Accessibility links

"Күніне 2 мың тонна қалдық өндіріледі". Қытай Қазақстанда қоқыс жағатын зауыттар салмақ

Қазір Қазақстандағы қоқыстардың бір бөлігі арнайы полигондарда өртеледі.
Қазір Қазақстандағы қоқыстардың бір бөлігі арнайы полигондарда өртеледі.

Қытайдың Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd компаниясы Алматы, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Павлодар және басқа да қалаларын қоқыстарды жағып, оны энергия қуатына айналдыратын зауыт салмақ. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен қытайлық компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даогомен кездесуде айтылды.

"Кездесу қорытындысы бойынша премьер-министр Экология және табиғи ресурстар министрлігіне және басқа да жауапты мемлекеттік органдарға компаниямен шұғыл түрде ынтымақтастықтың барлық аспектілерін зерделеуді және бір ай ішінде Қазақстанның бірқатар ірі қаласында қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі зауыттар салу туралы келісімге қол қоюға дайындауды тапсырды" дейді Үкіметтің баспасөз қызметі.

Ал Дай Даого жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға дайындық жүріп жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, қуаты тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қалдықтарды өңдейтін зауыт 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіре алады, көмір қышқыл (CO2) газының қалдықтарын жылына 200 мың тоннаға дейін қысқартады. Бұған қоса, жыл сайын қоқыс полигоны аумағының шамамен 800 мың текше метр көлемін босата алады. Құрылыс кезеңінде кемінде 700 жұмыс орнын және зауыттан іске қосылғаннан соң 120 тұрақты жұмыс орны құрылатыны айтылды.

Кейінгі кезде Қытай компанияларының Қазақстанға салған инвестициясы артып келеді. Шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Шанхайға сапарында Қытайдың жоғарғы технология компанияларын Қазақстандағы ірі цифровизация мен инфрақұрылымды дамыту жобаларына қатысуға шақырған. Бұған қоса, осы жұмыс сапарында құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылған.

Биыл мамырда Қытайдың Xinjiang Lihua компаниясы Түркістан облысында мақта-мата кластеріне 450 млн доллардан 600 млн долларға дейін инвестиция құйып, киім фабрикасын ашатыны хабарланған.

Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі әрі кредиторы. Ақорданың есебінше, Қазақстанда Қытай капиталы бар 8500 кәсіпорын жұмыс істейді. Пекиннің Қазақстан экономикасына инвестициясы 30 млрд доллардан асады. Екіжақты тауар айналымы 2025 жылы 49 млрд доллар болған.

XS
SM
MD
LG