Accessibility links

"Ресейдің тағы бір қамыты". Өзбекстандағы АЭС тағдырын кім және қалай шешіп жатыр?


Ресей және Өзбекстан президенттері Владимир Путин мен Шавкат Мирзияев Өзбекстандағы алғашқы атом электр станциясы құрылысын салтанатты түрде бастап тұр. Ташкент, 19 қазан, 2018 жыл.
Ресей және Өзбекстан президенттері Владимир Путин мен Шавкат Мирзияев Өзбекстандағы алғашқы атом электр станциясы құрылысын салтанатты түрде бастап тұр. Ташкент, 19 қазан, 2018 жыл.

Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясы Өзбекстанның Жизақ облысында қуаты төмен атом электр станциясы құрылысына дайындық жұмысына кірісті. Өзбек билігі елдің энергетикалық болашағы үшін бұл жобаның маңызы зор деп отыр. Жоба қоғамда қызу талқыға түсіп, резонанс тудырғанымен, Ташкент бұл мәселені референдумға шығарудан бас тартты. Оның орнына қоғамдық тыңдаулар өтетін болды. Алғашқысы 23 желтоқсанға белгіленді.

Жизақ облысындағы Фариш ауданы таяу уақытқа дейін Өзбекстандағы танымал өңірлер қатарына жатпайтын. Ол елдің солтүстік-шығыс бөлігінде, Қазақстанмен шекарада орналасқан, ал аумағының едәуір бөлігін Айдар–Арнасай тұйық көлдер жүйесі алып жатыр.

Алайда қазір бұл өңір көптің назарында. Себебі Ташкент дәл осы жерде, Тұзқан көлінің жағасында, Өзбекстандағы алғашқы атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр.

Сол жерде, 23 желтоқсанда, жобаға арналған алғашқы қоғамдық тыңдау өтті. Бұл шара Ташкенттен шамамен 270 шақырым қашықтағы шағын Богдон кентінің мәдениет үйінде ұйымдастырылды.

Алғашқы тыңдау өтетіні туралы ресми хабар қараша айының аяғында жарияланды. Ал оның өтетін орны белгілі болғанда, АЭС құрылысына қарсы топтар бұл шешімге наразылық танытты.

Азаттық Азия редакциясы сөйлескен қоғам белсендісінің айтуынша, шалғайдағы Богдон кенті "АЭС салу мәселесі бойынша биліктен үнемі есеп талап етіп жүрген қоғам өкілдері мен БАҚ өкілдерінің қатысу ықтималдығын барынша азайту үшін" таңдалған.

– Тіпті біреулер Ташкенттен жолға шыққан күннің өзінде, Фаришке жету оңай емес. Жетіп үлгере ме? Жолда бөгет болмай ма? Өзім де мына суық пен қарда Фаришке баруға тәуекел ете аламын ба, білмеймін, – деді аты-жөнін көрсетпеуді сұраған қоғам белсендісі.

"Жол бойына әдеттегідей 50 шақты бекет қояды. Соның салдарынан қоғамдық тыңдауға билік шешімін қызу қолдап, қолпаштайтын жағымпаздар ғана қатысады" деп жазды YouTube-та пікір білдіргендердің бірі.

Айдаркөл жағасында тұрған сиыр
Айдаркөл жағасында тұрған сиыр

Халыққа атом станциясының құрылысы мәселесін ашық түрде талқылаудың басқа жолы берілмеді. Көршілес Қазақстан бұл мәселені жалпыұлттық референдумға шығарса, Өзбекстан референдум керек емес деп түйді.

"Конституциямызға сәйкес, бұл мәселе бойынша референдум өткізудің қажеті жоқ. Бірақ, әрине, жергілікті деңгейде қоғамдық тыңдаулар өткіземіз", – деді былтыр маусым айында "Өзатом" басшысының кеңесшісі Қасым Тоқтахунов.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, қоғамдық тыңдауға 300-ге тарта адам қатысқан. Жиында жергілікті халық және көрші аудан тұрғындары, шенеуніктер, ғылыми қауым және экологиялық ұйым өкілдері, сондай-ақ ядролық энергетика жөніндегі халықаралық сарапшылар болған. Қатысушылар арасында Жизақ облысының басшысы Ұлықбек Мустафоев пен "Өзатом" агенттігі директоры Әзім Ахмедқожаев та болған.

ЖОБА ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Богдонда тыңдауға дайындық жүріп жатқанда Жизақ облысындағы құрылыс алаңында жұмыс басталып та кетті. Онда алғашқы реакторға арналған қазаншұңқыр қазылады. Ресми мәліметке сәйкес, алғашқы бетонды құю 2026 жылдың наурызына жоспарланған, ал бірінші реакторды іске қосу 2029 жылға белгіленген.

Құрылыс бастау салтанаты қазан айында Душанбедегі "Орталық Азия – Ресей" саммиті аясында өтті. Шараға "Өзатом" директоры Әзім Ахмедқожаев пен "Росатом" бас директоры Алексей Лихачёв қатысты.

"Бұл ауқымды жоба еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, экологиялық таза электр энергиясын алуға мүмкіндік береді", – деді сол кезде Ахмедқожаев.

Ал Лихачёв: "Бізді ондаған жылдарға созылатын ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастық күтіп тұр", – деді.

Өзбекстанда атом электр станциясын салу мүмкіндігі 2017 жылдан бері талқыланып келеді. Бастапқы кезеңде ресми Ташкент АҚШ, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея компанияларының ұсыныстарын қарастырған. Алайда 2018 жылғы шілде айында Ресей тарабымен келісім жасалғанын мәлімдеді.

Шағым атом станциясының алғашқы реакторына арналған қазаншұңқырды әзірлеуді бастау салтанаты. Фариш ауданы, Өзбекстан, 9 қазан, 2025 жыл.
Шағым атом станциясының алғашқы реакторына арналған қазаншұңқырды әзірлеуді бастау салтанаты. Фариш ауданы, Өзбекстан, 9 қазан, 2025 жыл.

2019 жылы сол кезде "Өзатомды" басқарған Жорабек Мырзамахмұдов бұл таңдауды түсіндірерде экономикалық және технологиялық факторларды атады. Оның айтуынша, америкалық компаниялар шетелде АЭС салу кезінде ұзақ лицензиялау рәсімдеріне тап болады; қытай технологиялары ол кезде жеткілікті деңгейде "референтті" деп саналмаған; III+ буындағы француз реакторларының аяқталған жобалары болмаған; ал Оңтүстік Корея өз елінде және Біріккен Араб Әмірліктерінде атом станцияларын салуға басымдық берген.

"Өзатом" өкілдері сондай-ақ Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) кеңескенін және агенттіктің ресейлік технологиялардың халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай келетінін растағанын айтқан.

"Бұл – заманауи атом электр станцияларын салып жатқан компания ("Росатом"). Бұл – шамамен 34–36 реактор және бұл көрсеткіш үнемі өсіп келеді", – деген еді Мырзамахмұдов.

Бұл мәлімдеме жасалған кезде Ресей 2014 жылы Украинаның Қырым түбегін аннексиялағаннан кейін енгізілген Батыс санкцияларының салдарын сезіне бастаған болатын. Санкциялар "Росатомның" ядролық құрылыс жобаларына тікелей әсер етпегенімен, қаржыландыруға, технологияларға және сақтандыру тетіктеріне қол жеткізуді қиындатты.

2022 жылы Ресей Украинаға баса-көктеп кірген соң, Батыс елдері Мәскеуге қарсы санкцияларды одан әрі қатаңдатты. Соның салдарынан "Росатомның" бұрын келісілген кейбір жобалары қайта қаралды: мысалы, Финляндиядағы Hanhikivi-1 атом электр станциясын салу туралы келісімшарт бұзылды.

Шектеулер мен экспорт режимдері логистика мен жабдықтау жұмыстарын да күрделендірді. Түркиядағы "Аккую" АЭС жобасында жекелеген компоненттерді жеткізу кешігіп, тараптар балама шешімдер іздеуге мәжбүр болды. Биыл шілде айында құрылыс алаңындағы жұмысшылар жалақының уақытында төленбеуіне байланысты ереуілге шықты; ал "Росатом" кешігудің себебін "достық пейіл танытпайтын елдердің әрекеттерімен" байланыстырды.

Қысымға жауап ретінде ресейлік мемлекеттік корпорация мемлекеттік қаржыландыруға, экспорттық несиелерге және Таяу Шығыс, Африка мен Азия нарықтарына, соның ішінде Орталық Азияға бет бұруға басымдық берді.

РЕСМИ ЛОГИКА: ЭНЕРГИЯ, КЛИМАТ, ӨСІМ

Осы геосаяси жағдайда Ташкент Ресеймен келіссөздерді жалғастырды. Бастапқыда жоба аясында ірі атом электр станциясын салу көзделген еді. Алайда 2024 жылы тараптар алдымен қуаты төмен атом станциясынан бастауға келісті. Ол ресейлік атом мұзжарғыш кемелерінде қолданылатын технология негізінде жасалған РИТМ-200N реакторларымен жабдықталмақ.

2025 жылғы қыркүйекте Жизақ облысындағы жоба "интеграцияланған ядролық кластер" болатыны жарияланды. Оның құрамына мыналар кіреді:

• РИТМ-200N реакторларымен жабдықталған шағын АЭС (жобалық конфигурацияда әрқайсысы 55 МВт беретін екі реактор, жалпы қуаты 110 МВт);

• жалпы қуаты шамамен 2 ГВт болатын екі ВВЭР-1000 реакторынан тұратын ірі АЭС.

Осылайша, бір алаңда әртүрлі типтегі әрі ауқымы бөлек нысандарды орналастыру жоспарланып отыр. Теориялық тұрғыдан бұл Өзбекстан жобасын әлемдік тәжірибеде бірегей етеді.

Өзбекстан билігі АЭС салу қажеттігін бірнеше уәжбен түсіндіреді. Ел электр энергиясын өндіруде табиғи газға қатты тәуелді: электр энергиясы өндірісінде газдың үлесі 70-80 пайызға дейін жетеді. Ал газ өндіру көлемі азайып, ішкі тұтыну өсіп келеді. Бұл өз кезегінде энергиямен қамтуда үзілістерге әкеліп, қыс мезгілінде газды импорттауға мәжбүр етеді.

Осы логика аясында АЭС тұрақты электр энергиясын өндіретін негізгі көз ретінде қарастырылады. Ол газ секторына түсетін салмақты азайтып, өнеркәсіптің өсуін қолдауға және көмірқышқыл газы бөлінбейтін өндіріс арқылы климатқа байланысты міндеттемелерді орындауға мүмкіндік береді.

Қосымша дәйек ретінде Өзбекстанның өзінде уран қорлары бары айтылады. Қазіргі таңда бұл шикізат негізінен экспортқа шығарылып отыр.

ҚАРСЫ УӘЖ

Өзбекстандағы АЭС құрылысы – ірі инфрақұрылымдық жобалар арасында қоғамдық пікірталас тудырған санаулы жобалардың бірі. Талқы барысында атом энергетикасының қоршаған ортаға тигізер әсері жайлы алаңмен қатар елге тән нақты мәселелер де қозғалды.

Әлішер Илхамов
Әлішер Илхамов

– Өзбекстан өзіне тағы бір ресейлік қамыт кигізгісі келіп отыр. АЭС құрылысы жобаларының қымбаттығы мен қаупінен бөлек мұны тағы неден көруге болады? Келісімге сәйкес, Ресей "Росатом" салатын өзбек АЭС-терінің радиоактивті қалдықтарын алып кетуге міндеттеледі. Яғни, Мәскеу Өзбекстанға қысым жасау үшін қосымша тетікке ие болады, – дейді Ұлыбританияда орналасқан Central Asia Due Diligence зерттеу орталығының негізін қалаушы Әлішер Илхамов.

Сарапшы мұны пайдаланылған ядролық отынды Ресейге әкетіп, сол жерде қайта өңдеу жөніндегі келісімге байланысты айтып отыр.

– Мәскеу бұл тармақты қысым көрсету мен бопсалау құралы ретінде пайдаланбайтынына кім кепіл? Мысалы, Ташкенттің "адалдығы" Мәскеуге ұнамай қалса, ол түрлі сылтауды алға тартып, келісімнің осы тармағын орындаудан бас тартуы ықтимал. Украинаға қарсы ойдан шығарылған себептермен соғыс бастағанын ескерсек, Мәскеудің мұндай әрекетке баруы әбден мүмкін, – деді Илхамов пікірін нақтылап.

Жұртты жобаның қаржылық жағы да алаңдатады. Бұл мәселе бойынша халықта әлі күнге дейін нақты әрі толық ақпарат жоқ. Кейінгі болжамдар бойынша, қуаты шағын АЭС құрылысының құны шамамен 1 млрд доллар. Бұл қаржыны Өзбекстан мемлекеттік бюджеттен бөлмек.

"Бұл – толықтай өзбекстандық мемлекеттік жоба. Қаржыландыру көзі – біздің бюджет. Атом жобасы ұлттық жоба болуға тиіс", – деді қазан айында АЭС құрылысы дирекциясының басшысы Әбдіжәміл Қалмұратов.

Ал Жизақтағы ядролық кластер аясындағы екінші, ірі АЭС-тің қаржы өлшемдері әзірге анықталмаған. Бастапқыда Ресей тарапы құрылысқа несие беруге дайын екенін мәлімдеген еді.

"Нақты шарттар талқыланады", – деген журналистерге 2019 жылы үкімет аппараты басшысының бірінші орынбасары Сергей Приходько.

Кейін Өзбекстан билігі инвесторларды өзі іздейтінін хабарлады. Биыл наурызда "Өзатом" басшысы жобаны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен "аз көлемде" қаражат бөлінетінін айтты. Ал желтоқсанда Ташкент венгриялық банктердің қаржысын тарту мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы ақпарат шықты.

"Ең алдымен, бұл шешімнің экономикалық тұрғыдан қаншалық тиімді екенін анықтау қажет. Мысалы, АЭС құрылысына үкімет қанша қаржы бөледі? Ол өзге қаржы көздері, соның ішінде мемлекеттік қарыз есебінен қаржыландырыла ма? Ең бастысы, егер мемлекеттің өзі салатын болса, бұл Өзбекстан халқы үшін қаншаға түседі? Түркияда "Аккую" АЭС-і салына бастағанда, түріктер ресейліктер бұл нысанды қандай сомаға салып жатқанын нақты білді. Ресей нысанды толықтай өз есебінен салып, электр энергиясын 1 кВт/сағ үшін 12,5 цент шамасында сату туралы келісім жасады. Егер бізге де дәл сондай шарттар ұсынылса, келісуге тұрарлық па деген заңды сұрақ туады", – деп жазды ташкенттік экономист Бехзод Хошимов өз Telegram-арнасында.

Сын айтушылар жобаны басқару сапасына да ерекше назар аударады. Құрылыс жұмыстарына Өзбекстанның энергетика секторындағы ірі мердігерлердің бірі – Enter Engineering компаниясы тартылған. Бұл компания бұрын жалақыны кешіктіру мен еңбек дауларына байланысты жанжалдарға тап болған.

Компания өзбек кәсіпкері Бахтиёр Фазыловқа тиесілі, оны Кремльге жақын адам деп санайды. Ол – сондай-ақ миллиардтаған долларлық жүздеген жобаларға келісімшарт алған Eriell Group девелопер компанияның да иесі.

Бұл жобалардың басым бөлігі тау-кен және металлургия өнеркәсібі, мұнай секторы, туризм, өндірісті жаңғырту және ірі ғимараттарды пайдалану секілді стратегиялық маңызды салаларға тиесілі.

Фазыловтың Enter Engineering компаниясы Қашқадария облысындағы табиғи газды сұйық синтетикалық отынға айналдыратын Uzbekistan GTL зауытының мердігері болды. Оның құрылысы 2010 жылы басталып, 10 жылдан астам уақытқа созылды, ал зауыттың құны үнемі өсіп отырды. Нәтижесінде GTL жобасына мемлекет қазынасынан 4 млрд долларға жуық ақша жұмсалды.

Атом электр станциясы жобасын сынаушылар осы жағдай қайталануы мүмкін деп күдіктенеді.

"АЭС салу дегеніміз – ұзақ және бірнеше рет ұзартылған уақыт аралығында шексіз ақша игеру. Бенефициарлардың көздегені де осы", – деп жазды өзбек экономисі Отабек Бәкіров.

"Мәселе Өзбекстандағы мемлекеттік жүйенің әлі де аса жемқор болуымен ушыға түседі. Бұл технологиялық нормалардың бұзылуына, соның салдарынан дағдарысқа әкелуі мүмкін. Сондықтан толық ашықтық, есептілік және қоғаммен диалог болмаған жағдайда, Өзбекстанның ядролық авантюрасы елге табысты ұлттық дамудың мүмкіндіктерінен гөрі елді осал ететін қиындықтарға әкелуі ықтимал", – дейді сарапшы Илхамов.

XS
SM
MD
LG