Ресей ақпарат құралдары Мәскеу Қазақстан мұнайын халықаралық нарыққа экспорттайтын негізгі күретамыр – Каспий құбыр консорциумына (КҚК) санкция салуы мүмкін деп жазып жатыр. Ресей өз жері арқылы мұнай өткізуге тыйым салу арқылы Астанаға емес, елде мұнай өндіретін Батыс компанияларына соққы жасағысы келеді дейді пабликтер. Ал сарапшылардың айтуынша, мұндай шектеу енгізілсе, бұл Қазақстан экономикасына ауыр соққы болады.
"ДОС ЕМЕС ЕЛДЕРГЕ" ЖАУАП
Саяси ақпарат орталығының бас директоры Алексей Мухин өз Telegram-арнасында Ресей Каспий құбыр консорциумындағы үлесі бар америкалық компаниялардың "шүмегін жабуы" мүмкін екенін жазды. Мухиннің мәліметінше, КҚК-ға санкция салу жайы жуырда Ресей президенті Владимир Путин төрағалық еткен кеңестің жабық бөлімінде талқыланған.
"Бұл өте қисынды, өйткені консорциумға қатысушылар Батыстың Ресей компанияларына қарсы барлық санкцияларына қосылып, оларды бұлжытпай орындап отыр және қазіргі жағдайдан пайда көріп отырғандар да солар. Сондықтан мұндай жағдайда Ресей өзін осы санкция "дүрмегіне" қосылуды жөн деп санаған", — деп жазды Мухин өткен аптадағы постында.
Мухиннің айтуынша, КҚК арқылы мұнай транзитін тоқтату Chevron, ExxonMobil, Eni, Shell сияқты Батыс алпауыттарына соққы береді, өйткені олар Мәскеудің "досына жатпайтын" елдерде тіркелген.
Кейінірек "Россия" федералдық телеарнасының эфирінде Ұлттық энергетика қауіпсіздігі қорының директоры Константин Симонов та осыны айтты.
"Ресейде КҚК арқылы мұнай жеткізуге тыйым салу нұсқасы мезгіл-мезгіл талқыланады. Қазір бұл қисынды қадам болар еді. Неге екенін түсіндірейін. Өйткені бұл мұнай америкалық компаниялардың қатысуымен өндіріледі. Біз КҚК мәселесін санкцияларды тек уақытша тоқтату емес, түбірімен алып тастау талабымен байланыстыра аламыз, яғни Ресей мұнай компанияларына салынған санкцияларды толық алып тастау туралы айтып отырмыз. Оның үстіне бұл санкцияларды [АҚШ президенті Дональд] Трамп Анкориджден кейін (2025 жылғы тамыздағы Путинмен саммит – ред.) енгізген", — деді Константин Симонов.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ КЕЛІССӨЗДЕРІ
Мәскеудегі сарапшылар ықтимал шектеулерді талқылап жатқанда, ресми Астана америкалық серіктестермен байланысты нығайтуға тырысып жатқан сыңайлы. Хьюстон қаласында өткен CERAWeek жаһандық конференциясы аясында Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов АҚШ корпорациялары басшыларымен, оның ішінде КҚК акцияларының 15 пайызына иелік ететін және Қазақстандағы ірі кен орындарында мұнай өндіретін Chevron компаниясымен келіссөздер жүргізді. Кездесуде Теңіз бен Қашаған кен орындарындағы тұрақты жұмыс қана емес, сондай-ақ мұнай экспорттаудың балама бағыттарын іздеу мәселесі де талқыланды.
"Негізгі бағыттарды пайдаланумен қатар, Қазақстан экспорт бағыттарын әртараптандыруға барынша күш салып жатыр. Атап айтқанда, кездесуде Баку — Тбилиси — Жейхан жүйесін пайдалана отырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесі талқыланды. Қазақстанның энергетика министрі америкалық инвесторлармен бірлесіп, шикізатты халықаралық нарықтарға жеткізуде Каспий теңізінің көлік әлеуетін барынша тиімді пайдалануға дайын екенін білдірді", — делінген Қазақстан энергетика министрлігінің хабарламасында.
"ШҮМЕКТІ ЖАБУ ЕКІТАЛАЙ"
Алайда КҚК мен Транскаспий бағытының мүмкіндіктері салыстыруға келмейді. Өткен жылы Баку — Тбилиси — Жейхан құбыры Қазақстаннан 1,5 миллион тонна мұнай қабылдады, ал үкімет жоспарында жеткізілім көлемін жылына 20 миллион тоннаға дейін арттыру көзделген, бірақ мерзімдері әзірге нақты көрсетілмеген.
Каспий құбыр консорциумы
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) құбыр желісі Қазақстанның "Теңіз" кен орны мен Ресейдегі Новороссийск түбіндегі Қара теңіз терминалын жалғайды. Оның ұзындығы — 1,5 мың шақырым. Онымен мұнай айдау тез әрі оңай. "Теңіз" кенішіндегі құбырға айдалатын мұнай Құрманғазы, Исатай аудандарындағы станциялар арқылы Ресей аумағымен Новороссийск жанындағы Южная Озереевка кентіндегі теңіз терминалына жеткізіледі. Ары қарай танкерге тиеліп, теңіз порттары арқылы Еуропаға жөнелтіледі.
Каспий құбыр консорциумының 24 пайызына — Ресей, 19 пайызына Қазақстан иелік етеді. Қалған ірілі-ұсақ акциялар Батыстың бірнеше ірі мұнай өндіруші компаниясына тиесілі.
Қазақстан осы құбырға 21 жыл арқа сүйеп келді. Бірақ 2022 жылы Мәскеу Украинаға басып кірген соң жағдай өзгерді. Құбыр өтетін Қара теңіз соғыс аймағына айналды. Украинаның теңіз дрондары Новороссийск терминалына жақын жерге шабуыл жасап, қазақ мұнайының тасымалдануына қауіп төнді.
Қазақстан бюджеті мұнайға тәуелді. Қазынаға түсетін кірістің 55-65 пайызы мұнайдан келіп отыр. Қазақстан 2024 жылы өндірілген 87 млн тонна мұнайдың 63 млн тоннасын, яғни 80 пайызын Еуропаға осы – Каспий құбыр желісі арқылы тасымалдаған. Каспий құбыр консорциумының жұмысы бір айға тоқтаса, бюджет 250 миллиард теңге кірістен айырылады. Бұл 1200 орындық 78 мектеп салуға жұмсалатын сомамен парапар.
КҚК арқылы 2025 жылы Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан шамамен 63 миллион тонна мұнай айдалды. Жалпы, өткен жылы Қазақстан шамамен 80 миллион тонна мұнай экспорттаған. Яғни, шетелге сатылған "қара алтынның" 78 пайызы КҚК арқылы өткен.
Қазақстандық экономист Арман Бейсембаевтың пікірінше, Ресей КҚК құбырының "шүмегін жауып тастауы" екіталай, бірақ бұл нұсқаны жоққа шығаруға болмайды. Құбырға бірнеше елдің акционерлері иелік етеді. Жобадан америкалықтарды ығыстырып шығару нұсқасы да қисынсыз, өйткені онда КҚК "Солтүстік ағынның" кебін киюі мүмкін. (Ресейден Еуропаға газ жеткізетін "Солтүстік ағын" құбыры 2022 жылы су астындағы жарылыстан соң істен шыққан).
"АУЫРТПАЛЫҚ ХАЛЫҚҚА АРТЫЛАДЫ"
Түрлі спикерлердің үндеуі Кремльде қолдау тапса, бұл Қазақстан экономикасына ауыр соққы болуы мүмкін.
"КҚК-дан түсетін табыс тоқтаса, әрине, барлық ауыртпалық халыққа артылады. Жұрт өзінің әл-ауқаты осы құбырға тікелей байланысты екенін түсінбейді. Бізде кейбіреулер “мұнайға тәуелділіктен арылуымыз керек” дейді — ал оның құнын төлеуге дайынсыздар ма? Қазір осы құбыр бар болғандықтан ғана тек 10 пайыздық жеке табыс салығын төлеп жүрсіздер. Ол кәдімгідей қомақты табыс әкеліп отыр", — дейді Арман Бейсембаев.
Каспий құбыр консорциумы 2017 жылы ашылған.
Сонымен бірге, Бейсембаевтың пікірінше, бұл құбыр арқылы жасалатын экспорттан түсетін табыс тоқтаса, Қазақстан экономикасы бірден күйремейді. Елдің алтын-валюта резервтері кем дегенде жарты жылға жетеді.
Ресми Астана Каспий құбыр консорциумына санкция салу жөнінде Ресейде айтылып жатқан пікірлерге қатысты әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ. Сыртқы істер министрлігі үнсіз. Ал энергетика министрлігі ел экономикасы үшін бұл құбыр өте маңызды екенін, оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін ғана айтты.