес табу өте қиын, оған қоса компаниялар өз корпоративтік стандарттарына сай "Росатоммен" ынтымақтастықтан бас тартып жатыр. Екінші үлкен мәселе – жобаны қаржыландыру. Қазір бұл Ресейге өте-мөте қиын. Сондықтан бұл жоба әу бастан-ақ ауыр болды.
Атом станциясы – күрделі жоба, ал оны саяси турбулентті аймақта тұрған серіктестің салуы сұрақ үстіне сұрақ тудырады. Меніңше, атом станциясын Қытайдың салуы әлдеқайда реалистік болып көрінеді. Оның үстіне, екеуі де бір алаңда. Ресей мен Қытай арасындағы белгілі бір бәсекеде, менің ойымша, соңғысы жеңіске жетпек.
Азаттық: Қазақстанмен АЭС жобасы бойынша жұмыс істеп жатқан компанияның санкцияға ілігуі елдегі атом жобасының жүзеге асуына қауіп төндіре ме?
Әсет Наурызбаев: Иә, әрине, ресейлік жоба жоғарыда аталған себептерге байланысты әу бастан-ақ жағдайы күрделі еді. Ал Қытай жобасы әлдеқайда жеңіл, өйткені оларда бәрі өз қолында: қаржысы бар, технологиясы бар, әрі географиялық тұрғыдан да Қытай бізге жақын.
Азаттық: Ресейлік атом құрылымдарымен ынтымақтастықты жалғастыру Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Бұл жағдай Қазақстандағы үш жылу электр орталығының құрылысы сияқты болып кетпей ме? Есіңізде болса, ресейлік "Интер РАО" үкіметаралық келісімге қол қойып, жеңілдетілген қаржыландыру жайлы уәде еткен, бірақ ол құрылысты бастамаған. Нәтижесінде екі жыл өткен соң Қазақстан үш жылу электр орталығын өзі салуға көшті.
Әсет Наурызбаев: АЭС-ті біз өзіміз сала алмаймыз. Ал Қытайдың қолынан келеді. Сондықтан үкіметтің дәл сол алаңды таңдағаны тегін емес. Меніңше, Қытай бұл бағытта жылдамырақ болмақ. Бірақ негізгі сұрақ: бұл қымбат электр энергиясын кім сатып алады? Осыған әлі күнге дейін жауап жоқ. Ал Қытай бар мәселесін шешіп қойған, оларға санкция салынбаған, технологиялық шектеулері жоқ. Себебі олар уранды өздері өңдей алады. Ресейлік жобаның жақын арада іске асуы мүмкін тағы бір қатері бар.
Қазір неге "Росатомға" толыққанды санкциялар жоқ? Өйткені "Росатом" байытылған уранның ең ірі жеткізушісі. Қазақстанның "Бізде өз уранымыз бар" деген сөзі шындыққа жанаспайды. Біз уранды байыта алмаймыз, сондықтан тек шикізат өндіріп отырғанымыз ештеңені шешпейді. Президенттің бізде уран көп, бірақ атом станциясын салмай отырмыз деп айтқаны да дұрыс емес.
Уран көп болғанымен, оны өңдеп, байытуды білмейміз. Бәлкім, үйрене алмаспыз да. Өйткені бұл салаға әлем елдері өте мұқият қарайды. Уранын байытып отырған Иранға қазір не болып жатқанын көріп отырсыздар ғой. Егер біз де уран байытуды қолға алсақ, біз де сондай жағдайға тап болуымыз мүмкін.
Қазір Ресей байытылған уран нарығында көшбасшы. Бірақ Батыс елдері байыту қуаттарын арттыруға күш салып жатыр. Олар арттырған кезде "Росатомға" толыққанды, соның ішінде екінші деңгейлі санкциялар да салуы мүмкін. Яғни, "Росатоммен" жұмыс істейтін компанияларға тыйым салынады. Ал бұл біз үшін, әлемдік нарыққа уран шикізатын ең ірі жеткізушілердің бірі ретінде, "Қазатомпромға" өте ауыр соққы болады. Сол себепті сол кезде "Қазатомөнеркәсіп" компаниясы "Росатоммен" ынтымақтастықтан дереу бас тартады.
Сонда бұл жобаны не үшін қолдау керек деген сұрақ туындайды. Бірақ оған біз жауап бермейміз. Бұл – саяси шешім. Шешім қабылданды, демек, ол орындалады. Өкінішке қарай, оған сіз бен біздің ақшамызды жұмсайды, біз оған кезінде қарсы тұра алмадық. Ақырында, бұл жоба, жүзеге аспауы да мүмкін. Бірақ қаражат бәрібір жұмсалады.
Азаттық: Бұл мәселеде Қазақстанның балама "Б жоспары" бар ма? Әлде таңдау мүмкіндігі жоқ па?
Әсет Наурызбаев: Қазір сол "Б жоспары" іске асып жатыр. Бұл – Қытайдың атом станциясы. "Б жоспары" деген сол. Жалпы, бізге атом станциясы не үшін керек екені де түсініксіз. Бірақ басшылықтың ойында атом станциясы керек, демек солай болады. Негізі бізге "А" да, "Б" де, "В" да қажет емес.