Украина президенті Владимир Зеленский соғысқа қарамастан сайлау өткізу туралы үндеу жайлы пікір білдірді. Оның сөзінше, сайлауды қазір өткізу "Украинаны қақ жаратын цунами" болар еді. Бұған дейін мұндай үндеуді даулы жағдайда қызметінен кеткен экс-қорғаныс министрі Михаил Федоров жасаған.
Зеленский мұны украин журналистерімен әңгімелесуде айтқан. Президенттің журналистермен кездесуінің мазмұнын Би-би-си мен "Суспильне" баяндады.
Сұхбат барысында Зеленский бір жыл бұрын Киевті сайлау өткізуге итермелегендер көп болған. Солардың бірі АҚШ әкімшілігі болғаны мәлім.
Зеленскийдің сөзінше, ол сайлау өткізуге шақырған әріптес елдерге науқанды өткізудің шарттарын ұсынған. Атап айтқанда, ол Украина серіктестерінен сайлауды майданға жақын аумақтарда және миллиондаған украин азаматтары жүрген шет елдерде ұйымдастыруға, дауыс беруге әскери қызметкерлердің қатысуын қамтамасыз етуге көмектесуді сұраған.
Президенттің айтуынша, Батыстағы ешбір ел сайлауды қауіпсіз өткізуге кепілдік беретін ұсыныс білдірмеген. Ресей де сайлау өтсе, ол үшін атысты тоқтатпайтынын мәлімдеген.
"Сайлауды қазір өткізу – Украинаны қақ жаратын цунами іспетті болар еді. Сол себепті мен қазір соғысты аяқтауға, еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін сақтап қалуға ден қойып отырмын" деді Зеленский.
Соғыс қимылдарының барысы туралы айта отырып, Зеленский биыл Ресей Украина аумағының шамамен 990 шаршы шақырымын басып алғанын, алайда Украина майданның басқа учаскелерінде 820 шаршы шақырым аумақты қайтарып алғанын айтты. Зеленский жыл соңына қарай бұл арақатынас 1:1 болады деп үміттенеді.
Украина президентінің айтуынша, Ресей жыл соңына дейін Донбастың бүкіл аумағын, ең алдымен Славянск пен Краматорскіні басып алуға деген ұмтылысын жалғастырып отыр. Алайда Украина бұған жол бермейді.
Зеленскийдің сөзіне қарағанда, Украина АҚШ-пен және Еуроодақпен келіссөздерде әлі де Донбасс аумағында буферлік аумақ құру мүмкіндігін талқылап жатыр. Мұндай жағдайда қос тарап та бұл аумақтан әскерін алып кетуі керек. Бұған дейін Ресей мұндай ұсынысты қабылдамайтынын мәлімдеген.
Украина басшысы Федоровпен болған дауға да түсініктеме берді. Ол қорғаныс министрі қызметінен босатылған Михаил Федоровқа 4 қызмет ұсынғанын, оның келіспегенін айтты.
Сондай-ақ Зеленский Федоровтың қорғаныс министрі кезінде Starlink бойынша қате ақпарат бергенін меңзеді. Оның сөзінше, Федоров америкалық кәсіпкер Илон Маск Starlink жүйесін Ресейге соққы жасау үшін пайдалануға рұқсат бергенін айтқан, алайда АҚШ президенті Дональд Трамп та, Илон Масктың өзі де мұны жоққа шығарған. Федоров әзірге бұл жөнінде мәлімдеме жасамады.
Зеленский өз айналасындағы бірқатар адамға тағылған жемқорлық айыптарына да пікір білдірді. Ол күдік пайда болған күні-ақ Ирина Мудраяны Президент кеңсесі басшысының орынбасары қызметінен босатқанын айтты. Сондай-ақ Зеленский өзіне қатысты ешқандай жемқорлық күдігі жоқ екенін және бұл оның өзі үшін "маңызды" екенін мәлімдеді.