Accessibility links

Қазақстанда латынға көшуге бөлінген ақша бюджетке қайтарылды

Латын қарпіне көшу туралы бастама көтерілгенде елде билбордтар, маңдайшалар, теңгедегі жазулар латын әліпбиімен жазыла бастаған.
Латын қарпіне көшу туралы бастама көтерілгенде елде билбордтар, маңдайшалар, теңгедегі жазулар латын әліпбиімен жазыла бастаған.

Қазақстанда латын әліпбиіне көшу үшін бөлінген қаражат бюджетке қайтарылды. Бұған қоса, мемлекеттік мекемелер, жекеменшік бизнес орындарына латын қарпімен жазылған маңдайшаларды, ақпараттарды, билбордтарды орнату уақытша тоқтады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді.

Министрлік ақшаның қайтарылуын жұмыс жоспарының өзгеруімен түсіндіреді. Ал "орынсыз шығындар мен әріптік қателерді алдын алу үшін көрнекі ақпараттарды латын қарпімен жазуға шектеу қойылған".

Ведомство латын қарпіне көшу жаңа әліпби мен емле ережелері бекітілген соң басталады дейді. Бұған қоса, әліпби жобасын Тіл білімі институты, "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және жоғары оқу орындарының ғалымдары пысықтап жатқаны айтылды.

ЛАТЫНҒА КӨШУ ИДЕЯСЫ ҚАШАН БАСТАЛҒАН ЕДІ?

2017 жылы елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін латынға көшіруді тапсырған. Кейін елде әліпбидің бірнеше нұсқасы жарияланған еді. Ол "іс қағаздары, мерзімді баспасөз, оқулықтар 2025 жылға қарай латын әліпбиі шыға бастауға тиіс" деген.

2018 жылы ақпанда Назарбаев ерекше дыбыстарды белгілеу үшін диакритикалық таңдалар қолдануды ұсынған үшінші нұсқаны бекіткен еді. Бірақ бұл нұсқа қоғамда сынға ұшыраған. Осыдан соң елде мемлекеттік мекемелер, түрлі бизнес орындары маңдайшаларын латын қарпімен жаза бастаған.

2022 жылғы маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне көшу жөніндегі тіл реформасын жүргізуге "асықпау қажет екенін" мәлімдеген. Осыдан кейін елде латын қарпіне көшу жайлы талқы баяулады.

Батыс ақпарат құралдары Қазақстанның латын әліпбиіне көшу жоспарын "орыс әлемінен аулақтану" деп атаған еді.


XS
SM
MD
LG